"Квазимемлекеттік сектордың қарызы қауіпті"

5170

Алайда бұл сектордың берешегі сыртқы қарыз құрылымында анық көрсетілмеген. 

"Квазимемлекеттік сектордың қарызы қауіпті"

Ұлттық банктің дерегінше, 2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы – 159,8 млрд доллар. Оның 7,9 пайызы немесе 12,7 млрд доллары – мемлекеттік сектордың, яғни Үкіметтің берешегі. Ал 5,2 млрд доллары қаржы нарығының – банктердің үлесіне тиесілі. Бұл – жалпы қарыздың 3,3 пайызы. Сыртқы қарыздың 25,5 пайызы немесе 40,7 млрд доллары басқа секторлардың берешегі. Қалған 101,3 млрд доллар немесе жалпы қарыздың 63,4 пайызы фирмааралық берешек саналады.

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, сыртқы қарыздың көп бөлігін құрап отырған фирмааралық берешектер халық пен мемлекет үшін аса қауіпті емес.

"McDonald’s, Starbucks секілді әлемдік брендтер Қазақстан нарығына еніп жатыр. Олардың бәрі кәсіпкерлік тұрғыдан алғанда үлкен тәуекелмен келеді. Яғни технологияларын әкеледі, инвестиция құяды. Ертең біздің елдегі қызметтері жүрмей жатса, жұмсаған қаржысын мемлекеттен талап ете алмайды. Демек мұндай фирмааралық қарыздар халық пен мемлекет үшін қауіпті емес. Сыртқы қарыздың ішінде мемлекеттік сектордың берешегі аса маңызды", – дейді Мақсат Халық.

Сарапшының есебінше, соңғы жылдары Үкіметтің сыртқы қарызы көбейген. Жыл басында пандемияға байланысты әрі жаңа бюджетті қарастыру кезінде Үкімет 3 млрд долларды сырттан іздеу керектігін ашық айтты.

"Салыстырмалы түрде қарасақ, мемлекеттік сектордың сыртқы қарызы аса жоғары емес. Бұл жерде мені "Басқа да секторлар" деген бөлімнің берешегі алаңдатады. Бұл бөлімге қандай секторлар жатады? Осы жағы ашып айтылмайды. Шындығына келсек, квазимемлекеттік сектор осы бөлімге жатқызылады. Демек ұлттық, мемлекеттік компаниялардың сыртқы қарыздары дәл осы жерде шоғырланған. Олардың үлесі қандай? Бұл туралы да нақты ақпарат жоқ. Меніңше, осының бәрі ашық көрсетілуі керек. Өйткені квазимемлекеттік сектордың қарызы түбінде мемлекеттің мойнына түсуі мүмкін. Сондықтан мұндай қарыздарды "Басқа да секторлардың" ішіне жасырып қойған дұрыс емес. Дұрысы квазимемлекеттік сектордың берешегін Үкіметтің қарызына жатқызу қажет", – дейді экономист.

Демек халық, мемлекет үшін "Мемлекеттік сектор" мен "Басқа да секторлардың" қарызы маңызды болып тұр. Аталған екі бөлімдегі қарыздың жалпы жиынтығы 53,4 млрд доллар немесе 33,4 пайыз. Енді халық пен мемлекет үшін қауіпті 53,4 млрд доллар көлеміндегі сыртқы қарызды халықтың жалпы санына бөлейік. Сонда жан басына шаққандағы қарыз шамамен 2 900 доллардан айналады. Яғни әрбір қазақстандықтың мойнында шамамен осыншама көлемде сыртқы қарыз бар.

Санжар Беркінбай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу