Қырғызстандағы "қанды қасап" Қазақстанда қайталануы мүмкін

11491

Қаңтардағы қақтығыс кезінде қару-жарақ дүкендерінен ұрланған мылтықтар мен тапаншалардың дауысы қай күні, қай жерде гүрс етеді? Жазықсыз жандар тағы да қаңғыған оқтың құрбаны бола ма, әлде құзырлы орган қаруды қайтарып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете ме? Өкінішке қарай, әзірше бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ. 

Қырғызстандағы "қанды қасап" Қазақстанда қайталануы мүмкін

Inbusiness.kz тілшісі Қазақстан егемен ел атанғаннан бері қару-жарақ дүкендеріне жасалған шабуылдарды шолып шықты.

Ең алғаш рет қару-жарақ дүкені осыдан 11 жыл бұрын Тараз қаласында тоналды. Деструктивті діни ағымның өкілі Мақсат Кәриев қару-жарақ дүкенінің тас-талқанын шығарып, Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері мен полиция қызметкерлеріне гранатометтен оқ жаудырды. Дәл осы жылы Алматы, Ақтөбе, Астана қалаларында қару-жарақ дүкендері тоналып, кейін бірнеше жарылыс ұйымдастырылды. Ал Шұбаршы кентінде экстремистер ұрланған қарумен 2 патрульді мерт қылды.

2016 жылы Ақтөбеде діни радикалдар тобы 2 қару дүкенін тонап, жолаушылар автобусын басып алды. Олар қоғамдық көлікпен әскери бөлімге шабуыл жасады.

2016 жылғы 18 шілдеде Руслан Күлекбаев деген қаскүнем Алматы қаласы Алмалы ауданы ішкі істер бөлімі мен ҰҚК департаментіне шабуыл жасап, полицияның 8 қызметкері мен 2 тұрғынды атып өлтірді. Қылмыскер өлім жазасына кесілді.

Осы оқиғадан соң қару-жарақ дүкендерінің, қоймаларынының күзеті күшейтілді. Сөреде тұратын қарулардың механизмдерінің белгілі бір бөлігі алынып тасталды. Шүріппеге құлып пен кергіш орнатылды. Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен сауда залына 2 қораптан артық патрон қоюға тыйым салынды. Қолданысқа енгізілген шаралар қаңтардағы қақтығыс кезінде нақты нәтиже берді. Дегенмен полицияның мәліметінше, қару-жарақ дүкендерінен 1 500-ға жуық тегіс ұңғылы және травматикалық мылтық қолды болды.

"Қорамсақ" қару-жарақ қауымдастығының атқарушы директоры Сергей Катновтың мәлімдеуінше, қылмыскерлер ұрланған қаруды қолдана алмады.

Себебі қару-жарақ дүкендерінен ұрланған қару сөреде атыс қаруы ретінде қолдану мүмкіндігінен айырылған қалпында тұрды.

"Дегенмен арнайы құрал-жабдық арқылы атыс қаруы ретінде қолдану мүмкіндігінен айырылған қаруды қалпына келтіруге болады", – деді Сергей Катнов.

Осы уақытқа дейін қаңтардағы қақтығыс кезінде полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінен ұрланған арсеналға қатысты ешқандай дерек жарияланбады. Көпшілік шабуылшылардың күш құрылымдары қызметкерлерін қарусыздандырғанда қалқандарын ғана емес, тапаншаларын да тартып алғанын біледі. Бейресми дерек бойынша жоғалған қару-жарақтың арасында гранатомет пен автомат та болған.

Қазір полиция қару-жарақ ұрлығына қатысы бар деген күдікпен азаматтарды жаппай тексеріп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов: "Ұрланған қарудың 515 бірлігі, оның ішінде пулеметтер, автоматтар мен гранаталар табылып, тәркіленді.

Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері арнайы операция барысында 127 бірлік қару, 2 800 түрлі калибрлі патрон, сондай-ақ басқа да оқ-дәрілер мен арнайы құралдарды тауып, кері қайтарды", – деді.

Соңғы кезде полиция қызметкерлері күн құрғатпай қару тәркілегендері туралы хабарлама тарататын болды. Бұған Көліктегі полиция департаменті қызметкерлерінің қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған Алматы облысының 35 жастағы тұрғынынан 6, 1990 жылы туған Алматы қаласының тұрғынынан 7 атыс қаруын, Тараз қаласының полиция қызметкерлері ұрланған қаруды гараж кооперативтерінің бірінде сақтаған 24 жастағы жергілікті тұрғыннан 10 бірлік "Макаров" тапаншасын, 4 бірлік "Калашников" автоматын және 2 бірлік граната тәркілегені туралы ресми дерек дәлел.

"Нұр-Сұлтан қаласында полицейлер Алматыдағы аңшылық дүкеннен қару ұрлады деген күдікпен 40 жастағы Жамбыл облысының тумасын ұстады. Қаңтардың 5-нен 6-на қараған түні ер адам мен оның серіктестері аңшылық дүкенге кіріп, қару ұрлаған. Құқық қорғау органдары Алматыдағы "Шаңырақ" шағын ауданындағы жеке үйді тінту барысында 2 қорап оқ, 12 граната, АК-47, қалқан, каска, тегіс ұңғылы 9 мылтық тапты. Тараздық полицейлер қол гранатометін, 8 автомат, 17 қорап оқ, 12 калибрлі травматикалық мылтық, винчестер тапты", – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Хабарламада заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар бұған дейін жасалған қылмысқа қатысты болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатыны баяндалды.

Қару-жарақ ұрлаған адамдардың құқық қорғау органдарына барып, өз еркімен қару тапсырмайтыны анық. Дәл қазір мемлекеттің алдында қайтпек керек деген сұрақ тұр. Қару-жарақтың заңды айналымына қатысты заңнамалық норманы қатаңдату тиімді тәсіл емес. Себебі бұл заң әлем бойынша бізде ең қатал заң саналады. Қаруды сатуға толық тыйым салынса ше? Бұлай болса, қарудың заңсыз айналымы белең алады.

Қалай болғанда да экстремистер қару-жарақ дүкендерінен ұрлаған қаруды тығып отыр. Олар оны күндердің бір күнінде қолданады. Осының алдын алу және адам өліміне жол бермеу үшін құзырлы органдар шұғыл әрі қатаң шара қолдануы керек.

Мысал үшін айтайық, 2010 жылы Қырғызстанда 500 бірлік әскери қару ұрланды. Ол пиғылы жаман адамдардың қолына тиді. Салдары қандай болғаны барлығымызға белгілі.

Ішкі істер органдары экстремистердің өзгелердің мысалы мен үлгісін сәтті пайдаланатынын ескеріп, нақты әрі қатаң шара қолданбаса, Қырғызстандағы "қанды қасап" Қазақстанда қайталануы мүмкін екенін жақсы біледі деп ойлаймыз. Қаңтар қасіретінің жарасы жазылмай жатып, ел аумағында ұрланған қарудан тағы да оқ атылса, тұрғындар құзырлы органның қатесін кешпейді.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу