Қытай Шыңжаңда ядролық ракеталарға арнап жүздеген шахта салып жатыр

3512

Бұл жағдай америкалық әскерилерді алаңдатып отыр.

Қытай Шыңжаңда ядролық ракеталарға арнап жүздеген шахта салып жатыр

Америкалық әскерилердің ескертуінше, Бейжің мен Вашингтон арасындағы шиеленіс ушыққан сәтте Қытайдың ядролық ракета шахталарын кеңейте түсуі - алаңдатарлық жағдай.

Америкалық ғалымдар федерациясының есебіне жүгінсек, Қытай атомдық зымырандарға арнап жер астында 250 шақта салып жатыр. Спутниктен түсірілген суреттер олардың құрылысы елдің батысында жүріп жатқанын көрсеткен.

Федерацияның осы жайлы қорытындысын АҚШ-тың Стратегиялық қолбасшылығы осы аптада "Нью-Йорк Таймс" газетінде жарық көрген материалға сілтеме жасап та хабарлады.

"Қоғам біз үнемі айтып жүретін әлемге төнген қауіп пен оның айналасындағы құпия жайттан хабардар болды", - дейді Құрама Штаттардың ядролық арсеналын бақылайтын Стратегиялық қолбасшылық.

Аталған шахталар Шыңжаңда салынып жатыр. Биыл маусымда Калифорниядағы Джеймс Мартин атындағы зерттеу орталығы көршілес Ганьсу провинциясында да дәл осындай ракеталық алаң әзірленіп жатқанын жариялаған еді.

Қытай бұл мәселеге қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ. Елдің сырқы істер министрлігі жұма күні оған байланысты ештеңе білмейтінін мәлімдеді.

Ядролық шахталар туралы мәліметтер АҚШ-Қытай қатынастары соңғы онжылдықтардағы ең нашар деңгейге түскен шақта жарияланып отыр. Екі ел арасында сауда, технология, киберқауіпсіздік, адам құқықтары және төраға Си Цзиньпин тұсында Қытай сыртқы саясатының агрессивтік сипат алуы сияқты көптеген мәселелер бойынша елеулі айырмашылықтар сақталып отыр.

Қытайдың ядролық экспансиясы АҚШ-тың Тайвань немесе Оңтүстік Қытай теңізі секілді ыстық нүктелердегі әскери мүмкіндіктеріне әсер етуі мүмкін.

Қытайдың The Global Times мемлекеттік газетінің редакторы осы аптада "АҚШ институттары мен бұқаралық ақпарат құралдары Қытайға қысым жасау үшін зымыран алаңдары туралы хабарлар таратып жатыр, бірақ бұның бәрі халықты қорқытпауы керек деп" мәлімдеді.

"Қараңыздаршы, америкалық саясаткерлер Қытай туралы не айтып жатыр. Қараңыздаршы, олардың соғыс кемелері мен ұшақтары Қытайға жақындап, арандату әрекеттеріне барып отыр. Сондықтан, Қытай өзінің әскери күштері мен ядролық әлеуетін құруды толық жеделдетіп, оларды ұлттық қауіпсіздігінің діңгегіне айналдыруы керек", - дейді Ху Сицзинь.

Екі учаске де шамамен 800 шаршы километр аумақты алып жатыр. Бұл жерасты шахталарында құрлықаралық баллистикалық зымырандар орналастырылады. Шахталардың осындай үлкен аумаққа таратылуы оларды нысанаға алуды едәуір қиындатады.

 "Қытайдың зымырандық шахта бағдарламасы - АҚШ пен Кеңес Одағының "қырғи -қабақ соғыс" жылдарындағы зымырандық алаңдарынан кейінгі ең ірі шахталар құрылысы", - деп жазды америкалық ғалымдар федерациясының есебінде зерттеушілер Мэтт Корда мен Ханс Кристенсен.

Тайваньдағы Ұлттық саяси зерттеулер институтының қорғаныс зерттеулері бойынша сарапшысы Куо Ю-дженнің айтуынша, кез келген елдің жерасты шахталарының нақты есебін алу өте қиын, бірақ жақында Қытайда спутниктен түсірілген суреттердегі нысандар зымырандық шахталарға "өте ұқсас" екен.

Ғалымның ойынша, бұл деректер Қытайдың ядролық потенциалын дамыта отырып, атомдық қарусыздану жөніндегі халықаралық консенсусты бұзатынын  АҚШ пен өзге державаларға ескертетінін білдіреді.

 "Сонымен қатар, бұның бәрі Ресей де білсін дегенді аңғартады. Егер Қытай ракеталарын көбейтсе, АҚШ-ға ғана емес, Ресей мен Еуропаға да қауіп төндіре алады", - дейді Куо.

Әлемдегі ең ірі ядролық арсеналға ие АҚШ пен Ресей жаппай қарулануға тағы да жол бермеу үшін осы аптада Женевада келіссөздер жүргізді. Бірақ, ол кездесулер нәтижесіз аяқталды. 

Стокгольмдегі бейбітшілікті зерттеу институтының дерегінше, Қытайдың 350 ядролық оқтұмсығы бар, ал АҚШ пен Ресейдің әрқайсысы мұндай қарудың 6000 -ға жуық данасын иеленіп отыр екен. Пентагон болса, Қытайдың алдағы 10 жылда өз арсеналының көлемін қазіргіден кем дегенде екі есеге арттыратыны жайлы болжам айтты.

Айта кету керек, биыл ақпанда Кристенсен Қытайдың орталығындағы Цзилантай қаласы маңындағы ауқымды ракеталық полигонда 11 жерасты шахтасының құрылысын анықтағанын хабарлаған еді.  

Қытай алғашқы ядролық сынақты 1960-шы жылдары сәтті өткізді. Содан бері ондаған жылдар бойы ол "минималдық тежеуіш факторы" саясатын ұстанып, атомдық қаруының санын 300-дің айналасынан асырмады (қытайлықтар оқтұмсықтарының нақты санын айтпаса, АҚШ үкіметінің бұған қатысты есебі құпия сақтаулы деген пайым тағы бар).

Қытайдың атомдық стратегиясының өзгеруінің сыры неде? Бұған қатысты бірнеше теория бар. Соның ең қарапайымы – Қытай қазір өзін экономикалық, технологиялық, әскери супердержава санап, қару-жарағын соған сәйкестендіргісі келеді. Екіншіден, Бейжіңді ядролық потпенциалды күшейтуге Американың зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі тиімділігінің күрт артуы мен Үндістанның жаппай қырып-жоятын қару әлеуетін жедел кеңейтуі де мәжбүрлеп отыруы мүмкін. Бұл аздай, соңғы жылдары Ресей жаңа гипердыбысты әрі автономдық қару жасағанын бірнеше рет жариялады.

Арыс Әділбекұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу