Сенаттың жалпы отырысында "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" кодексіне және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" кодексін қолданысқа енгізу туралы" ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы екі оқылымда қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Өзгерістер бірнеше бөлімнен тұрады. Біріншісі, еңбекақы қорына жүктемені азайту бойынша норма.
"Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жиынтық жүктемені азайта отырып, микробизнес және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлемді енгізуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта еңбекақы қорынан мөлшерлемелері, есептеу базалары әртүрлі бірнеше төлемдер жүзеге асырылады. Бұл төлемдерді бір төлемге біріктіру ұсынылып отыр", – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Бұл бірыңғай төлем салық пен еңбекақы төлемдерін есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік береді.
Түзетулердің екінші бөлігі салалық заңнамалардағы өзгерістерге қатысты. Конституциялық соттың құрылуына байланысты бұл сотқа жүгінген кездегі мемлекеттік бажды белгілеу және халықтың әлеуметтік осал топтарын аталған баждан босату ұсынылып отыр.
Келесі норма жер қойнауын пайдалану саласына қатысты. 2024 жылдан бастап мемлекеттік балансты жүргізу тоқтатылады. Қорлар жаңа жүйе бойынша бағаланады. Осыған байланысты пайдалы қазбаларды өндіру салығын салу объектісін өзгерту ұсынылады.
Түзетулер отандық тауар өндірушілерді ынталандыруға бағытталған өзгерістерді де қамтиды.
Бұдан бөлек, түзетулердің келесі блогы жеке адамдардың төлемдеріне қатысты. Чек бермеу фактілері туралы хабарлағаны үшін сыйақы алу, ипотекалық кредит бойынша берешекті есептен шығару, жалға алу құнын төмендету және тұрғын үйді жалға алуға бюджеттік субсидиялар алған кездегі салық салу тәуекелдері жойылды.
Сонымен қатар Парламент Сенаты Салық кодексіне 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінетін автокөліктерді заңдастыру үшін бастапқы тіркеу алымы 200 мың теңге мөлшерінде белгіленетін түзетулерді қабылдады.
Сенатор Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомобильдерді заңдастыру мақсатында алғашқы тіркегені үшін бірыңғай алымның белгіленуі 300 мыңға жуық автокөлікті есепке қоюға мүмкіндік береді.
"Көлік құралдарына салынатын салық жергілікті бюджетті толықтырады. Тұтастай алғанда аталған заң жобасы салық төлеушілерге, мемлекеттің мүдделеріне, сондай-ақ ел экономикасына оң әсерін тигізеді деп есептейміз", – деді сенат депутаты.
Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруды, оларды кәдеге жарату және бастапқы тіркеу үшін 200-250 мың теңгеден аспайтын бірыңғай алым белгілеуді тапсырды.
Қабылданған түзетулер осы санаттағы автокөліктерді тіркеу кезінде 200 мың теңге мөлшерінде төмендетілген алым мөлшерлемесін белгілейді.
Заң президентке қол қоюға жіберілді.