Қытай Қазақстаннан қалып қойды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5375

АҚШ-тың зерттеу орталығы Қазақстанды - 41, Қытайды - 110 орынға орналастырды. 

Қытай Қазақстаннан қалып қойды

АҚШ-тың The Heritage Foundation зерттеу орталығы мен The Wall Street Journal газеті дүниежүзілік экономикалық еркіндік рейтингін жариялады. Нәтижесінде Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш бастап, әлем бойынша экономикалық еркіндік индексінде 41 орынға жайғасты.

Зерттеу жүргізгендердің мәліметінше, біздің ел түрлі көрсеткіш бойынша мүмкін болған 100 ұпайдың 69,1-ін еншілеген.  

"Қазақстан Азия тынық мұхит аймағындағы 43 елдің ішінде 11 орында тұр, ал жалпы жинаған ұпайы аймақтық және әлемдік көрсеткіш бойынша ортадан жоғары", – деп жазылған зерттеу орталығының баяндамасында.

1995 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан зерттеу барысында сарапшылар бизнес, сауда, инвестиция, еңбек еркіндігі, жекеменшік құқығына кепілдік беру, монетарлы, фискалды еркіндік және жемқорлықтан қорғау сапасы сияқты көрсеткіштерді есепке алады. Сөйтіп еншілеген ұпайына қарай әлем елдерін "еркін", "айрықша еркін", "орташа еркін", "аса еркін емес" һәм "экономикасы баяу мемлекет" деп бес топқа жіктейді.

Қазіргі көрсеткіш бойынша Қазақстан экономикалық еркіндік индексінің "орташа еркін" деген тобында тұр. Біздің елдің "еркін" немесе "айрықша еркін" деген топтарға қосыла алмауының бірнеше себебі бар. Бұл туралы зерттеу орталығының сарапшылары: "Мемлекет мұнай және өндіріс саласында өзіне сенімді. Сондықтан ел үкіметі көлік, фармацевтика, телекоммуникация, мұнай-химия және тамақ өнеркәсібі сынды салаларды ілгерілетуге тырысуда. Дегенмен кейбір қалыпты өзгерістерге қарамастан, инвесторлар сыбайлас жемқорлық, бюрократия, аймақтық және муниципалдық деңгейдегі заң үстемдігі сынды кедергілерден сақтанып отыр.

Бұдан бөлек өтімділік деңгейінің төмен болуынан зардап шегіп отырған банк секторы, ондағы актив сапасының төмен болуы, ашықтықтың болмауы қосымша мәселе туғызуда", – деді.

Біле жүріңіз, экономикалық еркіндік тұжырымдамасы шотланд экономисі Адам Смиттің "Халық байлығы" атты еңбегі негізінде жүзеге асқан. Экономикалық еркіндік рейтингін қалыптастырушылар табыстылық пен экономикалық еркіндік арасында тығыз байланыс бар екенін айтады.

"Экономикасы еркін елдердің әл-ауқаты өзгелерге қарағанда едәуір жақсы болады және экономикасы еркін мемлекеттердің жан басына шаққандағы табысы басқалармен салыстырғанда шамамен 3 есе көп", – дейді жобаны жүзеге асырушылар.

Орталық Азия елдері арасында Армения бізге жақын орналасты. Олар 44 орыннан көрінді. Біз Ямайкамен,  (40 орын) Колумбия (42 орын) бізбен қатарласты. Ал айыр қалпақты ағайын - 78 орыннан табылса, Тәжікстан -106, Өзбекстан - 152, Түркіменстан - 169 орынға табан тіреді.

Солтүстіктегі көршіміз - 107, Беларусь мемлекеті - 108 орынға орналасты. Украина Еуропа елдері арасында 44, ал әлемнің 180 мемлекеті арасында 150 орынды місе тұтты.

Сарапшылар Украинаның көңіл құлазытар көрсеткішке ие болуына Қырым аннексиясы мен Донбастағы соғыс тікелей ықпал еткенін айтып отыр.

Айтпақшы Қазақстан осы рейтингте Польша (45 орын), Түркия (58 орын), Испания (60 орын), Франция (71 орын) мемлекеттерінің алдына шықты.

Мына қызықты қараңыз, сарапшылар әлем экономикасының көшбасшыларының бірі саналатын ҚХР-ды 110, ал АҚШ-ты 18 орынға орналастырды. Бұл – сөз һәм зерттеу жүзінде Қазақстан Қытайдан озды деген сөз.

Айтқандайын, Гонконг биыл 24 рет әлемдегі экономикасы ең еркін аумақ деп танылды. Сингапур екінші орынды иеленсе, Жаңа Зеландия үшінші болды. Үздік ондыққа Швейцария, Аустралия, Ирландия, Эстония, Ұлыбритания, Канада және БАӘ енді. Ал Конго, Куба, Венесуэла және Солтүстік Корея көштің соңында қалды. 

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу