Қытай қазақтары қоныстанған жайлау танымал туристік орынға айналды

1140

Қытайдың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында Шыңжаңдағы қазақтар қоныстанған жайлауды көру мүмкіндігіне ие болдық.  

Қытай қазақтары қоныстанған жайлау танымал туристік орынға айналды Фото: inbusiness.kz

Табиғаты әсем Нарат жайлауы ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Іле Қазақ автономиялық округінде орналасқан. Күнес ауданындағы жайлау бүгінде танымал саяхат орындарының бірі болып отыр. 1999 жылы Нарат ұлттық табиғи паркі ашылды. "Нарат" сөзі моңғол тілінде "күн көрген жайлау" деген мағынаны білдіреді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Нарат паркі 2011 жылы Қытайдағы 5А дәрежелі саяхат орнына қосылды. Жаз мезгілінде күніне 40 мыңдай саяхатшы қабылдаймыз. Қыста бұл жерде шаңғы тебуге арналған алаң бар. Ұлттық табиғи паркте саяхатшыларды күтетін арнайы киіз үйлермен қатар жергілікті тұрғындар тіккен киіз үйлер де бар. Осы жерде мал бағып, шаруашылық ұстайтын адамдар баршылық", - деді гид Дегдар Нұрғазықызы.

Айта кету керек, Нараттың сұлулығын тамашалауға Жуңгодан, яғни Қытайдан адам көп келеді. Бір сөзбен айтқанда, ішкі туристер басым.

                                                                 Наратқа қалай жетуге болады?

Егер Астанадан жолға шықсаңыз, онда Үрімшіге баратын тікелей рейсті таңдауға болады. Одан кейін "Үрімші-Күнес" бағытында жүретін ұшаққа отыруыңыз қажет. Жолға шамамен 1,5 сағат уақыт кетеді. Әрі қарай Нарат ұлттық паркіне жеке көлікпен немесе автобуспен жетуге болады. Діттеген жерге жеткен соң туристер гидтердің көмегіне жүгіне алады. Баспасөз туры барысында бізге саяхат орнын қытай, қазақ, ағылшын тілдерінде түсіндіретін мамандар бар екені айтылды. Біздің гид Дегдар Нұрғазықызы қытай және қазақ тілдерінде сөйлейді.

Табиғи паркке міндетті кіру ақысы – 95 юань.

"Автобуспен келетін болсаңыз, үш жолдың кірепұл бағасы ұқсамайды. Бірінде 40 юань, жайлау арқылы 40 юань, күздік жайлауға барсаңыз 24 юань болады. Бұл саяхатшының таңдауына байланысты. Автобуспен отырып бір жолға барып келсеңіз, ең аз дегенде үш сағат уақыт кетеді. Асықпай қыдырамын десеңіз, бір орынға 5-6 сағат кетуі мүмкін. Сондықтан автобус билетін  өзіңіздің уақытыңызға қарай таңдап аласыз. Кіру ақысы 95 юань 48 сағатқа жарайды", - деп түсіндірді гид.

Теңіз деңгейінен 1800 метрде орналасқан таулы жердің көрікті табиғатын биіктен тамашалауға мүмкіндік бар. Ол үшін ағаш баспалдақпен көтерілу керек. Саяхатшылар атқа міне алады, сондай-ақ аэроплан арқылы жергілікті жерді аралап шыға алады.

"Көктоғайдағы шопан" деген әнде "көрікті Нарат жайлауы" деген сөздер бар. Бұл қытай тіліндегі ән. Ол 2019 жылдары ел арасында танымалдыққа ие болды. Содан бастап осында келетін саяхатшылар да көбейген", - деп атап өтті аудармашы Жайна.

Туристер бауырсақтан дәм татып, қазақтың салт-дәстүрімен танысады

Туристерге арналған тамақ ішетін орын мен қыдыратын жерлер жергілікті тұрғындар тіккен киіз үйлерден бөлек орналасқан. Мұнда келген туристер қазақ халқының салт-дәстүрімен, атап айтқанда қыз ұзату, келін түсіру, беташармен таныса алады. Осы мақсатта театрландырылған қойылым да көрсетіледі. Көп шаруаны өзіміздің қаракөз қандастарымыз дөңгелетіп отыр.

Нарат жайлауындағы киіз үйлерге кіру тегін. Туристер тамақ пен сусынға ақша төлейді. Мысалы, сиыр етінен жасалған сорпа 25 юань тұрады. Палау – 35 юань, бір тәрелке бауырсақ – 10 юань, шелпек – 8 юань, сүт қосылған шай – 15 юань, қара шай тегін.

36 жастағы Рақат есімді қандасымыздың туристердің ас-суын қамтамасыз ету бағытында шағын кәсібі бар. Айтуынша, жазда саяхатшылар көп келеді. Қандасымыз ет жақынын көргендей бар дәмдіні алдымызға қойып, мәре-сәре болды.

"Қазақстанға жиі барып тұрамыз. Алматыда, Астанада болдық. Маған ұнады. Ата-бабам осы Наратта туып-өскен", - деді ол.

Сөзінше, қызметшілердің жалақысын есептемегенде айына түсетін таза табысы шамамен 50 мың юань болады.

Күнес халқының жартысы қазақтар

Іле Қазақ автономиялық округіне қарасты Күнес ауданында 300 мыңнан астам халық тұрады, оның тең жартысы қазақтар. Табиғи парк орналасқан Нарат ауылында 33 мың адам бар.

54 жастағы Ясымбек Тұрап мал шаруашылығымен айналысады.

"Наратта дүниеге келіп, осында өстім. Үш балам бар. Балалардың үлкені отбасын құрды, кейінгілері оқып жатыр. Жағдайымыздың бәрі жақсы. Әзірге Қазақстанда болмадық", - деді ол.

Тілші "Атамекенді көру жоспарыңызда бар ма?" деп сұрады.

"Болашақта балалар оқу бітірген соң көреміз. Барып көргіміз келеді. Осы Нараттың өзіндегі қазақтар бір отбасының адамындай араласамыз, қазақша сөйлейміз. Салт-дәстүрді ұстанамыз. Қазақстанға кеткен туған-туысымыз бар", - деді Ясымбек Тұрап.

Айта кету керек, атамекенінен жырақта жүрген қандастарымызбен ұзақ тілдесудің мүмкіндігі болмады. Себебі баспасөз турының бағдарламасында белгіленген уақыт шектеулі еді. Десек те, біз кездестірген қандастарымыз ұлттық болмысын жоғалтпай, салт-дәстүрді берік ұстанып жүргендерін естігенде қуанышымызды жасыра алмадық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу