Күршім ауданында жарты миллиард теңгеге салынған бассейнге әлі ешкім балтырын да батырмаған. 2021 жылы әкімдік лентасын қиғанымен, тұрғындар игілігін көріп отырған жоқ, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Бассейн "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында салынған. Алғашында ауыл тұрғындары қатты қуанғанымен,қуаныштары ұзаққа созылмапты.
– Күршімнің маңайындағы судың бәрі қауіпті. Жазда балалардың шомылуы үшін бірде-бір арнайы орын жасақталмаған. Қаншама адам суға кетіп жатыр. Былтыр балалар бассейнде суға жүзуді үйренеді ғой деп мәз болып жүргенбіз. Өкінішке қарай, суы жоқ бассейннің лентасын қиып, ашылу рәсімін салтанатты түрде дүркіретіп өткізді. Көзбояушылықты қашан қояр екенбіз?! Енді міне, сыбайлас жемқорлықтың құрметіне қойылған ескерткіштей бассейніміз қаңырап тұр, – дейді аудан тұрғыны Меруерт Еркінқызы.
Жабық бассейн ғимаратының құрылысын "СК-KazAlem" ЖШС құрылыс компаниясы жүргізген екен. Бұл үшін қазынадан 450 млн теңге қаржы бөлінген. Өкініштісі сол жылдың аяғында су жаңа спорт нысан қолданысқа жарамсыз болып шығыпты.
Тұрғындардың айтуынша, нысан ашылғанда ғана су толтырған. Одан қазіргі күнге дейін қаңырап тұр.
Жуықта облыс орталығында өткен баспасөз конференциясында жаңадан тағайындалған Күршім ауданының әкімі нысанды келер жылы қолданысқа беретіндігін айтты.
– Бассейн әлі қолданысқа берілген жоқ, оны барлығы біледі. Қазір қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Іс нысанға қатысы бар лауазымды тұлғалардың үстінен жүргізіліп жатқан шығар, оны нақты айта алмаймын, білмеймін де. Бізге соттың аяқталғанын күтуге де болар еді. Бірақ халық бассейннің іске қосылуын күтіп отыр. Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасымен, жұмыстарды бастап кеттік, – дейді аудан әкімі Алмат Алмат Ақышев.
Спорт нысанын жөндеу үшін тағы да қанша қаражат қажет екені әзірге белгісіз. Жақында арнайы мамандар келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізген көрінеді.
– Біраз мәселе бар, оны шешеміз. Осы жолы арнайы эксперттік ұйым келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қандай құрылғылар мен жұмыстар керек екенін көрсетті. Біз оны сметалық құжаттамаға түсіріп беру үшін келесі ұйымға жібердік. Одан кейін ғана нақты бағасы белгілі болып, шешімдер қабылданады, – дейді Алмат Талғатұлы.