Kundelik.kz толтырмаған мұғалім жұмыстан қуылды

17900

Kundelik.kz-ке қатысты негізсіз талаптар қазақстандықтарды қажытты.

Kundelik.kz толтырмаған мұғалім жұмыстан қуылды

Біраз мектепте сынып жетекшілері ата-аналарға Kundelik.kz-ке тұрақты кіріп тұру туралы өтініш-талап жолдап тұрады. Себебі әрбір оқушының ата-анасының кіргені электронды күнделікте көрініс табады. Ал педагогтердің айтуынша, олар өз сыныбынан қанша адамның қанша рет осы тұғырнамаға кіргені жөнінен есеп тапсыруға мәжбүрленген.

Компанияның талабы сондай болса керек. Бұрынғы жылдары zero.kz интернет-статистика сервисіндегі рейтингте Kundelik.kz үнемі №1 болатын. Осының арқасында рейтинг басындағылардың жарнамалық табысы да жақсы жүреді. Біреқ соңғы жылдары оны бәсекелестері қатты ығыстырды.

Жалпы электронды күнделік деген маусымдық өнім екені жасырын емес, себебі оқушылармен тікелей байланысты болғандықтан, шәкірттер де, ата-аналар да каникул кезінде күнделіктің бетін ашпайтыны мәлім. Алайда еліміздегі жүздеген мың педагогтердің кіруі арқасында Kundelik.kz жаз кезінде де алғашқы жиырмалыққа кіріп жүр.

Дегенмен оқу процесін жеңілдетуге тиіс осы өнім мұғалімдерді ығыр еткенге ұқсайды. Соның кесірінен жұмыстан шығып қалуы ықтимал.  

Белгілі құқықтанушы, "Адам құқықтарын қорғау" ұйымының директоры Ершат Искандаров мектеп директорының Kundelik.kz үшін мұғалімді жұмысынан қуып жібергеніне алаңдаушылық білдіріп, мәселе көтерді. Оған Алматы облысының Талғар ауданындағы Дәулет ауылы мектебінің математика пәнінің мұғалімі Жанат Ермекбайқызы шағымданыпты.

"Ол өз шағымында Дәулет ауылындағы №11 мектеп директоры өзін қызметінен заңсыз босатқанын жеткізді. Жанатты мектеп директоры 3 себеппен босатқан екен. Ал ол үш себеппен де мұғалім келіспейді. Дәлелдері салмақты. Біріншіден, "Қысқа мерзімді сабақ жоспары жоқ" деп берілген. Алайда ол мектеп директорына сабағына қатысқанын электрондық нұсқада көрсеткен. БҒМ-нің №472 бұйрығына сәйкес, қысқа мерзімді сабақ жоспарын қағаз жүзінде немесе электрондық нұсқада жүргізуге болады. Педагог оны тіпті директордың WhatsApp-ына да жіберген: "Ол кісі мені ватсапта қара тізімге салып қойғандықтан, ашпаған" дейді. Енді ең сорақысы сол, мектеп директоры былтырғы 20 қазанда оның сабағына өзі қатысады, ал ізінше оған қарсы 19 қазанға арнап, яғни артқы күнмен акт толтырады", – деді құқықтанушы.

Екіншіден, "Білім стандартын орындамағаны үшін" деп сөгіс жариялаған.

"Мектеп директоры Бақыт Социалқызы маған ескертпей, өзім сабақ беретін 11 "а" сыныбынан менің пәнім бойынша аралық бақылау жұмыстарын алды. Ол кезде 2-тоқсанның ортасы болғандықтан, оқушылар тоқсандық тақырыптарды әлі толық өтпеген болатын. Өтпеген тақырыптарды олар қайдан біледі? Сол аралық бақылау қорытындысы бойынша сынып төмен бағалар алды, деп маған сөгіс жариялаған. Ол бақылау жұмыстарын мен көрмедім, тексермедім. Сотта сұраттық, бермеді", – дейді педагог.

Үшіншіден, ұстаздың айтуынша, Kundelik.kz электрондық журналын 1 күн толтырмаған деп, соны себеп етіп, педагогті жұмыстан босатқан.

"Ауылдық елді мекенде тұратындықтан, бізде интернет желісі нашар. Өзім де ата-ана ретінде білемін. Интернет дұрыс істемегендіктен, кейде түнгі сағат 2-3-терде толтырамыз. Оның үстіне ол кезде елде қаңтар оқиғалары болып жатқандықтан, интернет бұғатталды. Сондықтан Kundelik.kz электрондық журналын толтыра алмағаным рас. Алайда мектеп директоры Бақыт Социалқызының өзі де 8 сағаты бар мұғалімдік қызметті қоса атқарады. Өзі сол аралықта 50% көрсеткіш қана көрсете алған. Онда неге өзіне өзі шара қолданбайды? Заң барлығымызға ортақ", – деп қапаланады ұстаз.

Оны жақтаған құқықтанушы Ершат Искандаров БҒМ басшысынан Жанат Ермекбайқызының мектеп мұғалімі қызметінде қайта қалпына келтіруге ықпал етуді сұрады.

Сарапшының байламынша, Kundelik.kz-ті толтырмаған педагогтердің бәрін қуа берсе, мектептердегі кадрлық тапшылық одан әрі ұшығады.

Оның үстіне бұл – ресейлік өнім. Цифрлық журналдар мен күнделіктердің бірыңғай жүйесінің оператор-компаниясы "Күнделік" ЖШС басшысы Мұхтар Ильясов ақпарат құралдарына сұхбатында Kundelik.kz-тің теңқұрылтайшысы әрі қожайыны – ресейлік "Дневник.ру" екенін растаған болатын.

Билік не дейді?

Бұл дауға қатысты жауабын Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өз блогында жариялады.

Оның мәліметінше, "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" заңына сәйкес Білім және ғылым министрлігі мен "Күнделік" ЖШС жасасқан 2018 жылғы 26 қаңтардағы №012250001/18-002 мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты аясында, оқу процесін автоматтандыру мақсатында "Kundelik.kz" ақпараттық жүйесі іске қосылды. Шарттың мәні Қазақстанның барлық өңірлерінде осы МЖӘ объектісін – "Күнделік" автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру, енгізу, жұмыс істеуін қамтамасыз ету болып табылады.

Қынжылтатыны сол, бұл ретте көптеген ауылда интернеттің жоқтығы, тіпті аудан-қалалардың өзінде оның жылдамдығы шабан екені ескерілмеді. Оған БҒМ бас ауыртпағанға ұқсайды.

"Жүйені пайдалану үшін Қазақстандағы білім беру ұйымдарының  интернет желісіне қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Жүйе үшін жоғары жылдамдықты интернет, яғни жылдамдығы 4-10 мбит/сек болуы қажет. Шарт шеңберінде Жүйедегі жұмыс белсенділігі көрсеткіштерінің мониторингін жүргізу айқындалған. Бірақ интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құзыретінде", – деді А.Аймағамбетов.

Ол е-күнделікте балалар, ата-аналар және мұғалімдер үшін сабаққа қатысу, бағалау, үй тапсырмасы, күнтізбелік жоспар сияқты негізгі функционалдар тегін екенін еске салды.

Атап өту керек, Асхат Аймағамбетовтың "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесін және олардың нысандарын бекіту туралы" 2020 жылғы 6 сәуірдегі №130 бұйрығымен ұстаздар толтыруы шарт құжаттардың тізімі бекітілді. Онда электронды күнделік жоқ. Әйткенмен, жоқ болса да міндетті көрінеді.

"Жалпы Kundelik.kz жүйесінің негізгі функциясы – мұғалімдердің оқу процесі туралы барлық ақпаратты толтыратын журналдарды жүргізу. Орта білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесінде 1-4 сыныптарға арналған cынып журналын, 5-12 сыныптарға арналған сынып журналы, факультативтік сабақтар, үйде оқыту журналы, мектепалды сыныптардың журналының нұсқасы бекітілген. Аталған бұйрыққа сәйкес құжаттарды педагогтер қағаз немесе электрондық форматында толтырады", – деді министр.

Бұл міндеттен тек ғаламторға қосыла алмаған ауылдар босатылады.

"Қолданыстағы "Білім туралы" заңының 43-бабына сәйкес, білім беру ұйымдары оқу-тәрбие процесін жүзеге асыруда дербес болады. Сондықтан интернетке қолжетімділік болмаған жағдайда, білім беру ұйымдары құжаттарды қағаз түрінде жүргізуге құқылы. Заңның 6-бабына сәйкес, орта білім беру ұйымдарының қызметін үйлестіру жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Сондықтан хатта көтерілген мәселелерді қарау үшін Алматы облысының білім басқармасына жолданды", – деп хабарлады Оқу-ағарту министрі.

Яғни электронды күнделікті толтыр деп бұйрықта нақты көрсетілмесе де, жанама түрде, емексітіп болса да, міндеттеуге жол ашылған. Демек журналды толтыру шарт. Ол журнал е-күнделікте.

Бірақ е-күнделік үшін мұғалім жұмыстан қуылсын деген заң жоқ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу