Құрбан айтта демалмаудың ауыр әсері де бар

4806

Әлем мұсылмандарының мерекесі – Құрбан айт мейрамында елімізде де мыңдаған ірі-қара, ұсақ мал пышаққа ілінеді.  

Құрбан айтта демалмаудың ауыр әсері де бар Фото: inbusiness.kz

Бұл күні барлық мал базарларында төрт түліктің бағасы шарықтап кететіні рас.

Елімізде 2020 жылдан бастап құрбандыққа он-лайн тапсырыс беру жүйесі енгізілгелі бері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мерекеде құрбанға шалынатын малдың санын ресми жариялай бастады.

Есте болу керек, бұл тек онлайн тапсырыс берушілерден түзілген ресми цифр ғана! Ал, өз бетімен мал шалатындардың саны қанша екеніне санақ жүргізу мүмкін емес.

Мәселен, ҚМДБ сайтында жарияланған былтырғы "Құрбан айт-2023" мерекесінде құрбандыққа шалынған мал саны еліміз бойынша 35 320 бас ресми тізімделген. Оның ішінде 29 663 бас қой, 2 425 ешкі, 3 196 сиыр, 36 бас түйе сойылып, 1 104 тонна ет 123 594 отбасыға таратылған.

Кейінгі жылдары Құрбан айт кезінде әлеуметтік желіде мал союға қарсы болатын кісілердің де қарасы көбейді. "Ысырап болады", "Мал басы кемиді", "Бұл біздің мейрам емес" деген секілді пікір мен жазба жариялап, айт мерекесі аяқталғанша дабыл қағумен болады.

Азаматтардың діни ұстанымдары мен көзқарастарына және өз діни мерекесін қалай атап өтетініне шәк келтіруге болмайды. Барлық діни амалдар жақсылыққа шақырып, қайырымдылықпен ұласқаны дұрыс. Алайда, мұндай мерекелік сәтті ақша табу көзіне пайдаланып қалғысы келетіндердің де бар екенін жасыра алмаймыз.

Айталық, былтыр Атырауда бір отбасы 200 келілік қошқарды 203 мың теңгеге алып, құрбандыққа шалған. Алматы қаласындағы мал базарда бір қошқар 1 500 АҚШ долларына сатылған. Әрине, ондай қымбат қошқарды екінің бірінің қалтасы көтермесі анық, естуімізше оны шетелдік фирма өкілдері қыруар валютаға сатып алған екен.

Берік, мал саудагері:

– Иә, Құрбан айт мейрамында мал бағасы шарықтап кететіні рас. Бағаны біз ғана көтермейміз, мал өткізушілер де мереке қарсаңында мал бағасын тым қымбатқа сұрайды. Егер өзіміз барып басқа өңірден әкелер болсақ, бәрібір одан да мал арзандамайды. Малды әкелген жол шығының бар, әр басқа төлейтін ветеринарлық тексеріс, базарға кіргізгенің үшін төлейтін салық, сату орнының ақысы, жем-шөп, су, тағы басқа толып жатқан шығындар бар. Өзге облыстан 20-25 мың теңгеге алған қозың Алматыға келгенше 45-50 мыңның үстіне бір-ақ шығады. Біздің де бала-шағамыз бар дегендей, осы мал саудасымен жан бағып отырмыз ғой...

Нұрзия, мал алушы:

– Құрбан айт басталмай жатып, малдың бағасы ұшып тұр. Көктемгі қозылар қазірдің өзінде 40-45 мың дейді. Ірі қой 70-75 мың теңгеден! Қазір өзің жеуге мал алудың өзі қауіпті боп кеткен. Саудагерлер малды химиялық дәрімен бордақылайды. Еті татымсыз, резеңке жегендей боласың.

Базарда мал саудалап тұрған саудагерлер Құрбан айт мейрамы кезінде тапқан табысын айтуға құлықсыз.

Шамалауымызша, саудагерлер бұл күні сауда жақсы қызған кезде әр малдан бірге-бір пайда көретін секілді. Есімін айтқысы келмеген саудагер жігіт ірі қойдың қымбаттауына байланысты бұл күні көктемгі қозылардың жақсы өтетінін, сол кезде жақсы пайда табатынын жеткізді.

Жылда Бас мүфти эфирге шығып, саудагерлерден Құрбан айт қарсаңында мал бағасын шектен тыс көтермеуін, құрбан мал құнының халыққа қол жетімді болуын өтініп жатады. Бірақ, дінбасыны тыңдап жатқан адам көрінбейді.

Биылғы Құрбан айт мейрамы жексенбі күнге сәйкес келгендіктен, бұрынғыдай демалыс берілмейтін болды. Яғни, 17 маусым – ресми жұмыс күні.

Бұл жөнінде ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан мұсылмандар діни басқармасымен келісе отырып, шешім шығарғаны жөнінде хабарлады. Осы ретте министрліктің бұндай шешіміне қоғамда айтарлықтай наразылық туындап жатқанын айта кеткен жөн.

Көптеген жеке кәсіп иелері мұсылмандардың мейрамына қатысты мерекелік шаралар ұйымдастырып қойғанын, ірілі-ұсақты сауда орталықтары да арнайы бағдарламалар әзірлеп жатқанын, демалыс берілмесе, шығынға қалатынын айтып, дабыл қағуда.

"Әдетте бұл күні барлық қазақстандықтар ешқандай діни наным-сенімге бөлінбестен, отбасымен мерекелік шараларға қатысып, шаңырағында дастархан жайып, бір-біріне қонаққа барушы еді. Құрбан айтқа бұрынғыдай демалыс бермеу – психологиялық тұрғыдан ғана емес, экономикалық тұрғыдан да кері әсерін тигізеді", – деп мәлімдейді қоғам белсенділері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу