Қытай халқының саны тең жартысына дейін азаюы мүмкін

3334

Бірақ Біріккен ұлттар ұйымы біздің аймақта Қазақстан халқының қарқынды өсіп, оның "Мәңгілік елге" айналарына сенеді.

Қытай халқының саны тең жартысына дейін азаюы мүмкін Фото: canva.com

Жаһандық ұйымның топшылауы бойынша ХХІ ғасырдың соңына қарай Қытай өз халқының жартысына дейінгісінен айрылып қалуы мүмкін. Біріккен ұлттар ұйымының сарапшылары ұқсас болжамды Украина, Польша сияқты бірқатар елге қатысты айтты. Ресейдің де жағдайы нашар көрінеді.

БҰҰ Жер тұрғындарына, әлемдегі адамзат популяциясына қатысты жаңа болжамын (World Population Prospects 2024) жариялады. Ондағы негізгі байлам: адамдар баланы аз туа бастады. Соның ішінде Ресей, Қытай, Германия, Жапония сияқты көптеген елдер қазірдің өзінде халқының саны жөнінен шырқау шегіне, шыңына жетті және ары қарай, болашақта оларды тек қана құлдырау күтіп тұр.

"Әдетте мұндай тұжырымдар жамандық, зұлмат деп қабылданады. Бірақ ғалымдар басқаша ойлайды: планетада адамдар неғұрлым аз болса, адамзат туындататын экологиялық сын-қатерлерді Жердің өз бетінше еңсеруі де соғұрлым жеңіл болмақ. Бала туудың төмендеуі негізінен, дамыған елдерде тіркелуде. Сондықтан тұрғындардың санын тым құлдыратпай, ұстап тұру үшін оларға мигранттардың келуін ынталандыруға тура келмек. Ғаламшарда бала туудың локомотиві рөлін әзірге Үндістан мен Африка елдері атқаруда. Алайда ХХІ ғасырдың соңына қарай оларда да көрсеткіштер баяулай бастайды", – деп жазады БҰҰ жаңа болжамын талдаған "Холод" басылымы.  

Сонымен, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің зерттеушілерінің пайымдауынша, адамзаттың көбеюінің шырқау шегі – ХХІ ғасырға келіп, қарқынды өсу аяқталады.

Егер халықаралық сарапшылар осыдан 10 жыл бұрын мұның ықтималдылығын тек 30% деп бағаласа, енді 80% деңгейіне жеткізілді. Қалған 20 пайызы – бұл болжамды кілт өзгертіп жіберуі ықтимал "қара аққулар", жаһандық тосын бетбұрыстар, тарихи оқиғалардың ықпалы.

Оның үстіне, адамзат санының тарихтағы ең жоғарғы шегі де төмендетілді. БҰҰ эксперттері 2014 жылы Жер шарындағы адамдардың максималды саны 2100 жылы 10,9 миллиардқа жетеді деп болжаған. Ендігі максимум – 10,3 миллиард қана және ол межеге адамзат 2080 жылы жетпек. Содан кейін Жер тұрғындарының саны тек төмендей береді деп жорамалданып отыр.  

БҰҰ дерегінше, көрші Ресей де бала туудың шырқау шегін артта қалдырып, одан ары бұл көрсеткіші тек құлдырай беретін, "өмірдің көбі кетіп, азы қалды" деп күрсінетін жағдайда. Бұған Мәскеудің Украинаға қарсы соғысы сұрапыл серпін берді.

Сарапшылардың пікірінше, Ресейді демографиялық шыңыраудан тек мигранттар шамалы құтқара алады. БҰҰ болжамынша, көші-қонды ынталандырмағанда, Ресейде тұрғындар санының шырқау шегі бұдан да ерте болатын еді. Росстат дерегінше, биылғы 4 айда және тек Мәскеу мен Санкт-Петербургке 2 миллионнан астам шетелдік мигрант қоныс аударған. Жаңа әдестеме бойынша солтүстік көрші жалпыұлттық санақта тек Ресей азаматтарын ғана емес, мигранттарды да есепке алады және олар да "Ресей тұрғыны" деп есептеледі. Сол арқылы Мәскеу 2021 жылғы соңғы санақ қорытындысында "РФ-та 147 182 123 тұрғын бар" деген көрсеткішке қол жеткізді.

БҰҰ мәліметінше, бүгінде Ресейде 1 әйелге 1,45 нәрестеден келеді.

Росстат ақпараты бойынша көрсеткіш одан да төмендеді: 1,41 сәби.

Бірақ мигранттар легі бәрібір демографиялық құлдыраудан құтқара алмайтын көрінеді: ғасыр соңында солтүстік көршіде ондаған миллион келімсектерді қосқанның өзінде 125 миллиондай тұрғын қалады. Ресейлік демографтардың болжамы әлдеқайда пессимистік: ХХІ ғасыр соңында РФ-та 80 миллион тұрғын ғана қалады.   

Ресейдің көршілері арасында БҰҰ тек Қазақстан мен Әзербайжанның болашағынан мол үміт күтеді. Жаһандық ұйым сарапшыларының мәліметінше, Қазақстан халқының саны 2100 жылға қарай 50%-дан астамға артады. Қазақстандықтардың қатары 2024 жылғы 20,5 миллионнан жүзжылдық түгесілер тұста 33,6 миллионға дейін өсуі мүмкін.

Бұған еліміздегі бала туудың жоғарғы деңгейі де ықпал етуге тиіс: 2024 жылы әрбір әйелге шаққанда 2,98 баладан келсе, 2100-шы жылдары бұл коэффициент 1,94 бала деңгейінде сақталады деп күтілуде. Әрине, егер қазақстандық айымдар көп балалы отбасыны қаласа! Қаламаса, бір-екі баламен шектелсе, Қазақстан да өзге елдердің кебін кешуі даусыз.

Әзербайжан ағайындар халқының санын көп құлдыратпай, сол деңгейде сақтап қалады деп болжанды: 2024 жылғы 10,3 миллионнан 2100 жылы 10 миллионға дейін.

Бұл ретте алдағы 30 жылда халқының саны белсенді өсетін елдер қатарында тек Үндістан, Индонезия, Пәкістан, Нигерия, Ангола, Орталық Африка Республикасы, Конго демократиялық республикасы, Нигер мен Сомали ғана қалады.

БҰҰ бағалауынша, бұл ғасырда тұрғындары санының апаттық деңгейде азаюы Қытай, Албания, Босния мен Герцеговина, Пуэрто-Рико, Украина, Литва, Молдова сияқты елдерде тіркелуі мүмкін.

Жалпы алғанда, ғаламшар тұрғындары санының қысқаруының басты себебі – бала туудың кемуі. Егер мемлекеттер бұған дейін жеткізгісі келмесе, бала туу коэффициентін әрбір әйелге шаққанда 2,1 баладан төмендетпей ұстап тұруы шарт. Қазірдің өзінде планетадағы мемлекеттердің шамамен 55%-ында бұл көрсеткіш осы деңгейден төмен.

"Кейбір елдерде бүгінде бала туу деңгейі бұрын болжанғаннан да анағұрлым төмендеп кетті. Бұған қоса, біз бұл көрсеткіштің дүниежүзінің бірқатар өңірінде әлдеқайда тез төмендеп бара жатқанын бақылап отырмыз. Бұл бала туу деңгейі жоғары өңірлерде де тіркелуде", – деді БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Ли Цзюньхуа.

Осылайша, бүкіл әлем бойынша 2024 жылы бала туудың орташа деңгейі әрбір әйелге шаққанда 2,25 баладан келіп отыр. Салыстырсақ, 1990 жылы бұл көрсеткіш 3,31 балаға жететін.

Ғаламшардағы мемлекеттердің 20%-ында бала туу деңгейі тіпті "әрбір әйелге шаққанда 1,4 бала" көрсеткішіне де жетпейді. Олардың арасында Қытай, Оңтүстік Корея, Испания, Италия бар.

Әлемдегі ең көп халық қоныстанған Қытайдың тұрғындарының саны 2022 жылдан бері азайып келеді. Бүгінде қытай сарапшылары да ханзу елінің демографиялық шұңқырға түсіп бара жатқанын және одан енді шыға алмайтынын ашық айтады. Өйткені мұны статистика растайды: отбасылардың бірнеше бала тәрбиелеуіне рұқсат етілгеніне қарамастан, 2023 жылы шың елінде 1 әйелге 1 баладан келген. Бұл – статистика жүргізіле бастаған бүкіл кезеңдегі ең төменгі көрсеткіш.

БҰҰ бағалауынша, ғасыр соңына қарай ҚХР халқының саны 50%-ға азаяды. Сөйтіп, Қытай тұрғындарының саны 2023 жыл қорытындысындағы 1,42 миллиард адамнан 2100 жылға қарай шамамен 600 миллион адамға дейін кемиді.

Үндістан шырқау шегіне 2060 жылы жетеді: сонда бұл елде 1,7 миллиард адам тұрып жататын болады. Содан кейін үнділер қатары біртіндеп кеми береді. Би мен Болливуд елінде бала туу коэффициенті қазірден төмендеді: 2013 жылы 1 әйелге 2,4 баладан келсе, 2023 жылы 1,98 баладан ғана тиді.

Мұның салдары қандай? Үндістан халқының саны бір орнында қалады деп күтілуде: қазіргі уақытта онда 1,45 миллиард адам тұрады. 2100 жылға қарай 1,5 миллиард адам өмір сүрмек.

Қытайда халық рекордтық қарқынмен қартаюда, жас ұрпақ бұрынғыдай тездетіп балалы болуға асықпайды. Олардың отбасы құруға табысы жетпейді. Себебі, аға ұрпақ заманында Қытай аса кедей болды, баспана да, жер де арзан тұрды. Енді бәрі басқаша, ҚХР миллиардерлер мен миллионерлер саны бойынша әлем көшбасшыларына қосылды. Ел табысының өсуі баспана құнының еселеп артуына түрткі болды, жастарға қолжетімсіз болып қалды.

2022 жылы тұңғыш рет Қытайда халықтың өлім-жітім көрсеткіші бала туу көрсеткішінен асып түсті. Бұл – демографиялық құрдымның алғашқы "табалдырығы".

Қытай билігі демографиялық дағдарысты дәстүрлі құндылықтар арқылы доғаруға ниетті. Ол әйелдерді от басы, ошақ қасына қайтаруды қарастырады: ана өз балаларының, қарт ата-ананың күтімімен айналысқаны жөн. Сарапшылар осы мақсатта биліктегі ханымдардың саясат сахнасынан аласталып жатқанына назар аудартады. Мысалы, 2022 жылы Компартияның Саяси бюросының құрамына алғаш рет бірде бір әйел кіргізілмеді.  

ҚХР лидері Си Цзиньпин социализмді тұрғызу бойынша өршіл міндеттің әйелдерге де жүктелетінін, бұл үшін олар көбірек бала тууы керектігін нықтады. Си Цзиньпин 5 жылда бір рет өтетін Әйелдердің бүкілқытайлық съезіне өзі қатысқан болатын. Әйелдер құрылтайына Си сыртында кем дегенде 5 жоғары лауазымды партиялық лидер келді, олардың бәрі – ерлер.

Сондай-ақ шығыс көршіде "менің денем – менің шаруам" деген қағиданы ұстанатын феминизммен, childfree қозғалысымен күрес жанданды, "дәстүрлі отбасын" дәріптеу күшейтілді. Өйткені Қытай көшбасшысының мәлімдейінше, бірінші кезекте қытайлық әйел "қытайлық ерекшелігі бар социализмді" тұрғызуға көмектесуге тиіс. Бұл үшін ол отбасы құрып, бала тууды басты орынға қоюы шарт.

"Біз неке мен бала туу мәдениетінің жаңа типін қалыптастыруға белсенді септесуіміз қажет", – деп қорытындылады съездегі сөзін Си.

Осыған орай ҚХР-да "Әрбір отбасыға бақыт пен денсаулық", "Ең көркем отбасы", "Сау-саламатты қытай анасы" сияқты мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу