Қырғызстан Палестина халқын күштеп көшіруге қарсы екенін білдірді. Бұл туралы үкімет төрағасының орынбасары Эдиль Байсалов Женевада өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 58-ші сессиясында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 24.kg басылымына сілтеме жасап.
Эдиль Байсалов Палестинадағы бейбітшілік мәселесін көтерді. Шенеунік әлемді палестиналықтардың құқықтарын қорғауға шақырды.
"Палестина халқын күшпен көшіруге бағытталған кез келген әрекет этникалық тазалау болып саналады. Біз мұндай бастамаларды қатаң түрде айыптаймыз әрі халықаралық қауымдастықты тұтас халыққа бағытталған ұжымдық жазаның алдын алуға шақырамыз", – деді Қырғызстан үкіметі төрағасының орынбасары.
Оның сөзінше, палестиналықтар өз тағдырын дербес шешуі тиіс.
Айта кету керек, осыған дейін Қытайдың Газа аймағына көмек жөнелткенін жазғанбыз.