"Қытайда мұғалімі жоқ мектептің моделі жасалды"

12038

Әлемдегі білім беру нарығының көлемі 2030 жылға қарай 10 трлн долларға жетеді.  

"Қытайда мұғалімі жоқ мектептің моделі жасалды"

Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен ел Үкіметінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан "Өзгерістерді басқару жөніндегі салалық менеджерлерді даярлау" бағдарламасы аясында еліміздің білім беру саласының сарапшылары ресейлік әріптестерімен "Мектепке қандай мұғалімдер қажет?" тақырыбында пікірталас өткізді.

Мәскеудегі Сколково басқару мектебінің корпоративті бағдарламалары және "Мектептің даму қадамы" бағдарламасының жобалық жұмысының жетекшісі Даниил Добрынченко әлем елдерінде мұғалім жұмысын жасанды интеллектімен алмастыру қолға алынып жатқанын айтты.

"Мұғалім жұмысын робот атқарады дегенге сенбейтін сарапшылар да бар. Дегенмен Қытайда мұғалімі жоқ мектептің моделі жасалды. Осыған қатысты тәжірибелердің жүргізіліп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Бұл тәжірибеге миллионнан астам бала қатысты. Сабақтың қалай өтетінін айтайын. Сыныпқа балалар келіп, парталарына отырады. Олардың алдында компьютер немесе ноутбук тұрады. Әрқайсысы берілген тапсырманы орындайды, үзіліске шығып келеді. Сынып ішінде жасанды интеллектіге қосылған камералар тұрады. Жасанды интеллект балалардың бет жүзін бақылап, қаншалықты жұмыс істеп отырғанын тексереді. Қажетті ақпаратты экранда көрсетеді. Оқушы экрандағы ескертуге қарап, тәртібін түзейді. Бұл жалпы мектепке арналған құрылым", – деді Даниил Добрынченко.

Жобалық жұмыс жетекшісінің сөзінше, Қытай мектептерінің цифрлық трансформациясы жайлы ақпарат жабық. Сол себепті кез келген адамға ақпарат беріле бермейді. Білім беру саласының стратегтерін әр мемлекет өзі дайындап, жүйені трансформациялауды жүзеге асырғаны жөн.

ONE! International School мектебінің негізін қалаушы, ЕМВА Сколково түлегі Максим Натаповтың пікірінше, мұғалімдерге роботтармен тіл табыса білу қажет.

"Біздің есебімізше, 2027 жылы компьютерлік бағдарламаны жасанды интеллект жазатын болады. Ал мұғалім мамандығы ешқайда кетпейді. Офлайн білім беру онлайнмен салыстырғанда әлдеқайда мәртебелі болады. Дегенмен жасанды интеллектен қорықпай, роботтарды түсініп, жақсы көре білу керек. Бұл да кезінде өгіз жеккен ағаш соқамен жер жыртып жүріп, тракторға мінгеніміз сияқты. Мүмкіндігінше инновацияларға жақын болып, технологияны үйреніп, жұмыста қолдану керек", – дейді Максим Натапов.

Сондай-ақ ЕМВА Сколково түлегі бүгінгі күні әлемдік педагогикадағы басым трендтерге жаһандану, үлкен деректерді райдалану, сұраныстардың өзгеруі және әр балаға дара білім беру жататынын айтып өтті.

"Әлемдік білім беру нарығының көлемі 2030 жылға қарай 10 трлн долларға жетеді. Келешекте білім беру саласы "қажет білімді беретін операторлар" және "нарықтан тыс қалғандар" болып екіге бөлінеді. Өзгергісі келмейтін, болашақта адамдарға қандай жұмыс керек екенін түсіне алмайтын, білім беруге консервативті қарайтын, технологияларды білмейтін, балалар мен ата-аналардың сұранысын қанағаттандыра алмайтын, рефлексиясы жоқ, оқытуда дәстүрлі авторитарлық көзқарасты ұстанатын және менмен педагог нәтижелі бола алмайды. Біз оқушыларды әлемдегі ең үздік университеттерге түсуге мақсатты түрде дайындауымыз керек, ал үздік университет бітіргендер жақсы жұмыс істеуге мүмкіндік алады", – деді білім саласының сарапшысы.

Ұлттық Ustaz-онлайн академиясының құрылтайшысы, Елбасы академиясының өзгерістерді басқару жөніндегі салалық менеджерлер жобасы аясында "Білім беру. Кадрлар даярлау" бағыты бойынша жетекшісі Алмагүл Қанағатова еліміздегі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде трансформация жүргізіп, педагогикалық қауымдастық үшін ұлттық платформа жасау және педагогтарды дайындау жүйесін реформалау жөнінде бастама көтерілгенін айтты.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу