Алдағы уақытта ақшаңызды үнемдемесеңіз, қиын болғалы тұр

927

Халық табысы ішіп-жемнен артылмай қалуы мүмкін.

Алдағы уақытта ақшаңызды үнемдемесеңіз, қиын болғалы тұр Фото: delfi

Биыл Қазақстан кәсіпкерлер төлейтін құн салығының пайызын өсіріп, шекті мәнін 15 млн теңгеге азайту жайын ойластыруда. Осы жаңалық жария болғалы инфляция үдей түсетіні айтылған болатын.

Сөйтсек, құн салығы өспей тұрып халықты қымбатшылық қыса бастаған екен. Демек, алдағы уақытта елде өмір сүру қиындай береді деп болжауға негіз бар.

Киім де, тамақ та, пәтер де қымбаттаған

Өткен жылдың желтоқсан айында инфляция 8,6 пайызды құрап, елдің көңіл-күйін түсірген. Енді міне, 2025 жылдың алғашқы айы – қаңтарда жылдық инфляция 8,9%-ды жетіп, алдыңғы межеден асып түсті. Деректі келтірген Ұлттық статистика бюросы елімізде барлық салада баға шарықтап өсіп жатқанын анықтаған.

Ең алдымен халықтың тұрмысын қамтамасыз етуші салаларда құн өскені білінуде. Мысалы, ұялы байланыс тарифтері – 16,8, денсаулық сақтау, медициналық қызмет – 12, қоғамдық тамақтану, яғни, кафе және ресторандар 10,9 пайызға баға өсірген.

Ал теміржол билеттері – 18,6, қала ішінде автобуспен жүру – 10,5, ұшақ билеттері 7,2%-ға өскен. Пәтер жалдау ақысы 15,3 пайызға қымбаттаса, киім-кешек құны 10,2 пайызға артып отыр.

Халықтың ең жанды жері – азық-түлік бағасы да аспандап барады. Әсіресе, екінші нан аталған картоп бағасы 59,3%-ға дейін шарықтаса, пияз – 25,1, минералды және ауыз судың құны 16,7%-ға көтерілген.

Сарапшылар баға өсімі алдағы айда да жалғасуы мүмкін екенін ескертіп, жұртшылыққа шығындарды барынша жоспарлау керегін айтуда. Жоғарыда қосымша құн салығының өсуі мүмкін екенін бекерге айтпадық.

Егер расымен ҚҚС мөлшері артатын болса, кәсіпкерлер тауарлар мен қызметтердің құнын одан әрі өсіреді. Бизнес тағы да көлеңкелі жолдарды іздей бастап, елдің инвестициялық тартымдылығы азая бастауы мүмкін.

Бұған дейін біз сөйлескен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов алдағы шаралар қарапайым көпшіліктің жағдайына әсер етпей қоймайтынын жеткізген.

– ҚҚС халыққа әсер ететіні сөзсіз. Бұл жанама салықты ақырында тұтынушы төлейді. Жеке тұлға кез келген бір тауарды сатып алған кезде осы тауардың құнында ҚҚС-тың 20 пайызы да болады. Тауарлар мен қызметтердің құны шынымен де тұтынушыларға қымбаттау бола бастайтыны анық, – деген сарапшы.

Кедейлік деңгейі артып жатыр ма?

Осыдан 2,5 жыл уақыт бұрын, 2022 жылы Finprom.kz порталы зерттеу жүргізіп, қазақстандықтар табысының 46 пайызын азық-түлікке жұмсайтынын анықтады. Сол кезде тәуелсіз сарапшылар есептеулерінде көрсеткіш 59 пайызға жетіп жығылған.

Енді қараңыз, экономикада егер халық табысының 50 пайыздан астамы азық-түлікке ғана шығындалатын болса, ел кедейлікке ұшыраған болып саналады. Батыс елдерінде бұл көрсеткіш 10-15 пайыз шегінде, әлемдегі алдыңғы қатарлы елдерде 10 пайыздан аспайды.

Қазақстанның жағдайында бұл мәселені шешудің әзірге жалғыз жолы – жалақыны өсіріп отыру. Бірақ лайықты деңгейде іске аспауда. Тіпті, кезінде кей шенділердің "елімізде жалақының өсуі инфляцияға кері әсер етеді" деп айды аспанға шығарған жорамалдарын да естідік.

Ресми статистикада орташа жалақы көрсеткішін қарар болсаңыз, керемет, былтыр үшінші тоқсан қорытындысында 400 мың теңгеге жуықтады және тоқсан сайын өсуі де тыйылмайды.  

Ал  экономист Бауыржан Ысқақов осыған дейін мемлекет ішкі өндірісті емес, импортты түгендей бергенін айтады.

– Мәселені сыртқы және ішкі факторлармен бөліп байланыстыруға болады. Сыртқы факторларды айтсақ, 5 жыл бұрынғы пандемия зардабы, геосаяси оқиғалар. Көрші Ресей санкцияға ілікті, ал Қазақстан экономикасының осы елге импорттық тәуелділігі 40 пайыздан асады. Ішкі факторға келгенде ең әуелі бюджет шығындарының теңгерімсіз өсуін атаймыз. Кірісімізден шығысымыз көп. Үкімет пен Ұлттық банк қоян-қолтық жұмыс істеген кезде ғана жағдай оңалады. Үкімет ішкі қажеттілікті импорт есебінен емес, ел ішіндегі өндірістен өтеу жолдарын іздей бастауға тиіс. Ең бірінші, азық-түлік инфляциясының алдын алу керек. Халықтың табысы автокөлік, киім-кешектен бұрын күнделікті азғантай қажеттілігіне де жетпей жатыр. Сондықтан елдегі азық-түлік өндірісіне көңіл бөліп, логистикалық жолдарды кеңінен қарастырған жөн, – дейді Б.Ысқақов.

Ішкі өндірісті дамыту бір күндік жұмыс емес, әрине, бұған дейінгі 30 жылдан астам уақытта да оның жөнді қолға алынбағанын есепке аламыз. Әзірге салық түсімдері мен мұнай бағасының өскенін күтетін үкімет мүшелерінен айтарлықтай экономикалық өсім күтпейтініміз және бар. Сондықтан халыққа ақшаны тиімді жұмсап, үнемдеуден басқа жол қалмағандай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу