Қылмыстың 85%-ын жұмыссыздар жасайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2219

Ал еліміздегі қылмыстық деңгейді төмендетудің төте жолы – бизнеске мүмкіндік беру.

Қылмыстың 85%-ын жұмыссыздар жасайды

Астанада өткен Қазақстан мен Ресей бизнес-омбудсмендерінің І форумында ҚР бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов бизнеске қатысты кедергілерді жою прокуратураның міндеті екенін мәлімдеді.

"Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы барлық қылмыстың 85%-ы жұмыссыздардың қолымен жасалады. Демек, қылмысты азайтудың төте жолы – жұмыс орындарын көптеп ашу. Ал жұмыс орнын кім ашады? Әрине, бизнес. Ендеше, бизнестің жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Прокуратура еліміздегі қылмыс пен жұмыссыздар деңгейінің төмендеуіне мүдделі", – деді Марат Ахметжанов.

Қазақстан прокуратурасы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жұмыс істеуде. Өткен жылдың маусымында ұйымдастырылған форум соның айқын дәлелі. Аталған форумда кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер қаузалған болатын. Қазір бизнесті қолдау мақсатында елімізде үлкен өзгерістер орын алуда.

"Біздің елде соңғы уақытта экономикалық қылмыстар көптеп қозғалуда. Алайда қылмыстың дені кейіннен тоқтатылады. Бұл мәселеге президент Нұрсұлтан Назарбаевтың та назар аударғанын атап өтуге тиіспіз. Өкініштісі құқықтық тексерістерден кейін кәсіпкердің бизнесінің тоқтап қалғаны былай тұрсын, оның іскерлік қабілетіне нұқсан келеді. Себебі қылмыстық іске қатысы бар немесе тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кәсіпорынмен ешкімнің байланыс орнатқысы жоқ", – дейді ҚР бас прокурорының орынбасары.

Деректерге сүйенсек, қылмыстық "қуғынға" ұшыраған кәсіпорындардың 40%-ы нарықтағы орнын біржола жоғалтып алады екен. Алдымен өндірісте кедергілер пайда болады. Кейін жұмысшылар азаяды. Ақыры кәсіпорын жұмысын біржола тоқтатып тынады. Аталған фактор ел ішіндегі қылмыстың көбеюіне әсер етеді. Сондықтан...

"Сондықтан жағдайды реттеу үшін 2015 жылдан бастап сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімін енгіздік. Яғни, қылмыстар онлайн режімде электронды нұсқада тіркеледі. Электронды тіркеу нақты жағдайды бақылап отыруға мүмкіндік береді", – дейді Марат Ахметжанов.

Қадағалаушы орган өкілінің айтуынша, елімізде экономикалық қылмыстарды тіркеуде заңсыздықтар жиі орын алады. Мәселен, бір ғана Қарағанды қаласында көшпелі тексеріс кезінде ағаттыққа жол берген 24 тергеуші жазаланып, 9 тергеуші жұмыстан босатылған. Өкініштісі мұндай жағдайлар еліміздің өзге өңірлерінде де жиі орын алып тұрады.

"Экономикалық қылмыстарды тіркеу бойынша прокурорлық қадағалауға өзгерістер енгізілді. Тіркеудің жаңа ережесі бекітілді. Соның нәтижесінде экономикалық қылмыстарды тіркеу 4 есеге қысқарды. Бұрын ай сайын 800 экономикалық қылмыс тіркелсе, қазір бұл көрсеткіш 200-ге түсті. Мұны да азайтуға болады", – дейді Марат Ахметжанов.

Форумда айтылған деректерге сүйенсек, Ресей Федерациясында қозғалған экономикалық қылмыстың тек 20%-ы ғана сотқа жетеді екен. Сонда қалған 80%-ының ешқандай салдары жоқ деген сөз. Сондықтан елімізде тіркелген кез келген экономикалық қылмыс өндіріске кері әсер етпеуі тиіс. Себебі кәсіпкердің кінәлі яки кінәсіздігін сот анықтайды. Ал оған дейін кәсіпорынға қысым көрсетілмеуі керек. Қазақстан прокуратурасы осыған айырықша мән беріп отыр.

"Қазір "электронды қылмыстық іс" деген ұғым пайда болды. Бұл онлайн режімде жүзеге асырылатын қызметтер. Осының негізінде прокуратура электронды түрде санкция беруге, істі дәл осындай жолмен сотқа жолдауға мүмкіндік алды. Бұл жүйе осы жылдың 15-інші тамызынан бастап қолға алынды. Содан бері 7 қылмыстық іс электронды түрде сотқа жолданды. 20 электронды санкция берілді. 70-ке жуық қылмыстық іс электронды түрде тергелуде", – деді ҚР бас прокурорының орынбасары.

Келер жылдың шілдесінен бастап ел прокуратурасы қылмыстық процесті толықтай электронды форматқа көшірмек.

Марат Ахметжановтың пікірінше, Қазақстанда бизнестің дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазақстанда 4 мәрте ізгілендіру жүргізілді. Мүлікті заңдастыру және рақымшылық беру ұйымдастырылды. 4 мәрте мораторий жарияланды. Осының бәрі бизнестің даңғыл жолға түсуіне мүмкіндік береді. Алайда аталған жеңілдіктерді "көлеңкелі" экономика да "өз пайдасына" қолданып жатыр. Өкініштісі осы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу