Қытай берген қарызын кешіре салатын мемлекет емес – сарапшы

Пандемияның алдында Қазақстанда Қытайдың қатысуымен 55 жоба жүзеге асады деген ақпарат тарап, бұған қоғам белсенділері қарсылық танытып, арты біраз дауға ұласқан еді. Кейін карантин мен төтенше жағдай болып, бұл тақырып ұмыт қалды. Бірақ іргелес көршіміз, шығыстан келетін инвесторлар тақырыбында әңгіменің шеті шықса халқымыз неге сонша күдіктенеді? Біз неге қытайлық инвесторларының келуінен сонша қауіптенеміз? 

Қытай берген қарызын кешіре салатын мемлекет емес – сарапшы

Inbusiness.kz тілшісі Алматы менеджмент университетінің доценті, "Қазақстандағы саясат, экономика және әлеуметтік өмір" кітабының авторы, көп жылдан бері Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас тақырыбын зерттеп жүрген Нұртаза Қадірниязовтан сұрады.

– Нұртаза аға, пандемия алдында 55 жоба туралы дау шыққан еді. Бұған не себеп? Қазақстанға қытайлық инвесторлардың келуі экономикалық жағынан тиімді емес пе?

– Мұндағы бірінші мәселе ол зауыттарды іске қосу үшін кемінде әр зауытқа 10 қытайлық маман келеді. Оны 55 кәсіпорынға шаққанда 550 адам. Ал олардың әр қайсысына 10 есе, 15-20 адамнан келетін болса олардың саны арта берді. Екіншіден олар біздің мамандарды оқытпайды, қазақстандықтарды үйретпейді немесе қандай да бір сылтаумен үйретпеуге тырысады. Оның себебі неде? Себебі техникалар мен жұмыс барысын үйретсе, өздері жұмыссыз қалады. Сондықтан олар өздері осында жұмыс бабымен қалуға тырысады. Бұған қоса олар салған кәсіпорындарының "пайдасын сіздер көріңіздер" деп бізге тастап кетіп қалмайды. Зауыттар Қытайдың меншігінде болады. Негізгі пайданы сол елге алып келеді. Сондықтан қоғам белсенділері қытайлық инвесторлардан қауіптенеді.

– Қытайлық инвесторлар Қазақстан экономикасының әлсіз тұстарын бағындыруға  тырысуда деген пікір де айтылып жүр. Бұл туралы ойыңызды білсек.

– Бұл ретте Қазақстан экономикасының әлсіз тұстары қандай? Осыны анықтап алайық. Бізде ішкі өнім өндіру деңгейі төмен. Одан кейін ішкі инвестиция көлемі аз. Бұл зейнетақы қорындағы қаржы бар, тағы басқасын отандық кәсіпорындарға, түрлі экономикалық тиімді жобаларға салу көрсеткіші. Сонымен қатар 53 млрд доллар шамасында алтын-валюта қорымыз бар. Бұл қаржыны неге отандық жобаларға салмаймыз? Әлсіз тұстарымыздың бірі ол сыртқы қарыз. 2020 жылдың 20 қазанындағы жағдай бойынша 160 млрд доллардан аса сыртқы қарызымыз бар. Оның ішінде 33 млрд 300 млн доллар мемлекеттік сектордың қарызы. Біздің Қытайға қарызымыз 11 млрд доллар. Аталған мемлекет берген қарызын ешқашан кешірмейді. Шығыстағы көршіміздің алтын-валюта қоры 3 трлн 101 млрд 700 млн долларды құрайды. Мұндай қор АҚШ-та да жоқ. Сондықтан Қытай ақшалай қарыз беруге қашанда дайын. Ал оны қалай қайтарамыз? Мәселе осында. Кімге қарыз болсақ, болашақта сол елге кіріптар боламыз. Сондықтан өз зауыт, фабрикаларамызды Өзбекстан сияқты өзіміз салып, содан түскен пайданы мемлекет игілігіне жұмсауымыз керек.

– Неге олар бізге қызығады? Зауыттар ашып, ақша салғысы келеді? Экономикасы әлсіз, инвесторларға зәру басқа да мемлекеттер көп қой.

Қазақстанның жері өте үлкен, 2,7 млн шаршы шақырым. Бірақ бұл аумаққа шаққанда халқымыздың саны аз. 18 млн-ға жетер жетпес. Ал Шанхайдың өзінде 23 млн адам тұрады. Яғни, Қытайдың бір қаласында Қазақстаннан көп халық тұрады. Одан кейінгі мәселе, қазақтың жері қазба байлыққа өте бай. Баршаға белгілі Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы бар. Мұнай, хром, алтын, мырыш, қола. Сондай-ақ, біздің заңдарымыз шетелдік инвесторларды жақсы қорғайды. Бұған қоса елімізде бизнес климат өте жақсы. Аз ақша салып, көп пайда табу мүмкіндігі жоғары. Қорыта айтқанда біздің экономикамыз инвесторлар мен әріптестік үшін өте ашық.

– Қытайда жұмыс күші өте арзан. Тіпті әлемдік брендердің де киімдері сол елде тігіледі. Олардың біздің елдің еңбек нарығына араласуы экономикалық жағынан қалай ықпал етеді?

– Қытайдың тек қалаларында 5 млн-нан астам жұмыссыз тіркелген. Оның 1 млннан астамы ешқашан жұмыс таппайтын адамдар. Бұл елдің ішкі миграциясы 261 млн адамды құрайды. Оның 24 млны қала тұрғындары. Ал 188 млн-ы –ауылдан көшкен мигранттар. Яғни, бұл елде халықты толық жұмыспен қамту мүмкін емес. Сондықтан олар сырт мемлекеттерден жұмыс іздеуге тырысады. Біздің елде 500 мыңнан астам еңбекпен қамтылмаған немесе тұрақты жұмысқа тұрмаған адам бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың саны 2 млн-нан асады. Сондықтан кез келген мемлекет бірінші кезекте ішкі еңбек нарығын қорғауға тырысу керек. Ал біздің елімізде 2 мыңнан астам Қытай компаниясы бар.

– Ал заң жүзінде сырттан келетін жұмыс күшінің санын шектеп, бір зауытта 10-20%-дан аса өзге ел азаматтары жұмыс істемеуі керек немесе компания үлесін шектеу деген талап қоюға болады емес пе?

– Әлбетте ішкі нарықты қорғауымыз керек. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде ешбір адам бара салып, бизнес аша алмайды. Кемінде бизнестің 51% үлесі сол ел азаматының қолында болуы шарт. Мұндай заң көрші Өзбекстанда да қарастырылған. Тіпті мемлекеттік-жеке серіктестік болса, компанияның 51% бақылаушы пакеті сол өзбек азаматының қолында болуы міндетті. Бұл дүниежүзілік тәжірибе. 1997 жылы біз Ақтөбе мұнай-газ компаниясының 60%-дан жоғары бақылаушы пакет акциясын шығыстағы көршімізге сатып жібердік. Мұндай жағдай Құмкөл мұнай-газ кен орнында да болды.

– Демек, елімізде қытайлық компаниялардың саны артса, этнос өкілдері де көбейеді деген сөз ғой...

– Бұл тақырыпта "Қытайдың этникалық қақпанына түскен мемлекеттер" деген мақала жазғанмын. Сонда Малайзия туралы ақпарат бар. Бұл елдің 29%-ын қытайлықтар құрайды, нәтижесінде Малайзияның ірі компанияларының 61%-ына иелік етеді. Сол компания басшыларының 3-тен 2-сі біздің шығыстағы көршілеріміз. Мәселен, Филлипиндегі этникалық қытайлардың саны 1%. Осы азаматтар сол елдегі ірі компаниялардың 60%-ына иелік етеді. Әлемдегі ең үлкен алмас қоры бар Зимбабве 37 жылдан бері Қытайдан қарыз алды да, соңында валюталары инфляцияға ұшырап, юаньді ұлттық валютасы етіп алуға мәжбүр болды. Мұның барлығы инвестициядан басталған.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу