Қытай гидтерінің Қазақстанда жұмыс істеуіне тыйым салынбақ

5499

Осыны нақты жүзеге асыруға ықпал ететін заң жобасы әзірленді. Сондай-ақ туристерге жолдаманы келісім бекітусіз сату секілді белең алған кесірлі тәжірибеге тосқауыл қойылмақ. 

Қытай гидтерінің Қазақстанда жұмыс істеуіне тыйым салынбақ

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстан ішкі туризм арқасында көбірек табыс таба бастапты. Бір жыл ішінде салада көрсетілген қызметтер көлемі 55,6%-ға артты. Туризмнен көбірек табыс табу жөнінен Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Ақмола, Түркістан облыстары лидер саналады.

Ресми статистикаға жүгінсек, ішкі туризм бойынша кызмет көрсететін орналастыру орындары, яғни қонақүйлер, демалыс базалары, курорттар және басқасы 5,5 млн адамды қабылдап, 109 млрд теңге пайда тапқан. Көрсетілген қызметтер көлемі былтырғыдан 55,6% көп. Оның ішінде шипажай-курорттарда 2,5 мың қазақстандық және 181,2 мың шетелдік турист тынығып, 58 млрд теңге кіріс кіргізген.

Өңірлер арасында барлығының дерлік табысы артты, тек Атырау облысының туризмнен көрген табысы екі еседей құлдырап, 1,7 млрд теңгені ғана құрапты. Түркістан облысының табысы 2,3 есе артып, 3,8 млрд теңгені құрады. Бірақ ол көшбасшылардың қарқынына ілесе алмады: Алматы қаласының табысы 27,9 млрд теңге, Нұр-Сұлтанда – 20,3 млрд теңге, Ақмола облысында – 10,5 млрд теңге болды.

Ұлттық статбюроның дерегінше, елімізде 3,7 мың орналастыру орнында 79,8 нөмір-бөлме бар. Олар біз мезгілде 193 мың адамға төсек орнын ұсына алады. Курорттық аймақтарда 39,7 мың бөлмеге ие 1,6 мың орналастыру орны қызмет етеді.

Дегенмен ішкі туризмді дамыту барысында бірқатар проблемалар әшкереленуде. Оларды жою үшін Әділет министрлігі Әкімшілік кодексті өзгерту аясында жаңа заңнамалық түзетулер әзірлеп отыр.

"Біріншіден, жазбаша түрде агенттік келісімшарт жасасу міндеті "ҚР-дағы туристік қызмет туралы" заңының 15-бабының 3-тармағында көзделген. Алайда оны жасаспағаны, яғни заң бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде ешқандай жаза, жауапкершілік жоқ. Екіншіден, қазіргі уақытта туристік өнімді, яғни жолдаманы саяхатшыларға туроператорлар мен турагенттердің ешқандай агенттік келісімшартсыз сату жағдайлары жиілеп кетті. Үшіншіден, туроператорлар туристік агенттермен сатып алу-сату келісімшарттарын бекітуге әуестене бастады. Осы арқылы турагенттіктерді құқықтық өрістен тыс шығарады", – дейді Әділет министрі Қанат Мусин.

Жалпы турагенттіктер толығымен дерлік туроператорларға тәуелді болып қалды, ал соңғыларының көбі шетелдік, негізінен ресейлік.

Сондықтан Әкімшілік кодексте жаңа нормалар қарастырылады. Мысалы, оның "ҚР туристік қызмет туралы заңнамасын бұзу" деп аталатын 187-бабын жаңа 6-шы бөліммен толықтыру жоспарланып отыр. Оған сәйкес, "Туроператорлардың немесе турагенттердің туристік өнімді өткізуге арналған жазбаша агенттік шартсыз туристік қызметтер көрсетуі" шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 17 АЕК (2022 жылы – 52 071 теңге), орта кәсіпкерлікке – 25 АЕК (76 575), ірі кәсіпкерлік нысандарына – 50 АЕК (153 150 теңге) көлемінде айыппұл салынуына соқтырады

Келесі проблема экскурсия жетекшілеріне қатысты. Сала мамандары ҚХР туристерінің өздерімен бірге қытай гидін ала келетінін сынап жүр. Ол гид қытай туристеріне қазақ мүддесіне, Қазақстан тарихына қарсы ақпараттар беруі мүмкін. Алматы өңірінде Қырғызстан азаматтары да осы кәсіппен айналысатыны жасырын емес. Олар да Қазақстан тарихын, жергілікті жер-су аттарының тарихын терең білмейді.

Негізі, елімізде шетелдік гидтердің жұмысына заң жүзінде тыйым салынған, енді оны тәжірибеде жүзеге асыру көзделіп отыр. Ол үшін де заңды түзету керек екен.

"Бүгінде Қазақстанның азаматы болып табылмайтын және туризм саласында даярлығы жоқ гидтердің, туризм нұсқаушыларының және экскурсия жетекшілерінің туристік қызметтерді көрсету жағдайлары жиілеп кетті. "ҚР-дағы туристік қызмет туралы" заңының 23-бабы бойынша гидтен, туризм нұсқаушысынан, экскурсоводтан міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы талап етіледі. Бірақ қолданыстағы Әкімшілік кодексте оны бұзғаны үшін еш жауапкершілік қарастырылмаған. Сондай-ақ, Қазақстан азаматтары мен шетелдіктердің гидтерден шынайы және тексерілген ақпаратты алу құқығын қорғау бағытында шаралар қабылдау қажет. Сонымен бірге, елімізде шетелдік гидтердің, туризм нұсқаушыларының, экскурсия жетекшілерінің жұмыс істеуне тосқауыл қою керек", – деді Әділет министрі.

Осы мақсатта, аталған кодекстің әлгі 187-бабына 7-ші жаңа пункт қосылмақ. Оған сәйкес, "Туризм саласында даярлықтан өткені туралы сертификаты жоқ немесе азаматтығы жоқ гидтер, туризм нұсқаушылары, экскурсоводтар туристік қызметтер көрсетсе", онда шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 17, орта кәсіпкерлікке – 25, ірі кәсіпкерлік нысандары – 50 АЕК айыппұл салынады.

Бұл түзетулерге қатысты сын айтылуда. Мысалы, Қазақстанның туристік нарығы басым көпшілігінде шағын кәсіпкерлік нысандарынан тұрады. Тиісінше, оларға айыппұлдың тек ең аз сомасы (17 АЕК) қолданылады. Мұны олар шыбын шаққан құрлы көрмеуі мүмкін. Өйткені турагенттіктер әрбір туржолдамадан 150 мың теңгедей табыс табады екен. Ал заң бұзғаны әшкереленсе, небары 52 071 теңге айыппұл төлейді. Оның үстіне жүздеген, мыңдаған клиентке қызмет көрсету кезінде заңды аяқасты етуі мүмкін. Алайда нақты бір факті бойынша ғана әкімшілік жаза қолданылады.

Демек заң жобасы Парламент қабырғасында да одан әрі пысықтала түсері сөзсіз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу