Қырғызстан Орталық Азияда алғашқы болып тағы бір жүйеден бас тартты

2256

Халықаралық сарапшылар мұны құптайды.

Қырғызстан Орталық Азияда алғашқы болып тағы бір жүйеден бас тартты Фото: © Sputnik / Табылды Кадырбеков

Біріншіден, еңбек нарығына ауыртпалық азаяды, екіншіден, балалар көбірек білім, дағды игереді.

Қырғызстан дамыған елдердің үлгісі бойынша 12 жылдық білім беруге көшуді түпкілікті аяқтады. Мұны Қырғыз Республикасының оқу-ағарту министрі Доқтыркүл Кендірбаева (Догдуркул Кендирбаева) мәлімдеді.

Орта білімді ұйымдастырудың әлімдік озық тәжірибесі 12, тіпті 13 жылдық оқытуды қарастырады. Еуропа Кеңесінің университеттік мәселелер жөніндегі тұрақты конференциясының декларациясында 12 жылдық білім беру – бүкіл әлемдегі басымдыққа ие халықаралық тәжірибе екені атап өтілген. Дүниежүзінде шамамен 150 мемлекет пен тәуелді территориялар 12 жылдық орта білімді қолданады.

Посткеңестік кеңістікте 12 жылдыққа Армения, Грузия, Латвия, Литва, Молдова, Украина және Эстония көшіп алды. Орталық Азия елдері де талпынды, бірақ 2013 жылдан бері тек Түрікменстан ғана алдыңғы қатарлы жүйеге ауыса алды.

Қазақстанның 12 жылдық оқыту моделіне ауыса бастағаны 2011 жылы жарияланды. Сонда Primeminister.kz ресми сайты хабарлағандай, Үкімет 12 жылдық білімге көшудің кезең-кезеңдік іс-шаралар жоспарын әзірледі. 104 мектепте сынақ басталды. Елдің 12 жылдыққа 2020 жылы толық көшетіні бекітілді. Алайда барлығы сынақ күйінде ғана қалды да, Қазақстан бұрынғы білім жүйесінен іргесін аулақ сала алмады.

24.kg жариялаған сөзінде қырғыздың білім министрі мұның енді шетсіз-шексіз талқылау емес, өмірде жүзеге асқан реформа екенін нықтады.

"Біз сонымен 12 жылдық білім беруге толықтай өттік! Бұл – ақиқатқа айналған факт. Бұл жерде әңгіме бітпес-қоймас әңгіме-айтыстар туралы емес, нақты іс-қимыл туралы болып отыр. Жаңа жүйеге көшу Президент Садыр Жапаровтың саяси ерік-жігерінің арқасында мүмкін болды. Мемлекет басшысы әлемнің озық елдері қабылдаған осы білім жүйесін басымдық деп бекіткені мәлім", – деп еске салды министр.

Кендірбаева Президенттің ұзаққа созыла бастаған реформаны құжаттармен де, қаражаттармен де қуатты қолдағанын қаперге салды. Мәселен, тек жаңа оқулықтарды әзірлеуге 2025 жылы 744 миллион сом (4 млрд 501,2 млн теңгеге тең) жұмсалған.

Доқтыркүл Кендірбаева жаңа буындағы оқулықтарды жасауға және жетілдіруге әртүрлі ғылым салаларының 200-ден астам білікті маманы ары қарай жұмылдырылып жатқанын жеткізді. Оларға Мемлекеттік тіл жөніндегі ұлттық комиссияның эксперттері, ғалымдары мен мұғалімдер жетекшілік етіп, жөн-жоба көрсетеді.

Қазақстанда барлық мектеп оқулықтары мен оқу материалдарын министрліктің тендерін ұтып алған жекеменшік баспаханалар шығарады. Жыл сайын білім ордаларын тонна-тонна кітаптармен және басқасымен қамтудан баспа империялары миллиардтап табыс табады.

Біраз жыл Алатаудың арғы баурайындағы ағайындар да осы жолмен жүрді. Алайда бұл саланы қалпымен сыбайлас жемқорлық жайлап алғанын түсінген Президент Жапаров коррупциямен күрес аясында жемқорларды бұл жемсауынан айырды.

"Нәтижесінде, 2025 жылдан бастап, барлық оқулықтар тек мемлекетке ғана тиесілі болады. Енді оқулықтарды жекеменшік баспаханалар басып шығара алмайды. Бұл жас ұрпақтың әрбір өкіліне берілетін білімнің қайнары – оқулықтардың сапасы мен мазмұнын мемлекеттің орталықтандырылған түрде бақылауына мүмкіндік береді", – деді қырғыздың оқу-ағарту министрі.

Ведомство кеңестік жүйеден құтылып, жаңа жүйеге көшумен бірге білім беру құрылымдық түрде түбегейлі өзгеретінін мәлімдеді.

Мысалы, ескі жүйеде қалған өзге елдерде жоғары сынып оқушылары бұрын өтілгенді шамалы тереңдетілген күйде қайталаумен болады, содан әбден зерігеді, оқуға зауқы соқпайды. Сондықтан 9-шы сыныптан кейін оқушылардың үлкен бөлігі мектепті тастап кетеді.

Ал, Қырғызстанда 12 жылдық аясында жоғары сыныптар өзіндік колледжге немесе техникумге айналады, болашақ түлектер нақты бір мамандықты игере бастайды. Осы мақсатта "бейінді оқыту" енгізіледі.

Егер ІТ-маманы болғысы келсе, бағдарламалау, роботты техника сияқты бейінді сабақтарға екпін түсіріледі. Егер техникалық мамандықтарға бейімі болса, техника мен технологияға қатысты пәндер көбірек оқытылатын сыныпқа ауысады, сол сияқты.

"Жоғары сыныптарымызда енді шәкірттер болашақ кәсібіне сәйкес келетін бағытты таңдай алады. Жаратылыстану және дәл ғылымдарға негізгі көңіл бөлінеді. Өйткені экономикаға осы бағыттарда мамандар көбірек қажет", – деді Доқтыркүл Кендірбаева.

Айта кету керек, Қырғызстанда білім беру саласы ғаламат қарқынмен цифрландырылуда. Ата-аналар мектепке алғаш баратын баласын "Тундук" жүйесі арқылы 1-ші сыныпқа оңай, онлайн тіркете алады.

Қырғызстан электронды аттестаттарды заңдастырды. "Э-Кундолук" бірыңғай платформасы мұғалімдерді қағазбастылық пен басыартық есептіліктен құтқарды. Осы жүйеде ата-аналар мен мұғалімдер арасында тұрақты кері байланыс орнатылған.

Министр қоғамда қызу пікірталас туғызып жатқан жаңалыққа түсініктеме берді. Ведомство "Қырғыз тілі" пәнін 1 сағатқа қысқартып, дәл ғылымдардың – физика, химия, биология, информатиканың сағаттарын көбейтті. Бұл 12 жылдықта қажет, жаңа жүйеге тірек болатын пәндер.

"Тиісінше, бұл өзгерістер қырғыз тілінің рөлі құлдырағанын білдірмейді! Керісінше, біз мемлекеттік тілді енді барлық мектеп пәндері арқылы ілгерілетеміз, өрісін кеңейтеміз. Математикадан бастап, өнерге дейінгі біраз пән қырғыз тілінде өткізілетін болады", – деді Қырғыз Республикасының оқу-ағарту министрі.

Ескі 11 жылдықтан 12 жылдыққа көшу кадрмен қамту мәселесін өзекті етті. Министрдің мәліметінше, жоғары оқу орындары бұрыннан дайындалып, мұғалімдерді даярлау қарқынын арттырды.

Оның үстіне 2024-2025 оқу жылында педагогикалық ЖОО-лар түлектерінің 80%-ы өз мамандығы бойынша орын тауып, жұмыспен қамтылған екен.

2026 жылдан бастап педагогтердің жалақысын кезең-кезеңмен серпінді арттыру басталады. Оларға қойылатын талап та күрт күшейтіледі.

Қырғызстанда мұғалім мамандықтары үшін өту балы 130-ға дейін көтеріліп жатыр. Осыдан-ақ талаптың биік екенін байқауға болады.

"Біз жүйелі трансформацияны табысты бастадық. Білім беру – құрылыс та емес, зауыт та емес. Біздің жүйедегі нәтижені тек 10-15 жылдан кейін байқай аламыз. Алайда дұрыс бағытта қозғалып келе жатқанымызға толық сенімдіміз!", – деді министр Кендірбаева.

Қырғызстанның 12 жылдыққа толығымен көшкенін ең алдымен білім ордаларының табалдырығын биыл аттайтын балдырғандар сезінеді. Қырғыз білім академиясының президенті Нәзира Дюшееваның түсіндіруінше, бірінші сынып оқушыларынан алдын ала дайындалу, жазу-сызуды үйрену талап етілмейді, оның бәрін мектеп үйретеді. Ең бастысы – ата-анасы баласын мектепке онлайн тіркесе жетеді.

Бірінші сынып балалары қолданыстағы "Нәресте" ("Наристе") мектепке дейінгі даярлық бағдарламасы негізінде әзірленген бағдарламамен оқытылады. Ол бағдарлама жетілдіріліп, сағаттарының саны 480-нен 608-ге дейін ұлғайтылды.

Сабақтар балдырғандардың жас ерекшеліктеріне қарай 35 минутқа созылады. 1-сыныпта күніне шамамен 4 сабақтан болады. Оқу аптасы 5 күнге созылады.

1-сынып бағдарламасына келесі пәндер қосылды: Қырғыз тілі, Орыс тілі, Тілашар (оқу), Математика, Музыка, "Мен және Әлем", Дене шынықтыру, Кескіндеме-Көркем шығармашылық және Технология.

"Бұл жерде "Мен және Әлем" пәні Отантануды, Өлкетануды, Әдеп-этиканы, Тіршіліктің қауіпсіздігі негіздерін, Табиғаттануды қамтиды. Бұл пән 1-шіден 5-інші сыныпқа дейін жалғасады. 1-сыныпта математика бойынша жаңа оқулықтар енгізілді. Тұтастай алғанда, мұғалімдерден бастауыш сыныптарда сабақтарды бұрынғы жүйедегідей қасаң, іш пыстырарлық түрде емес, дамыған елдердің үлгісінде, яғни, қозғалысқа құрылған ойын, экскурсия түрінде, интерактивті оқу әдістерін қолдана отырып өткізу талап етіледі", – деді Нәзира Дюшеева.

Білім саласының білгірі, шолушы Анастасия Бенгардтың мәліметінше, ата-анасы балабақшаға берген, немесе толыққанды мектепке дейінгі даярлықтан өткен, соның арқасында жазуды, есептеуді білетін балалар жаңа жүйеде бірден 2-сыныпқа қабылдана алады.

Қазақстанда қазіргі кезде ата-аналар мектептердің балаларға көп нәрсені үйретпейтініне, мұғалімдер үйге көп тапсырма беріп, негізгі жүктемені сабақтан тыс уақытқа аударатынына шағымданады. Салдарынан репетитор жалдауға тура келеді. Оған қаржысы жетпесе, амалсыз, сабақтарды баласымен бірге отырып жасайды, өзі үйретеді.

Ал, Қырғызстанда баланы оқыту, үйрету мен тәрбиелеудің негізгі жүктемесі білікті мамандарға – педагогтің өзіне жүктеледі. Сол себепті, І-ші тоқсан "бейімделуге" (адаптация) арналады.

Онда мұғалім бақылау, жеке әңгімелесу, тестілеу және басқа әдістермен өз сыныбындағы әрбір шәкірттің нақты білім деңгейін біліп, анықтауға тиіс. Білімі кенже, құрбы-құрдастарынан артта қала бастаған оқушылармен жеке қалып, оқу материалын жеке түсіндіріп, олардың білімін өзгелердің деңгейіне дейін жоғарылатуға күш салуы шарт.

Осы орайда Қырғызстанда педагогтерге "оқушылардың білім траекториясын өз бетінше реттеуге" құқық беріледі. Ең бастысы, әрбір ұстаз өз шәкірттерінің бойында жаңа стандарттарда бекітілген біліктіліктерді қалыптастыруға міндетті.

12 жылдық тек 1-сыныппен шектелмейді. Бүкіл оқу бағдарламасы өзгеруде. Мысалы, 5-ші және 7-ші сынып жаңа оқулықтармен оқуға биылғы қыркүйектен көшеді. Соның ішінде 5-ші сыныптағылар 5-ші және 6-шы сынып материалдарын араластыра оқиды. Өзгелері үшін "интеграцияланған оқулықтар" дайындалуда. Оқу бағдарламалары мен пәндік стандарттардың көпшілігі биыл өтпелі кезең сипатында болады.

Нәзира Дюшеева бұл ретте 2025-2025 жаңа оқу жылында математика, ағылшын тілі мен жаратылыстану пәндері бойынша жаңа кітаптармен оқыту басталатынын хабарлады. Сәл кейінірек оларға Қырғызстан тарихы, география және басқа пәндердің жаңа оқулықтары қосылады.

Мұнда көрші ел мейлінше үнемді жолмен жүрді: ескі жүйенің оқылықтарынан тегіс бас тартып, қоқысқа лақтырмады. Олардың ішінен химия, биология, физика және басқасында мазмұны жаңа жүйе стандарттарына сәйкес келетіндерін іріктеп, таңдап алды. Сәйкесінше, мұғалімдерге оқу процесінде соларды да пайдалануына рұқсат етті.

Жаңа жүйеде кадр тапшылығы күшеймеуі үшін қырғыз елі ізгі тәжірибе бастады: педагогикалық жоғарғы оқу орындары дуальды білім беруге көшіріледі. Республикалық педагог қызметкерлерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтының директоры Алмазбек Токтомаметовтың дерегінше, шамамен 3,8 мың жаңа мұғалім қажет болады.

Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі дуальды білім аясында мектепте сабақ беруде жақсы жағынан көрсетіп, біліктілігін паш еткен студенттерге 3-ші сыныптан бастап мектепке жұмысқа тұруға рұқсат етуді жоспарлап отыр. Жас келсе – іске деген!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу