Қытай, климат, вакцина: G7 лидерлері неге уағдаласты

6571

"Үлкен жетілік" мемлекеттерінің басшылары екі жылдан бері алғаш рет бас қосып, халықаралық күн тәртібінде туындаған бірқатар ірі проблемаларды еңсеруге келісті.  

Қытай, климат, вакцина: G7 лидерлері неге уағдаласты

Әлемнің ең бай жеті мемлекетінің тобы Джо Байден АҚШ президенті ретінде алғаш рет қатысқан саммитінде Қытайдың өсіп келе жатқан ықпалын еңсеруге, климаттың өзгеруіне қарсы тұруға, кедей елдер үшін COVID-19 екпесін көбірек сатып алуға және экономиканы ынталандыру бағдарламаларын әрі қарай жалғастыруға уәде берді.

АҚШ, Жапония, Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия және Канада лидерлерінің жексенбіде Англияның оңтүстік-батысындағы жағажайда орналасқан қонақ үйде аяқталған 3-күндік кездесуінде жасалған негізгі келісімдердің қысқаша мазмұны төмендегідей:

КЛИМАТТЫҚ ӨЗГЕРІС – "Үлкен жетілік" елдері кедей мемлекеттерге улы қалдықтарды азайтып, климаттың ғаламдық жылынумен күресуге көмектесу үшін жылына $ 100 миллиард бөлу міндеттемелерін орындауға уәде берді. Дегенмен, табиғат жанашырларың  айтуынша, бұл уәделер орындалмаса, көміртегін қысқарту жөніндегі жаңа жаһандық келісімшарттың жыл соңына дейін жасалуына кедергі туындауы мүмкін. 

Сонымен қатар, G7 лидерлері 2030 жылға қарай биоалуантүрліліктің жойылуын тоқтатуға және оны қалпына келтіруге уәде берді.

COVID ВАКЦИНАЛАРЫ – Жеті индустриалдық мемлекеттің жетекшілері келесі жылы кедей елдерге COVID-19 вакцинасының 1 миллиард дозасын беруге уағдаласты. Бірақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлімдеуінше, пандемияны тоқтату үшін бұдан да көп екпе қажет болуы мүмкін. Ал, осы мәселені  насихаттап жүргендердің ойынша, бұл кепілдік G7-нің коронавирус дағдарысымен күресуге әлі де дайын еместігін көрсетіп берді.

ҚЫТАЙ - G7 басшылары Шыңжаңдағы адам құқықтары жөніндегі коммюникесінде Қытайды ерекше атап өтіп, Гонконг үшін бостандық пен жоғары автономия талап етіп, коронавирустың шығу тегі жайлы толық тергеу жүргізуге үндеді.

Сонымен қатар, "Үлкен жетілік" Африкадағы теміржол, Азиядағы жел электр станциялары сияқты жобаларға қолдау көрсете отырып, Бейжіңнің  "Бір белдеу, бір жол" бастамасына бәсекелес болатын инфрақұрылымдық жоспарды дамушы әлемге ұсынып, Қытайдың өсіп келе жатқан ықпалына қарсы тұруға ниетті.

РЕСЕЙ - G7 Ресейді Батыста бизнестен төлем талап ететін кибер шабуылдарды тоқтату мақсатында шара қолдануға және "тұрақсыздандыратын іс-әрекеттерді" доғарып, химиялық қарудың қолданылуын тергеуге шақырды.

ЭКОНОМИКАНЫ ЫНТАЛАНДЫРУ - 2020 жылғы тарихи экономикалық құлдыраудан кейін G7 басшылары өздерінің өндірісті қолдау бағдарламаларын "қажетінше" әрі қарай жалғастыруға және ынталандыруды бұрынғыдай қателесіп, тым ерте доғармауға келісті.

ХВҚ ҚОРЫ - G7 бай елдердің Халықаралық валюта қоры активтеріндегі 100 миллиард доллар үлесін COVID-19-дың соққысына ұшыраған кедей мемлекеттерге қайта бөлу бойынша нақты қадамдар мен міндеттемелерді қабылдауды тоқтатты. Өйткені, олар бұл жәрдемге басқа елдердің де үлес қосқанын қалап отыр. "Үлкен жетіліктің" қаржы министрлері мен орталық банктерінің төрағалары "осы мәселенің егжей-тегжейін G20 және басқа да мүдделі тараптармен жұмыс істей отырып қарастырмақ.

BREXIT - Лондон мен басқа еуропалық астаналар арасындағы шиеленіс қайтадан өршіп тұр. Британ премьер-министрі Борис Джонсон Біріккен Корольдіктің аумақтық тұтастығын қорғау үшін "қолдан келгеннің бәрін" жасайтынын ескертіп отыр. Ал, Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесуден кейін Джонсон "кейбір елдер Ұлыбритания біртұтас ел екенін дұрыс түсінбейтін сияқты ... мен бұны олардың есіне қайта салуым керек" деді.

БАЙДЕН ЖӘНЕ ӘЛЕМ - Байденді G7-дің басқа лидерлері Дональд Трамптың изоляциялық ұстанымынан кейін құшақ жая қарсы алды. "Клуб құрамына кіретін және ынтымақтастыққа дайын АҚШ президенті болғаны өте жақсы", - дейді Елисей сарайының қожайыны Макрон.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу