Ұлттық спорттың бір түрі саналатын саятшылық өнеріне ел билігі ерекше емеурін танытпай отырғаны жалған емес.
Осы орайда, inbusiness.kz тілшісі "Республикалық "Құсбегі" Федерациясы қоғамдық бірлестігінің" вице-президенті Бағдат Мүптекеқызын әңгімеге тартып, саладағы бірқатар мәселеге қанық болған еді.
Бар өмірін еліміздегі Бүркітшілер мектебін ұйымдастыруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға арнаған маман құсбегілердің мәселесін ашық айтып, шешілу жолын да қарастырып көрді.
– Ұлттық спорттың бір түрі болса да, республикалық жарыстарға азғантай ғана қаржы бөлінеді. Сондайлық көмек, қолдау жоқ. Қыран құстарды пойызда тасымалдау – ең басты проблема. Бұл да әлі күнге шешілмей келеді. Азығы да шешілмеген, әр құсбегі өзі қамтамасыз етеді. Ұлттық спортты дамыту үшін, ұлттық құндылық, мәдени мұра ретінде жеке Заң, Ұлттық Бағдарлама керек, – дейді ол.
Қазақстанда бүркіт, қаршыға, сұңқар салатын 200-ге жуық құсбегі болса, тұрақты түрде жарыстарға қатысып жүргендер саны 100-ден асады екен. Ең көбі Алматы (70) мен Жетісу (20), облыстарында тұрады. Өкініштісі сол, құсбегілері жоқ өңірлер де бар. Мысалы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Орал, және Ақтөбе облыстарында құсбегілер жоқ.
Кейіпкерімізден "Құсбегілікті дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылуы тиіс?" деп сұрадық. Себебі, саланы бес саусағындай білетін Бағдат Мүптекеқызының жанашырлығы мен табанды еңбегі майшаммен қарарлық мәселені көтеруге толық жеткілікті.
– Қыранымыз көк Туда, Мемлекеттік рәмізде халықтың рухы, бет-бейнесі ретінде тұр. Бірақ, оның маңыз, мағынасы туралы мемлекет тарапынан ешқандай жұмыстар қолға алынған жоқ! Балабақша, мектептен бастап, Қыранның қасиеті, қоршаған орта, экология мәдениеті, патриоттық тәрбие берудегі Қыранның, жалпы құсбегіліктің қазақ тарихында алатын орны туралы арнайы пән енгізілу керек.
Облыстарда Ұлттық спорт мектептерінде "Саят", "Құсбегілік" бөлімдері бар, жастарды тәрбиелейтін. Алайда жоғары оқу орындарында (бұрындары 4-5 жыл Алматыда Туризм және спорт академиясында Ұлттық спорт кафедрасында "Саят" бөлімі болған. Соңғы жылдары кафедра жабылып қалды) спорт түрінен арнайы кафедра (Ұлттық спорт!) ашу керек. Сонда жаттықтырушылар мен төрешілерді оқыту да қолға алынуы тиіс, – деген ұсынысын да айта кетті "Қыран" Федерациясы қоғамдық қорының атқарушы директоры.
Әңгіме барысында "Бүркітші қыз" атымен танылған Айшолпан да сөз болды. Бұған дейін оның Қазақстанға қоныс аударғанын жазған едік.
"Айшолпан Өскеменге көшіп келді, бірақ бүркіті жоқ. Былтыр оқуын Алматыдан бітірді. Биыл балапан алып, құсбегілікпен айналысамын деп отыр" деп қысқа қайырды Б.Мүптекеқызы.
Қазақстандағы құсбегілікпен айналысатындардың дені шетелден келген қандастарымыз екені рас. Сонау 1960 жылдан бастап алғаш Қытайдан, кейіндері Монғолия мен Қытайдан келгендер ұлттық спортымызға нәр беріп отыр. Ал елдің спорт саласындағы басшылары әлі күнге дейін саятшылық пен құсбегілік спортына қомақты қаржы құюға қауқарсыз.
Ұлттық спорт жанашыры біраз жыл бұрын құсбегіліктің арнайы Ережесін жасап шыққан, мұны көпшілік жақсы біледі. Ал соңғы жылдары оны дамыту турасында арнайы Бағдарламасын жасап, ұсынып жүр.
– Әлем түгілі, өзімізде дамымай жатыр. Осыдан 4 жыл бұрын 3-5 күндік Бағдарламасын жасап, мағынасын түсіндіріп, фото-видео, жазбалармен ЮНЕСКО-ның "Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау" тізіміне "Салбурын – қазақтың аңшылық мерекесі" ретінде ұсынған болатынбыз. "Жақсы екен, керемет!" деген еді, әлі күнге қозғалмаған. Өткенде жалпы ЮНЕСКО-ның жұмыстары жөнінде ҚР Мәдениет министрі Алматыда жиын өткізгенде, бұл мәселені тағы көтеріп, қолымдағы Бағдарламаны төртінші министрдің қолына ұстатқанмын!
Міне, бүгін ғана хабар келді, "Комиссия құрылып, бұл тақырыпты зерттеп, келесі жылы қорғауға жіберу керек" деген жоғары жақтан нұсқау түсіпті. Көрелік! – деді сәл сенімсіздікпен Бағдат Мүптекеқызы.
Негізінен құс асырауда қиындықтың өте көп екені белгілі. Оны жер-жердегі жарыстарға тасымалдау мен азықтандыруда құсбегілер кедергіге жиі тап болады. Құстар тек таза әрі жылы ет қана жейді. Ұлттық спорттың бір түрі саналатын саятшылық өнерін қаржыландыру да оң шешімін таппай жүр.
– Үлкен атам Бекмырза 200-дей құсы ұстаған адам болған. Әкемнің ағасы Тоқтасынның 1961 жылы Қытай шекарасынан елге қарай өтерде "Сарыбауыр" деген бүркіті болды. Сонда ол "Егер менің құсымды бірге өткізбесеңдер, мен Сәбет мемлекетіне бармаймын" деп отырып алыпты. Тоқтасын атамыздың құжатына екі жүздей атам тіркеліп келе жатқандықтан, шекарашылар амал жоқ, құсымен бірге өткізген екен. Ол кезде мен небәрі 5 жаста едім, – деп сөзін қорытындылады ол.