Қыркүйекте базалық инфляция 19,7%-ға жетті

5468

Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешімін түсіндірді, деп жазады inbusiness.kz.

Қыркүйекте базалық инфляция 19,7%-ға жетті Фото: inbusiness.kz

Базалық мөлшерлеменің көтерілуіне қазіргі және күтілетін инфляция динамикасы себеп болған. 

Бас банк төрағасының мәліметінше, инфляция жылдық мәнде 17,7%-ға жетті. 22,2%-ға дейін жеделдеген азық-түлік өнімдері бағасының өсуі инфляцияға ең көп үлес қосуда. 

2022 жылғы қыркүйекте азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 17,0%-ға дейін жеделдеді. Жиһаз, жуу және тазалау құралдары, үй шаруашылығын жүргізуге арналған тауарлар, көмір, отын және аяқ киім құны да айтарлықтай өсті.

2022 жылғы қыркүйек айында ақылы қызмет көрсету бағасының жылдық өсу қарқыны 12,3%-ға жетті. Тұрғын үй жалдау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтерінің жекелеген түрлері құнының өсуі де инфляцияға негізгі үлес қосты.

Қыркүйекте базалық  инфляция 19,7%-ға (тамызда – 17,8%) жетіп, жылдық инфляцияның тұрақты өсуін көрсетті. Тұтыну бағасының жедел қарқынмен өсуі барлық көрсеткіштер бойынша байқалуда. Мәселен, соңғы айларда маусымдық факторды ескермегендегі инфляция тұрақты өсуде. Оның жылдық мәнде шілде айында 17,7%-ға дейін баяулап, ал тамыз айында 23,2%-ға дейін өсті, қыркүйек айында 26,8%-ға дейін жеделдеді. 

Халықтың инфляциялық  болжамдары үдей түсуде. Биылғы  жылғы қыркүйек айында алдағы бір жылға күтілетін инфляцияны медиандық бағалау 16,9% болды. Бұл уақытша сипатта болса миграциялық шок инфляциялық күтулерге айтарлықтай ықпал етті.

Базалық мөлешерлеменің өсуіне ішкі экономикалық факторлар да әсер етті. Белсенді фискалдық саясат ақша массасының (М3) өсуіне ықпал ету арқылы инфляцияға әсерін тигізеді. Жыл басынан бері ақша массасы 7,9%-ға немесе 2,4 трлн теңгеге өсті. Мемлекеттік бюджет шығыны инфляциядан асып, жылдам қарқынмен өсуде.

Тұтынушылық сұраныс динамикасы тұрақты. Номиналды бөлшек сауда айналымының көлемі 2022 жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда 15,7%-ға өсті. 9 ай ішінде тұтынушылық кредит өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,4%-ға өсті. Сұраныс тарапынан жеке тұлғалардың тұтынушылық кредиттерінің өсуі қосымша проинфляциялық қысым тудырады. 

Биылғы жылдың 9 айында жалпы ішкі өнімнің өсуі болжамға сәйкес, 2,8%-ды құрады. Іскерлік белсенділіктің баяулауы негізінен тау-кен өндіру саласындағы әлсіз динамиканың есебінен болды. Ол еліміздің негізгі кен орындарына жөндеу жүргізумен және Қашаған зауытындағы апатпен байланысты.  Өңдеу өнеркәсібі, сауда, ақпарат және байланыс, көлік салалары және ауыл шаруашылығы жалпы ішкі өнімнің өсуіне оң үлес қосуда.

Бұл ретте Қазақстан экономикасының орнықты дамуына кедергі келтіретін тәуекелдер өсіп келе жатқан инфляциялық процестер тарапынан қалыптасуда.

Сыртқы сектордағы жағдай белгісіз болып қалуда. Азық-түліктің әлемдік бағасы арзандауда. ФАО индексі биылғы жылғы қыркүйекте 1,1%-ға төмендеді. Оған себеп  болған өсімдік майлары бағасының төмендеуі. Бірақ астық бағасы қымбаттауда. Бидай бағасының көтерілуі Украинаның қара теңіз порттарынан астықты жіберу мүмкіндігіне және Аргентина мен АҚШ-тағы ауа райы жағдайына қатысты қауіп-қатерге байланысты.

Әлемдегі тұтынушылық инфляция әлі де жоғары деңгейде. Бағаның екі мәнді өсу қарқыны дамушы экономикаларда ғана емес, бірқатар дамыған экономикаларда да байқалады. Осындай жағдайларда резервтік валюталарды эмиссиялайтын жетекші орталық банктер монетарлық талаптарды қатаңдатуды жалғастыруда. Біз үшін бұл теңгенің айырбастау бағамына қысымның күшею тәуекелінің өсуін білдіреді. Базалық мөлшерлемені арттыру арқылы теңгедегі активтердің тартымдылығын қамтамасыз ету шаралары талап етіледі. 

Әлемдік мұнай нарығында бағаға әсер ететін түрлі бағыттағы факторлардың болуы байқалады. Бағаның төмендеуіне сұраныс бойынша болжамдардың нашарлауы, АҚШ-тағы қорлардың өсуі әсер етуде. Ресей және Таяу Шығыстың кейбір елдерінен тауар жеткізудегі проблемалар, сондай-ақ ОПЕК+ елдеріндегі мұнай өндірудің жалпы квотасының төмендеуі бағаның өсуін қолдайды. АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасының болжамы бойынша, ағымдағы жылғы 4-тоқсанда Brent бағасы барреліне орташа есеппен 93 АҚШ долларын және 2023 жылы барреліне 95 АҚШ долларын құрайды.

Бұдан басқа, 2023 жылдан бастап инфляцияның жоспарлы түрде төмендеуін қамтамасыз ету үшін қажетті базалық мөлшерлеме деңгейіне барынша нақты бағалау жүргізіледі. Егер базалық мөлшерлеменің ағымдағы көтерілу мөлшері жеткіліксіз болған жағдайда Ұлттық Банк ақша-кредит талаптарын одан әрі қатаңдату мүмкіндігін қарастыратын болады. Бұл сценарийдің ықтималдығы жоғары деп бағалануда.

Жыл соңына дейін күтілетін инфляцияны және ақша-кредит талаптарының бағалауларын ескере отырып, Ұлттық Банкте  базалық мөлшерлемені көтеру мүмкіндігі бар.     

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2022 жылғы 5 желтоқсанда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 14:00-де жарияланбақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу