Табыс табу үшін РФ аумағына кірген Қырғызстан азаматтарының саны миллионнан асқан. Сонымен бірге 2022 жылдан кейін ресейліктер үшін Қырғызстан қызықты бола түсті. Солтүстік көршіде делдалдар РФ азаматтығынан шықпай, осы елдің азаматтығын алу қызметін ұсынып жүр.
iWorld компаниясының заңгерлік бөлімінің басшысы Алексей Носовскийдің айтуынша, санкциядағы және оқшауланған Ресейге қарағанда, Қырғыз Республикасының азаматтығы мен паспорты көптеген артықшылық береді. Біріншіден, қырғыз заңнамасы паспортты жиі ауыстыруды талап етпейді: оның әрекет ету мерзімі халықаралық стандарт бойынша 10 жыл, бірақ 55-ке толған адамдар үшін – өмір бойға беріледі.
Екіншіден, әлдеқалай жағдай болып, Ресейден кету қажет етілсе, Қырғызстан өмір сүруге қолайлы, қолжетімді мемлекет саналады: онда баспананы жалға алуға, коммуналдық қызметтердің төлеміне, медициналық көмекке, азық-түлікке, ойын-сауыққа және басқасына айына 400–500 доллар еркін жетеді. Қазақстанда бұл сома мың доллардан да асуы мүмкін.
Үшіншіден, бұл елдің орыстілді екені де РФ азаматтарын ынтықтырады: сарапшы қырғыз тілін білмейтін, бірақ жоғары білікті орыстілді маман тез-ақ жұмыс табатынын айтады. Төртіншіден, Қырғызстан азаматтарына және балаларына жергілікті университеттерде оқу тегін. Олардың дипломы Ресейде танылады.
Бесіншіден, бизнеспен айналысуға барынша қолайлы жағдай жасалған, салықтық ортасы лоялды, жеңіл. Алтыншыдан, Қырғызстан жұмыссыз азаматтарына жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем төлейді. Отбасын қолдау бағдарламалары жетерлік.
Жетіншіден және аса тартымды тұсы – Қырғызстан паспортымен әлемдегі 75 мемлекетке, соның ішінде барлық танымал туристік бағыттарға еркін саяхаттауға болады. Атап айтқанда, дүниежүзіндегі 27 ел одан ешқандай виза талап етпейді. 33 мемлекет визаны келген соң, әуежайда рәсімдей салуға рұқсат етеді. Тағы 15 мемлекетке бару үшін электронды визаны алдын ала толтырса, жеткілікті.
Алексей Носовскийдің түсіндіруінше, 2024 жылы Қырғызстан азаматтығын заңды түрде алудың жолдары көп: "топырақ құқығы" (право почвы) бойынша егер шетелдік азамат баласын Қырғызстанға барып туса, баласы осы елдің азаматтығын ала алады. Сондай-ақ шетелдік ер не әйел ҚР азаматымен некеге тұрса, азаматтық беріледі. Бұдан бөлек, егер Қырғызстан азаматы шетелдіктің баласын асырап алса, балаға және ізінше оның әкесіне (шешесіне) азаматтық берілуі мүмкін.
Сарапшының айтуынша, "жалпы натурализация" жолымен де қырғыздың "шеңберлі" көк паспортын иеленуге болады. Алайда бұл жол ұзаққа созылады: жатжұрттықтар алдымен тұрақты тұру ықтиярхатына қол жеткізіп, кем дегенде 5 жыл тұруы, жергілікті заңды қалтқысыз сақтап, бағынатынын паш етуі шарт. Өз статусын уақытылы ұзартып отыруға, жыл сайын 3 айдан көп елден тыс болмауға тиіс. Елде және сыртта ешқандай қылмыс, құқық бұзушылық жасамауы қажет. Белгіленген мерзім түгесілгене және заңмен бекітілген талаптар мүлтіксіз сақталған жағдайда ғана азаматтыққа өтініш бере алады.
Бірақ Ресейде делдалдар ҚР азаматтығын барынша жылдам әперуге уәде етеді. Өз кезегінде, Қырғыз Республикасының Үкіметі алаяқтарға тосқауыл қоюдың түрлі жолдарын қарастыруда, заңнама жетілдірілуде. Соның бірін қырғыз Президенті Садыр Жапаров жариялады.
"Баршаңызға белгілі, төлқұжат-паспорт, ID карт (жеке куәлік) және басқа да құжаттардың бәрі енді өзімізде шыға бастады. Осы уақытқа дейін "Қырғызстанның паспорттары шетел азаматтарына сатылады" деген әңгіме тараған. Өкінішке қарай, мұндай сөздердің шындық екені анықталған жағдайлар болды. Бәлкім, қазірдің өзінде көптеген шетелдіктердің қолында қырғыз төлқұжаты мен жеке куәлігі бар. Олардың жарамдылық мерзімі аяқталғанша, алды 5 жыл, әрі кетсе, 10 жылға дейін уақыт өтуі мүмкін. Әлбетте, жарамдылық мерзімі өткеннен кейін олардың барлығы жарамсыз болады, жаңартылмайды", – деді Президент Жапаров.
Сарапшылардың айтуынша, нағыз, түпнұсқалық қырғыз паспортын бірер мың долларға сатып алуға болады. Елдің тіркеу қызметі өз қызметкерлерінің бұл қылмысқа қатысы барын жоққа шығарады. Бірақ ҚР паспортын сатушылар "паспортистермен тікелей контактіде" екендеріне сендіреді. Қырғыз Республикасының шетелдік паспорттарын жаппай сатуға қатысты дау-жанжалдар дүркін-дүркін бой көрсетіп тұрады. Ең ірісінің бірі 2016 жылғы мамырда бұрқ етті: Түркия полициясы Ыстамбұл әуежайында бір рейспен ұшып келген 98 адамды тұтқындады.
Барлығының қолында шынайы қырғызстандық паспорт болған. Кейін анықталғандай, шынында, саяхатшылар Қытайдың Шыңжаңында тұратын ұйғыр мұсылмандар болып шықты. Олар қырғыз төлқұжатының көмегімен Сауд Арабиясына қажылыққа бара жатқан. Паспорттарын олар қырғыздың Ош қаласында алыпты.
Интернетте мысалы, "Кыргыз жараны Трамп Дональдбек Джонуулуна" берілген, АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамптың ресми фотосы бейнеленген паспорттың үлгісі таралды.
Қырғызстандық Сыртқы істер министрлігінің түсіндіруінше, жаңа үлгідегі паспортты алу кезінде ескі паспортты консулдық мекемелер алып қояды. Дегенмен, мерзімі аяқталмаса, ары қарай пайдалануына болады. Мемлекет басшысының "он жыл керек" деп отырғаны содан.
"Енді Қырғызстанның жалған төлқұжаты, жалған жеке куәлігі деген түсінік болмайды! Өйткені паспорттар өзімізден шыға бастады. Жаңасының жалған нұсқасын жасауға жол бермейтін көптеген жасырын қауіпсіздік элементтері бар. Оның үстіне жаңасы оңды-солды, кездейсоқ адамдарға сатылмайды! Осыған орай, жеке куәліктерді тегін айырбастау акциясын жүргізіп жатырмыз. Науқан 1 шілде мен 31 тамыз аралығында өтеді", – деді Садыр Жапаров.
Құжат жасауға жауапты "Учкун" мемлекеттік кәсіпорны және Цифрлық даму министрлігі дайын көрінеді. Акция аяқталғаннан кейін жаңа құжаттар белгіленген бағасымен, дәлірек айтқанда шамамен 600 сомға алмастырылады. Ұлттық банктің 30 шілдеге белгілеген ресми бағамына сәйкес бұл – 3 378 теңгеге тең.
Бұл тек жеке куәліктерге (ID-карттарға) ғана қатысты. Паспорттар ақылы алмастырылады.
"Сондықтан жеке куәлігіңізді тегін ауыстыруға асығыңыз. Әзірге, бұқараның паспорттарын тегін ауыстыруға қаржылық мүмкіндігіміз жоқ. Күшіміз жеткен күні қарапайым азаматтардың шетелдік паспорттарын да тегін айырбастау акциясын өткіземіз. Тек осылай ғана біз қолданыста қалатын ескі паспорттарды өзімізден шығатын жаңа төлқұжаттарға қысқа мерзімде толық ауыстыра аламыз", – деді Президент Садыр Жапаров.
Алатаудың арғы баурайындағы ағайын елдің Цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, жаңа үлгідегі жалпы азаматтық паспорттарды және ID-карттарды (ел ішінде ғана жүретін жеке куәліктерді) беру екі ай бұрын басталды.
"2024 жылғы 31 мамырда Цифрлық даму министрі Нурия Кутнаева елдің бүкіл тарихында тұңғыш рет шетелде емес, Қырғызстанның өзінде өндірілген жаңа үлгідегі жалпы азаматтық және ID паспорттарды алғашқы иелеріне салтанатты түрде тапсырған болатын. Жаңа үлгідегі паспорттардағы қорғаныш элементтері бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көп. Бұл – біздің мемлекет үшін зор жетістік! Себебі, бұған дейін біз өзіміздің паспорттарды шетелден сатып алатынбыз. Бұдан былай елімізде бланктердің мемлекеттік жеткізушісі пайда болды", – деп хабарлады ведомство.
Мұны Президенттің де жетістігі деп санауға болады. 2021 жылғы 28 қаңтарда ел тізгінін ұстаған Садыр Жапаров шетелде басылатын қырғыз паспортының кім көрінгеннің қолында жүргенін сынап, бұл сорақылыққа тосқауыл қоюға кірісті. Нәтижесінде, 2021 жылғы 17 желтоқсанда ол "Мемлекеттік маңыздағы құжаттарды және арнаулы мемлекеттік бланктерді дайындау мәселелері туралы" №565 жарлық шығарды. Бұл жарлықты орындау үшін Министрлер кабинеті "ҚР азаматтарының ұлттық паспорттарын енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын" қабылдады.
Оны орындау мақсатында Цифрлық даму министрлігі мемлекеттік "Учкун" ашық акционерлік қоғамымен ынтымақтасып, оның типографиясын әлемдік озық жабдықтармен жарақтандырды. Ұлттық заңнамаға түзетулер енгізіліп, Қырғызстанның өзінде шығарылатын жаңа үлгідегі паспорттарды заңдастыру рәсімдері өткізілді.
Атап өтетін жайт, бұған шейін Қырғызстанның ID-карттары – Оңтүстік Кореяда, шетелдік паспорттары – Германияда өндірілетін. Президенттің баспасөз хатшысы Дайырбек Орунбековтың айтуынша, бұған мемлекет шамамен 15 миллиард сом шығындап келген.
Олардың бланктерін Қырғызстанның өзінде шығара бастау үшін аса қымбат жабдық сатып алу қажет болған, көрші ел оны лизингке алып отыр. Бұл тарихи бастаманы елдің 3 мемлекеттік банкі қаржыландырды. Мұны Banks.kg редакциясына "Айыл Банк" басқарма төрағасының орынбасары Жанар Норузбаев баяндады.
"Бұл маңызды жобаны қаржыландыруға бірден үш мемлекеттік банк үлес қосты. "Айыл Банк" қажетті соманың 70%-ын берді. Қалған қаражатты 15%-дан бөліп, "РСК Банк" пен "Керемет Банк" аударды", – деген банкир тарихи жобаның жалпы алғанда қаншаға түскенін, сондай-ақ лизинг шарттарын ашып жатпады.
Бұған дейін түркітілдес көршіміздің паспорты Қазақстанның төлқұжатына қатты ұқсас, көгілдір болып келетін. 2024 жылғы үлгідегі қырғыз паспорты қою көк түсті. Оның ортасында Мемлекеттік герб (күн астында қанат керген қыран) бейнеленген, одан жан-жаққа дөңгелек шеңберлер тарайды.
2017 жылғы үлгідегі ескі паспорттан айырмашылығы сол, жаңасында контактісіз электронды чип төлқұжаттың сыртында емес, ішінде орнатылған.
Жалпы, Қырғыз Республикасының жаңа паспорты қазақстандық баламасынан озық көрінеді. Қырғызстандық Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, ондағы заманауи чип халықаралық электрондық стандарттардың талаптарына сәйкес келеді. Чиптің операциялық жүйесі ICAO рекомендацияларына сай жасалыпты.
Бұл электронды микросхемаға азаматтың дербес деректері, биометриялық мәліметтері, саусақ іздері, электрондық цифрлық қолтаңбасы, бет-жүзі құрылымының цифрландырылған бейнесі енгізілген.
Паспорт 3 қорғаныш деңгейіне ие: бірінші деңгейін оңай көруге, сезуге болады. Қорғаныш функцияларының екінші деңгейін тек арнайы құрылғылардың көмегімен ғана оқуға болады. Қорғаныш белгілерінің үшінші деңгейін тек қана маманның зерделеуімен табуға болады.
Тұтастай алғанда, қырғыздың жаңа паспорты жоғары деңгейдегі қорғаныштың шамамен 15 элементіне ие.
Көршінің Цифрлық даму министрлігі тағы бір жайтқа бола мақтанып қойды: Қырғызстан ішкі паспорт (жеке куәлік) үшін ең аз ақы алатын республикаға айналды, өйткені жоғары қорғаныш деңгейлерін сақтай отырып, арзан шығарудың тәсілін тапты.
Сонымен, ішкі паспорттар немесе жеке куәлік халық үшін Қырғызстанда – 681 сом, Қазақстанда – 3 696 теңге (738 сом), Өзбекстанда – 198 470 сум (1 374 сом), Тәжікстанда – 75 сомони (612 сом), Ресейде – 1 500 рубль (1500 сом) тұрады.