Қытай нарығының табалдырығынан аттай алмай жүрміз

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2639

Біздің кәсіпкерлерде ниет бар, бірақ тәуекел мен әрекет жоқ. 

Қытай нарығының табалдырығынан аттай алмай жүрміз

Қазақ кәсіпкерлері 1,5 млрд тұтынушы бар Қытай нарығын жаулауы тиіс. Себебі мұнда кез келген тауарға сұраныс бар. "Болашақ" бағдарламасының түлегі,  "Астана Innovations" АҚ  инвестиция бойынша атқарушы директоры Тілектес Адамбеков бізге берген сұхбатында осылай деді.

Біз Ресейдің тарихын, тілін, мәдениетін жақсы білеміз. Ал Қытайды  түзу танымаймыз. Бұл қытайтануға деген ықыластың кемшіндігінен бе?

– Қытайды танымауымыздың бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қытай – жабық мемлекет. Екіншіден, Қазақстанда қытайтану институттары мен орталықтары жоқ. Үшіншіден, Қытай жайлы толыққанды ақпарат тапшы. Осының барлығы қосылғанда біздің Қытайды дұрыс танымауымызға  себеп болады.

– Біздің кәсіпкерлердің  Қытай нарығына енуіне не кедергі?

– Қытайлықтардан көп нәрсе үйренуге болады. Олардың технологиясының,  білімінің, мәдениетінің жақсы жақтарын алып, тәжірибеде қолдану біз үшін тиімді әрі пайдалы. Қазақ кәсіпкерлері 1,5 млрд тұтынушы бар Қытай нарығын қалай да жаулап алуы тиіс. Себебі мұнда кез келген тауарға сұраныс бар. Қазіргі кезде Қытай Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдеріне қатты қызығушылық танытуда. Ал алыс-берістің қарқын алуына Қазақстандағы кәсіпкерлердің ұлттық палатасы оң ықпалын тигізіп жатыр. Десек те, біздің кәсіпкерлер Қытай нарығына енуге асығар емес. Бұған олардың тіл білмеуі, тәуекелге бел бумауы және нақты әрекет етпеуі кедергі болып отыр.

Ресейліктер Қытаймен қарым-қатынас жасауда бізден бірсыпыра алға озып кеткен.  Мысалы, Ресей ламинатты Қытайда жасатады да, "Ресейде жасалған" деген  сауда белгісімен нарыққа шығарады.

Қытай философиясына сәйкес, кәсіп бастау үшін  3 қағида қажет: нарықпен келіп  танысу, уәде беріп, қайту, нақты жоба ұсынып, оны талқылау. Осыдан соң бірден іске көшу. Қазір  Қытай  "Бір белдеу – бір жол"  жобасы аясында біздің кәсіпкерлерді өз нарығына енгізуге жағдай жасап отыр. Осыны пайдаланып, отандық кәсіпкерлер Қытай нарығына бас қойып кетуі керек.

Қазақ кәсіпкерлері жоғарыдағы жобадан хабардар ма? Қытайлықтардың біздің кәсіпкерлерге деген көзқарасы қандай?

– Сауда-экономикалық саясаттың буынын бекітуге екі ел де мүдделі. Қытай біздің өнімдердің табиғи тазалығына, сапасына, түрлі химиялық қоспалардың жоқтығына ерекше назар аударады. "Бір белдеу – бір жол" жобасы жайлы үнемі айтылып жүр. Сондықтан оны біздің кәсіпкерлер біледі деп ойлаймын. Негізі қазақ кәсіпкерлеріне Қытай нарығына ену өте тиімді. Себебі азық-түлік тауарларының экспорты ішкі нарыққа қарағанда жоғары болып келеді. Мәселен, ет бағасын алатын болсақ, қазақ кәсіпкерлері 1 келі етті ішкі нарықта 1500-2000 теңгеге сататын болса, Қытай нарығында 6000 – 7000 теңгеге пұлдай алады.

"Біз Қытайдан не үйренуіміз керек? деген сұраққа қалай жауап берер едіңіз?

– Қытайда 8 жыл білім алдым. Сонда байқағаным, қытайлықтар елдегі бәсекенің жоғары болуына қарамастан өмір сүруге құлшынудан тайынбайды. Қаражаттарын дұрыс пайдаланады және бала кездерінен бастап ақша жинайды. 30-40 жасқа келгенде жинаған қаражатына пәтер, көлік сатып алады. Олар кез-келген дүниені көшіріп, игеріп, бойларына  сіңіре біледі. Мысалы, Қытай  дұрыс көшірудің  арқасында қазіргі кезде смартфон шығарудан алдына қара салдырмай тұр. Міне, бізге қытайлықтардың осындай ерекшеліктерін игеру қажет.

–  Қытайда зауыт-фабрика ашып, кәсібін дөңгелетіп жүрген қазақ кәсіпкерлері бар ма? 

Қазіргі кезде ТМД елдерінің өкілдері Қытай нарығына делдалсыз кіріп, кәсіпорын ашуға, зауыт салуға, ЖОО түсуге, Қытайдан серіктес табуға, инвестициялық жоба тартуға тырысып жатыр. Біздің кәсіпкерлер Қытайдан өндіріс орнын ашып, өнімдерін Қытайдың ішкі нарығына енгізсе, қыруар қаржыға кенеледі. Тауар ТМД елдеріне сатылатын болса, айтарлықтай пайда болмайды. Себебі Қытайда жұмыс күші арзан емес.

Бүгінгі таңда Қытайдың ішкі нарығында қазақстандық кәсіпкерлер жоқ. Бірақ Ресей Федерациясының кәсіпкерлері бар. Бұл – Ресей Қытай нарығына еніп жатыр деген сөз.

1995-2005 жылдар аралығында қазақ еліндегі топ-менеджерлердің басым көпшілігі Ресей ЖОО-ның түлектері болды. Содан кейін басымдық Батыс елдерінің  ЖОО түлектеріне  беріле бастады. Қазір елдің ішкі нарығында Қытай  компанияларының көп екенін көріп жүрміз. Осыған қарап алдағы уақытта басқару тетігіне Қытайда оқыған қазақстандық студенттер тартылуы мүмкін деп топшылауға бола ма?

– Сұраныс бар жерде, ұсыныс болады. Елімізде Қытай компанияларының қатары көбейетін болса, әрине Қытай тілін, мәдениетін, жұмыс жүйесін білетін мамандар қажет болады.

Сұхбаттасқан Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу