Құрылыс саласын цифрландыру не береді?

3605

Былтыр ЖІӨ-дегі құрылыс саласының үлесі 5,8%-ды құраған. 

Құрылыс саласын цифрландыру не береді?

Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, бүгінде құрылыс нысанын салушылардың уақытын үнемдеу және жұмысты бақылаумен байланысты шығындарды төмендету үшін бірқатар процесті автоматтандыруға болады, деп жазады inbusiness.kz.

"Егер жергілікті тәжірибеге сүйенетін болсақ, көптеген компания өздерінің ішкі жүйелерін, есеп беру жүйелерін, IT әзірлемелерін жасай бастағанын көруге болады. Қауымдастықтың ең басты қағидаты – бұл саланы барынша цифрландыру. Бұл ақшаны үнемдеуге әкеледі. Адами ресурс өте шектеулі. Адамдар орындайтын барлық қайталанатын процесс цифрландырылуға көшу керек. Оның ішінде есеп жинау, аналитиканы дайындау және т.б. бар", – деді қауымдастық басшысы.

Осы тұста қауымдастық президентіне құрылыс компанияларында цифрландыруды енгізу тұрғын үй бағасына әсер етуі мүмкін бе, деген сұрақ қойылды.

"Қалай болғанда да, бұл өнімнің соңғы құнына әсер етеді. Құрылыс компаниясы IT бағдарламаларды қолдану арқылы  тұрғын үй кешенінде қандай да бір жақсартулар істей алады. Сол секілді "Е-Qurylys" жүйесін енгізу, оны бейімдеу мен осы нұсқаны аяқтау құрылыс объектісіндегі әр қадамды көруге мүмкіндік бермек", – деді ол.

20 қазанда Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы мен ресейлік MACRO IT-компаниясы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Виктор Микрюков келісімде қауымдастық тарапынан жұмыс сапасына бақылау жүргізу туралы тармақтың бары туралы атап өтті.

MACRO компаниясының IT нарықта жүргеніне 10 жыл. Оның Өзбекстан мен Араб Әмірліктерінде серіктестері бар.

"Іс жүзінде біз қазірдің өзінде қазақстандық компаниямыз. Біз заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуден өттік. Қазақстан нарығына пайдалы болғымыз келеді", – деді компанияның коммерциялық директоры Радик Нигматуллин.

Радик Нигматуллин құрылыс компанияларына арналған цифрлық шешімдерді әзірлеуші жүйеге қосылу құнын да атады. Оның айтуынша, базалық нұсқасы шамамен алғанда 30 мың рубльді құрайды. Орташа құрылыс салушылар үшін ай сайынғы абоненттік төлем 80 мың рубльдің айналасында екен.

Бұл саладағы цифрлық шешімдерге жұмыс кестесін бақылау, материалдардың уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету, қаржылық тәртіпті қамтамасыз ету, сату бөлімдерінің сараптамасын арттыру және т.б. кіреді.

"Ресейлік әріптестер ұсынған жүйеге келсек, бұл негізінен жұмыс істеуге болатын жақсы платформа. Оған ұқсас платформалар да бар", – деді құрылысшылар қауымдастығының басшысы Виктор Микрюков.

"Жетісу" құрылыс компаниясының директоры Құдайберген Дариновтың айтуынша, цифровизация басқарушылық шешімдердің дұрыс қабылдануына ықпал етпек. Ол әр IT жүйенің өзіндік ерекшелігі бар екенін, өкінішке қарай, елдегі құрылыс саласында қолданылатын бағдарламалардың құрастырушылары шетелдік компаниялар екенін айтты.

"Кез-келген жаңалық құрылыс компаниялары тарапынан қызығушылық туғызады. Бүгінде озық технологиялар бір орында тұрмайды. Қазіргі заманғы құрылыс компаниясы құрылыс нысанының мерзімін жеделдету мақсатында осы жүйелердің барлығын енгізуде. Егер қалыпты компанияларда құрылыс барысы 12-14 айға дейінгі уақытта алса, небары 20 күнде үйлерді салып бітіретін әлемдік компаниялар да бар. Айырмашылық жер мен көктей. Бұл мақсатқа жаңа технологиясыз келу мүмкін емес", – деді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу