Қырғызстанның 1 жыл салғанын Қазақстан 1 айда береді

8081

Алайда елордада үлескерлер он жылдан бері баспанасын күтіп жүр.

Қырғызстанның 1 жыл салғанын Қазақстан 1 айда береді

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының дерегіне сенсек, коронавирус пандемиясы қысқан 2020 жылы тұрғын үй құрылысы жөнінен Қазақстан рекорд орнатыпты: бір жылда 15,33 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Бұл 2019 жылғыдан бірден 16,7%-ға көп. Тіпті кейбір азаматтар аңсайтын кеңес кезінде де республикада бір жыл ішінде осынша көлемде тұрғын үй қолданысқа берілмеген екен, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.

Әрине, жаңа үйлердің сапасы – жеке мәселе. Дегенмен, осы қарқын жалғасса, биыл кезекті тарихи рекорд орнатылуы әбден мүмкін: 2021 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіштер былтырғы қаңтардағыдан 9,4%-ға жоғары болып отыр: бір ай ішінде 800,7 мың шаршы метр баспана үлескерлер игілігіне тапсырылған (былтыр 730 мың ш.м. болды).

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің болжамынша, осы жылы 17 млн шаршы метр межесі бағындырылуы мүмкін.

Finprom.kz сарапшылары осы көрсеткішті Алатаудың ар жағындағы ағайындардың жетістігімен салыстырыпты: мысалы, Қырғызстанда 2020 жыл бойы небәрі 903,3 тұрғын үй іске қосылған екен. Бұл ретте көршінің көрсеткіші 2019 жылға қарағанда 34,5%-ға құлдыраған.

Яғни, қырғыз елі бір жылда тұрғызатынды қазақстандық құрылыс компаниялары шамамен бір айда еңсереді.

Елдегі құрылыс 2014 жылдан бері жоғары қарқынмен ілгерілеп келеді: сол жылғы өсім 9,8% болған (7,52 млн ш.м.). 2015 жылы рекордтық 18,9%-ға (8,94 млн) жетсе, 2016 жылы – 17,6%-ға (10,51 млн), 2017 жылы – 6,2%-ға (11,17 млн), 2018 жылы – 12,1% (12,52 млн), 2019 жылы – 4,9% (13,13 млн), 2020 жылы – 16,7%-ға (15,33 млн шаршы метр) өсті.  

Бірақ қоныс той қызығы айналып өтіп жатқан адамдар жетерлік. Бас қаланың өзінде ресми танылған және қолдау көрсетілетін проблемалы 45 тұрғын үй кешені бар. Олардың саны шынында, әлдеқайда көп.

Солардың бірі – елорданың Алматы ауданындағы "Интернациональный" тұрғын үй алабындағы Көксай көшесінде орналасқан "Хазрет Астана" кешені. Оны салмақшы болған құрылыс компаниясы әу баста 80 үлескерді тартқан көрінеді. Бүгінде 64-і ғана қалыпты. Олар жәрдем сұрап, билік органдарына шағымдануда.

ТК-ны "ШейхҚазИнвест" ЖШС салуға тиіс болатын. Алайда елімізде үлескерлерді жаппай алдау құбылысы белең алған кезеңде, 2014 жылы үлескер-инвесторлар бастамасымен іс қозғалып, осы компанияның қызметіне қатысты материалдар тергеу органдарына жолданады. Ақыры 2016 жылы аталған құрылыс компаниясының басшылары үлескерлер қаражатын талан-тараж еткені үшін ұзақ жылдарға сотталып кете барды. Елорданың Сарыарқа ауданының №2 соты оларды алаяқтық жолмен, алдау және сеніміне кіру арқылы үлескерлердің аса ірі көлемдегі мүлкін ұрлады деп айыптады. Сот үкімімен О.Шнайдер және Р.Багаев 8 жылға, Ч.Саидов 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Барлығының мүлкі тәркіленіп, билікке, әкімдікке берілді.

Егер Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай амнистия жарияланса, онда олар босап шығуы да ықтимал. Ал үлескерлері ұлардай шулап, мәселесін шеше алмай жүр. Олар кезінде әкімдіктің кеңесімен кооперативтің барлық мүшесі құрылыс компаниясына қарсы сотқа мүліктік талап-арыз беруден бас тартқанын айтады.

"Өйткені мемлекеттік органдар қолдау және көмек көрсетеді деп үміттендік. Көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын ары қарай жалғастыру үшін "Хазрет Астана" тұрғын үй-құрылыс кооперативін (ТҚК) құруға шештік. ТҚК істі сотта қарау аяқталған соң, 2016 жылғы сәуірде құрылды. Қазіргі уақытта оған 64 үлескер кіреді. Біз осы 64 келісім бойынша тұрғын үй кешенінің құрылысын қаржыландыру үшін бұған дейін жалпы сомасы 321 миллион 396 мың 492 теңге енгізгенбіз. Жаңа кооператив құрылғанда сол ақшадан тек 100 миллион 139 мың 355 теңге ғана қалыпты", – дейді ТҚК өкілі М.Сүлейменов.

Үлескерлер содан бері Нұр-Сұлтан әкімдігіне, соның ішінде әкімнің бірінші орынбасары Сергей Хорошунге әлденеше рет көмек сұрап жүгінген көрінеді. Бертінде, 2019 ақпанда Сергей Хорошун  Президенттің Іс басқарушысының орынбасары болып кетті.

Ал үлескерлер өз проблемасымен жалғыз қалған.

"Ешқандай оң өзгеріс байқалар емес. Ауыр сынақ үлескерлердің отбасыларына ауыртпалық түсіруде. Тұрмысы нашарлады, тауқымет тартты, жүйкелері әбден жұқарған. Ол отбасылардың жұмысқа қабілетті мүшелері жұмысын жоғалтты. Табыс көздерінен айырылды. Кейбірі 10 жылдан бері үй жалдап тұруға мәжбүр. Бірқатары  алған кредиттерін қайтара алмай, борышқа батқан. Көпшілігін көпбалалы отбасыларға жатқызуға да болады: баспанасын күтіп, бір үйде 8–14 адамнан тұрып жатыр. Үлескерлер дағдарған жағдайда. Ары қарай не істейтінін, отбасыларын қалай асырайтынын білмейді. Адамдар өзіне қол сала ма деп қорқамыз", – деп жазады әкімге ұжымдық шағымда Әлия Сабырова.

Әрине, қала басшылығы осы тұрғындарды ешқандай көмексіз қалдырды деуге болмас. Нұр-Сұлтан әкімдігі 2020 жылғы 27 қарашада қаулы қабылдап, кооператив мүшелеріне жер бөліп берді. "Жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын ұсыну" туралы қаулыға сәйкес, қосымша орын-жайлары және паркингі бар "Хазрет Астана" көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы Ш.Қалдаяқова және А427 көшелерінің қиылысынан 1,2257 гектар жер ұсынылды.

Бірақ бұл жер тек 1 жылға беріліп отыр. Осы уақыт ішінде кооператив құрылысты бастап кетуі шарт. Әйтпесе, телім "пайдаланылмай жатқан жер" деп танылып, мемлекетке кері қайтарылады.

Үлескерлердің айтуынша, олардан жиналған жүздеген миллион қаржының үлкен бөлігін "ШейхҚазИнвест" қолды еткен. "Хазрет Астана" жаңа кооперативі өз мүшелерінің пай жарнасына жаңа эскиз жобасын әзірледі. Сондай-ақ жаңа жер учаскесінде зерттеу-іздестіру жұмыстарын жүргізген. Енді тұрғын үй кешенінің құрылысын бастау үшін жаңа кооперативтің ақшасы жоқ. Үлескерлер өз бетінше жаңа инвестор іздеп көріпті, нәтиже шықпаған. Сондықтан олар әкімдіктен инвестор тауып беруді және "Хазрет Астананы" проблемалы 45 тұрғын үй-құрылыс объектілерінің қатарына қосуды сұрайды.

Қалай болғанда, үлескерлерге қарқынды қимылдамаса болмайды. Жерді арендаға алу мерзімі аяқталып келеді. Ол сот арқылы кері алып қойылса, бұдан былай кооперативке жер берілмеуі ықтимал.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу