Қырғызстан тағы бір төңкеріске таяу

6235

Бішкекте шерушілер президент пен үкімет кеңсесіне басып кірді. Билік жаңа сайлауға әзір екенін мәлімдеп отыр. 

Қырғызстан тағы бір төңкеріске таяу

Қырғызстан астанасында парламенттік сайлаудың нәтижесіне наразы жұрт бүгін таңертең үкімет пен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің ғимараттарына басып кірді. Осылайша, оппозиция Бішкекті бақылауға алуға күш салып отыр. Мұны Akipress пен 24.kg хабарлады.

Сан мың адамның шеруге шығуына екі партияның жексенбі күні өткен парламенттік сайлауда жеңіске жетуі себепші. Олардың бірі – президент Сооронбай Жээнбековқа жақын "Бірімлік" партиясы.

Дүйсенбі күні полицейлер демонстрацияны күшпен таратқан еді. Алайда шерушілер Бішкектің орталық алаңына бірнеше сағаттан кейін бәрібір оралып, президент пен үкімет үйлеріне басып кірді. "Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, бүгін таңертең мемлекет басшысының резиденциясы – "Ақ үй" өртеніп жатты және де митингке қатысушылар Бішкек қалалық әкімшілігінің ғимаратын да басып алған.   

24. kg агенттігінің өзге бір дерегінше, үкіметтің Талас, Ыстықкөл облыстарындағы өкілетті өкілдері отставкаға кетті. Ал, Атамбаевтың жақтастары Бішкекте жиналып жатса, Жээнбековтың қолдаушылары Ошта шеру өткізбек.

Атамбаев пен экс-премьерлер бостандықта

Оппозиция жақтастары мұнымен тоқтап қалмай, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің штаб-пәтерлеріне шабуыл жасап, экс-президент Алмазбек Атамбаевты түрмеден босатты. Айта кетсек, Атамбаев бір кездері өзінің ізбасары Жээнбековпен араздасқаннан кейін, коррупция үшін айыпталып, ұзақ мерзімге сотталып кеткені белгілі. Сонымен қатар екі экс-премьер - Сапар Искаков пен Жантөре Сатыбалдиева және өзгелер де бостандыққа шықты.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Бішкекте өткен демонстрацияға 4 мыңдай адам қатысқан. Сонымен қатар, наразылық акциялары елдің тағы екі қаласында өтті.

Оларды тарату үшін қауіпсіздік күштері су шашатын машиналарды, көзді жасаурататын қару мен құлақты шуылдататын граната қолданып, екі жақты қақтығыс барысында 590 адам жараланып, 1 тұрғын қаза тауып, 13-і ауыр халде жатыр.

Жээнбеков дүйсенбінің кешінде мәлімдегендей, сейсенбіде ол сайлауға түскен барлық партияның басшыларымен кездеседі.

Дегенмен, оппозициялық топтар өз тараптарынан Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің уақытша басшысы мен Бішкектің коммендантын тағайындады. Бірақ олардың қолына нақты қандай билік берілгені әзірге белгісіз.

6,5 млн халқы бар Қырғызстан тарихы саяси дүрбелеңнен кенде емес. Соңғы 15 жылда оның екі президенті революциялардың екпінімен биліктен құлатылды.

Сайлау қорытындысы және оппозицияның уәжі

Сайлаудың алдын-ала қорытындыларына қарағанда, 16 партияның бесеуі ғана Қырғыз парламентіне өткен. Солардың ішінде билікке жақтас "Бірімлік" 26 пайыздан астам дауыс жинады. Екінші орында 24 пайызбен "Мекенім Қырғызстан" тұр. Бұл партия кеден қызметінің бұрынғы лауазымды басшысымен байланысты деген болжам бар. Тағы үш партия 7 пайыздық межені бағындырғандықтан, заң шығару органына еніп отыр.

Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымы дүйсенбі күні баяндама жасап, Қырғызстанда биыл өткен сайлауда "фундаменталдық құқықтар мен бостандықтардың құрметтелгенін", бірақ "дауыстар сатып алынды деген күдіктің әлі де аса алаңдататынын" атап өтті.

Қырғыз медиасының өзге бір мәліметіне қарағанда, қазанның 5-інде 12 партия басшылықтан сайлау нәтижесін жоюды және сол сайлауды қайта өткізуді талап ететін құжатқа қол қойды.

"Бәріміз куә болдық, сайлау науқанында да, дауыс беру кезінде де заңсыздықтарға жол берілді. Сайлаушыларға қысым жасалды, оларды қорқытқандар, пара алғандар болды", –дейді "Реформа" оппозициялық партиясының лидері Клара Сооронкулова.

"Біз барлық оппозициялық партиямен келіссөз жүргізіп, оппозициялық коалиция құрдық. Қазір үйлестіру кеңесін жасақтап жатырмыз. Басты талабымыз – 24 сағаттың ішінде Орталық Сайлау Комиссиясы сайлау қорытындысын жойып, бір айдың ішінде жаңа сайлау өткізуі керек",  дейді "Ата-Мекен" оппозициялық партиясының заңгері Жанар Акаев.

Соңғы мәліметке қарағанда, жеңіске жеткен "Бірімлік" партиясы жаңа сайлауға әзір екендігін білдіріп, қайта дауыс берудің мерзімін белгілеуді және парламентке өткен басқа партияларды да өзі тәрізді шешім қабылдауға үндеген.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу