Күштік құрылымдардың халық пен мүлікті қорғау жауапкершілігі күшейтілмек

1973

Құқық қорғау және арнаулы органдар басшыларынан енді тәртіпсіздіктер және ТЖ кезеңінде батылдық таныту талап етіледі. Оларға дербес шешім қабылдауға да мүмкіндік беру ұсынылып отыр. 

Күштік құрылымдардың халық пен мүлікті қорғау жауапкершілігі күшейтілмек

Ұлттық экономика министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұжырымдамасын жариялады.

Бұл заң "қаралы қаңтар" оқиғаларының қайталануына тосқауыл қою мақсатында қабылданбақ. Себебі Президент "тәуелсіздік тарихындағы алғашқы ең күрделі және қатерлі сынақтың" себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беріп, мұндай жағдайға ешқашан жол бермеудің қамын жасауды тапсырған болатын.

"Төтенше жағдайларда және жедел шешімдер қабылдау қажет болған кезде күштік құрылымдардың дербес шешім қабылдауында проблемалар туындайды. Бұл – мәселелерді қысқа мерзімде шешуді қиындатады. Қаңтар оқиғалары көрсеткендей, аумақтық күштік құрылымдардың басшылары жаппай тәртіпсіздіктер жағдайында өз бетінше шешім қабылдай алмады, заңнамалық деңгейде оларға толық көлемде дербестік берілмеген. Осыған байланысты күштік құрылымдардың шешім қабылдаудағы дербестігін қамтамасыз ету, олардың басшыларының жауапкершілігін арттыру қажеттілігі туындап отыр", – деп түсініктеме берді министрлік.

Бас прокуратураның және Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, "қасіретті қаңтар" кезінде Алматы қаласының, Алматы және Қызылорда облыстарының ҰҚК департаменттерінің лауазымды тұлғалары әрекетсіздік танытты.

"Біз қарастырып жатқан нұсқаға сәйкес, күштік құрылымдардың кейбір басшылары құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жауап беретін арнайы бөлімшелердің іс-қимылдарын қасақана бұғаттаған", – дейді арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров.

Бұдан бөлек, Алматы және Жамбыл облыстарында полицейлер полиция департаменттерінің ғимараттарын оқ-дәрі және қару-жарақпен бірге тастап кеткен. Бүлікшілердің қолына орасан зор – 1,5 мың бірліктен астам арсенал тиді. Бұған қоса, радикалды топтар аңшылық дүкендерден де қаруларды ұрлап кетті. Бүгінде солардың небары 967 бірлігі ғана табылған. Күштік құрылымдардың не себепті әрекетсіз қалғанына қатысты арнайы прокурорлар сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Жағдайды тұрақтандыру үшін басшылардың дербес жауапкершілігі енгізілмек

Сарапшылар 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін халықты тыныштандыру үшін билік ұлттық заңнамаға түрлі өзгеріс енгізіп, құқық қорғау органдарының іс-қимылын шектегеніне назар аудартуда. Нәтижесінде, Алматыда бейбіт наразылық шаралары радикалды топтардың лаңкестік шабуылына ұласқанда оларға қарсы қарусыз шыққан тәртіп сақшылары тегеурін таныта алмады.

"Күштік құрылымдардың дағдарыс жағдайларында, жаппай тәртіпсіздіктерде тиісті дербестігінің болмауы кесірінен азаматтардың, органдар қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қатер төндірген шабуылдардың, ғимараттарды басып алудың, азаматтар мен ұйымдардың мүлкін жоюдың жолын жедел кесу мүмкін болмады. Бұл орны толмас зардаптарға соқтырды, адамдар қаза тапты, күштік құрылымдардың өкілдері көз жұмды. Халық пен мемлекеттің мүлкі тоналды", – делінген заң жобасының тұжырымдамасында.

Салалық заңдарда құқық қорғау және әскери қызмет қағидаттарының ішінде дара басшылық, субординация және бастыққа қатаң бағыну бекітілген. "Қайғылы қаңтар" оқиғаларына жүргізілген талдау көрсеткендей, жоғарыдан бұйрық түспесе, күштік құрылымның төменгі бастықтары қысылтаяң шақта да өз бетінше шешім қабылдамайтын көрінеді. Нәтижесінде, басшыларынан бұйрық ала алмаған көшедегі жасақтар "ереуілшілердің" бұйрығына бағынды.

Сондай-ақ ТЖ кезінде күштік құрылымдардың жауапкершілік аймақтарын шектеу, ажырату мәселесі де қосымша пысықтауды қажет етеді. Сондықтан жаңа заң жобасы әшкереленген проблемаларды заң жүзінде реттеуге бағытталған.

"Заңдарда басшыға өзіне бағыныштыларды басқарудың толық билігі берілген, сонымен қатар осы меморгандардың алдына қойылған міндеттерді орындауы үшін бірінші басшының дербес жауапкершілігі де белгіленген. Осыған байланысты, күштік құрылымдардың аумақтық органдары басшыларының дербестігін арттыруға бағытталған түзетулер ұсынылып отыр", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.

Құжат арқылы заңнамада арнайы норма бекіту ұсынылады. Оған сәйкес, егер бағынысындағы қызметкерлер әсіресе төтенше жағдайлар немесе жаппай тәртіпсіздіктер кезінде құқықтық тәртіпті күзету және қорғау бойынша өз міндеттерін орындамаса не лайықты орындамаса, онда оның тікелей басшысы сол үшін дербес жауапкершілік арқалайды және ол жағдайды тұрақтандыруға бағытталған тиісті шараларды дереу қабылдауға міндетті.

Осылайша, күштік құрылымдардағы әрбір басшының өз қоластындағы қызметкерлер үшін жеке жауапкершілігі енгізілмек. Әйтпесе, "бейбіт" кезде әрбір полицей өзі әрекеті не әрекетсіздігі үшін өзі жауап беретін.

Жаңа Қазақстанда ІІМ, Ұлттық ұлан, ҰҚК және басқа да құрылымдар басшыларынан өз қоластындағыларды "азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төндіретін шабуылдардың, ғимараттарды басып алудың, азаматтардың немесе ұйымдардың мүлкін жоюдың жолын кесуге" жұмылдыра білу қабілеті талап етілетін болады.

"Қасіретті қаңтар" оқиғалары кезінде күш құрылымдарының 3 393 қызметкері жараланды. Моргтерге жеткізілген 225 адамның мүрдесінің ішінде 19 полицейдің және әскеридің болғаны анықталды.

Заң жобасын әзірлеушілердің сендіруінше, егер күштік құрылымдар басшыларына жоғарыға жалтақтамай, майдан даласындағыдай өзі шешім қабылдауына құқық берілсе, онда "жаппай тәртіпсіздік кезеңінде құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың жеке құрамының және әскери қызметшілердің шығындары 0-ге теңеспек".

Полицейлердің дербес деректері қолды болған ба?

Айта кету керек, заң жобасы аясында өзге де ұсыныстар пысықталуда. Мәселен, "полицейлердің құқықтық қорғалуын арттырып, билік өкілдеріне шабуыл жасағаны және заңды талаптарға бағынбағаны үшін жазаны қатайту қажет" деген ұсыныс бар екен.

"Құқық қорғау процесінде полиция қызметкерлері – жиі қауіп-қатер төнетін, жиі балағаттау айтылатын категорияға жатады. Осылайша, көптеген азамат олардың заңды талаптарына бағынуды қажет деп санамайды және ішкі істер органдарының қызметкерлерін балағаттап, зорлық-зомбылық қолдану арқылы белсенді қарсылық көрсетеді. Мұндай азаматтардың заңсыз әрекеттері билік органдарының жұмысын бұзып қана қоймайды, сонымен бірге мемлекеттік билік институттарының басқару процесіне теріс әсер етеді. Билік өкілдерінің қоғам алдындағы беделіне нұқсан келтіреді", – делінген ұсынысқа негіздемеде.

Оны ұсынған сарапшылардың дәйектеуінше, Қылмыстық кодекс тарауларында қарастырылған қолданыстағы санкциялардың үйлесімсіздігі "қылмыстық құқық бұзушылықтарға және жазасыздық сезіміне әкеп соғады", бұл жайт тау басынан құлаған қар жентегіне теңелген: "алдымен құқық қорғау органдарының қызметкеріне тіл тигізді, содан кейін оны ұрып-соғады, ақыры оны өлтіруге барады".

Бұдан бөлек, негіздемеде айтылғандай, "2020-2021 жылдары орган қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің дербес деректерін заңсыз иелену және пайдаланудың, соның ішінде оларды қорқыту және жала жабу мақсатында қолданудың көптеген фактілері анықталды". Сол себепті күштік құрылым қызметкерлерінің дербес деректерін де қорғау, яғни цифрландыру саласында шаралар қабылдау ұсынылған.

Заң жобасы қаңтарда Алматы қаласында және еліміздің басқа да өңірлерінде болған қайғылы оқиғалар кезеңінде кеңінен таралған қылмыс түрлері бойынша жазаны күшейтуді көздеуге тиіс. Келесі қылмыс түрлері бойынша жаза қатайтылуы мүмкін:

  • денсаулыққа, жыныстық бостандыққа және қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар (ҚК-нің 107-бабының 2-бөлігі "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру", ҚК-нің 120-бабының 3-1, 3-2-бөліктері "Зорлау", ҚК-нің 121-бабының 3-1, 3-2-бөліктері "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері");
  • меншікке қарсы қылмыстар (ҚК-нің 188-бабының 4-бөлігі "Ұрлық", ҚК-нің 191-бабының 4-бөлігі "Тонау", ҚК-нің 192-бабының 4-бөлігі "Қарақшылық", ҚК-нің 194-бабының 4-бөлігі "Қорқытып алу", ҚК-нің 196-бабының 3-бөлігі "Көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе өткізу", ҚК-нің 200-бабының 4-бөлігі "Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу");
  • террористік қылмыстар (ҚК-нің 173-бабының 3-бөлігі "Халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға шабуыл жасау", ҚК-нің 256-бабы "Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру", ҚК-нің 258-бабы "Террористік немесе экстремистік әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік", ҚК-нің 259-бабының 2-бөлігі "Террористiк не экстремистiк әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру", ҚК-нің 261-бабы "Адамды кепiлге алу", ҚК-нің  270-бабы 3-б. "Әуе немесе су кемесін не жылжымалы темiржол құрамын айдап әкету, сол сияқты басып алу").
  • қоғамдық қауіпсіздікке қарсы қылмыстар (ҚК-нің 272-бабы "Жаппай тәртіпсіздіктер", ҚК-нің 274-бабы "Көрінеу жалған ақпарат тарату", ҚК-нің 291-1-бабы "Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдары мен Қарулы Күштерде қарулануда тұрған суық, лақтыратын, пневматикалық, газды, сигналдық, электрлік қаруды және арнаулы құралдарды ұрлау не қорқытып алу").

Бұл ұсыныстар әрі қарай пысықталады, қоғам талқысына салынады.

Қалай болғанда, билік қаңтар оқиғаларынан сабақ алуда, сәйкесінше ұлттық заңнама да біраз өзгереске ұшырайтынға ұқсайды.

Жанат Ардақ 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу