Қытайдан жеткізілген ойын-сауық техникалары қауіпті бола түсуде

5380

Аттракциондар адам өлтіруін жалғастыра бере ме?

Қытайдан жеткізілген ойын-сауық техникалары қауіпті бола түсуде

Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмысын шектеу критерийлерін қайта қарап, Қазақстанның барлық өңірінде ашық аспан астындағы аттракциондар қызметінің жаппай ашылуына рұқсат еткені мәлім, деп жазады Inbusiness.kz. 

Осылайша, өткен жаздан бері тат басып, шіріп жатқан ойын техникалары да дереу іске қосылды. Оның салдары ұзақ күттірмеді. биылғы 2 мамырда Оралдағы мәдениет және демалыс паркінде болған апат тіпті шетелдік ақпарат айдынын кезіп кетті. Еске түсіре кетсек, Орал қаласында қатты жылдамдықпен айналған "Калейдоскоп" атты карусель кілт тоқтаған. Содан шынжырмен салбыраған орындықтарда отырған балалар бір-біріне соғылып, 8 бала зардап шекті.

Бір жақсысы, адам шығыны болмады. Бірақ 5–10 жас аралығындағы әлгі балалар психологиялық жарақат алғаны кәдік. Дәрігерлер 8 баланың денесінің әр жерінің терісі сыдырылғанын, жараланғанын, жабық бас сүйек-ми зақымын алғанын, миы шайқалғанын тіркеді. Полиция тергеу жүргізіп жатыр. Аттракцион қожайыны жазатайым оқиғаға техниканың тосыннан сынып қалуы себеп болғанын айтып, ақталады.

Шымкент оқиғасы неден хабар береді?

Алайда бұл оқиға жергілікті шенеуніктерге сабақ болмағанға ұқсайды.

Ақпарат құралдары бүгін Шымкентте 17 жасар жігіт аттракционнан құлап, қаза тапқанын хабарлауда. Қайғылы оқиға "Қиял әлемі–Мир Фантазий" ойын-сауық паркінде болған. Жас адам жедел жәрдем жеткенше, оқиға орнында көз жұмған көрінеді. Оtyrar.kz анықтағанындай, 17 жасар бозбала мектеп бітіргеннен кейін аталған паркте табыс тауып жүріпті. Қазіргі кезде парк жабылды, полицейлер жұмыс істеуде.

Осы оқиғаға қатысты пікір білдірген шымкенттіктер ол парктегі аттракциондар Қытайдан әкелінген арзанқол техника екеніне және оларға кәсіби деңгейде қызмет көрсететін, ұдайы тексеріп тұратын инженерлердің жоқтығына назар аудартады. Егер бұзылып қалса, көбіне билет сатушылар, бақылаушылар өз бетінше жөндеп, қайта іске қосуға тырысады екен. Кейбір дерек бойынша жас жігіт карусельді жөндеу үшін конструкция бойымен өрмелеп шықпақ болыпты.

"Ол жерде енді масқара жағдай! Біз бүгін болдық. Балалар көңіл көтеретін аттракцион табу қиын. Біреуіне балалар жүгіріп барса, сатушы оның сынып тұрғанын қысыла айтады. Басқасына жақындасақ, онда сол жағдай. Парктерді былық жайлаған. Ақыры дені дұрыс сырғанай алмай, қолды бір сілтеп, кетіп қалдық", – дейді Лиза есімді тұрғын.

"Жап-жас жігіт қыршыннан қиылды. Оны неге биік аттракционға шығуға жолдады екен?! Енді ешкім де кінәсін мойындамайды. Бар айыпты мерт болған балаға аударатын шығар, "өзі кінәлі, өзі өрмелеген" деп. Аттракцион иелерін өз жұмысшыларының техникалық қауіпсіздігі үшін жауапты ету керек. Оның үстіне кәмелетке толмаған баланы алыпты. Ата-анасына қайғырып көңіл айтамыз", – дейді Шолпан есімді тұрғын.

Пікір білдірген шымкенттіктердің бірі қолданыс мерзімі аяқталған, сол себепті тым арзанға сатылатын аттракциондар әкелінетінін, ал олардың беріктігі мен қауіпсіздігін тексеруге жауапты органдар ақысын төлесе, кез келген анықтама-құжатты бере салатынын тұспалдайды.

Айта кетер жайт, бүгінде ойын-сауық парктерінде бұқара ең көп жиналатын маусым басталды. Оқушылар жазғы каникулға шықты. Күн ысыды, күн нұрын аямай төгуде. Сонымен бірге өткен жылы карантин шектеулеріне байланысты аттракциондар жұмыс істемеді, парктердің толыққанды ашылуына жол берілмеді. Сондықтан бала атаулы сағынып, есіл-дерті парк жаққа ауып тұрады.

Былтыр қалпымен шығынға батқан аттакцион иелері де оның "өшін" биыл алып, көңіл көтеруші техникаларын барынша көп, қарқынды пайдалануға, мейлінше мол табыс табуға тырысады.

Депутаттардың "дымбілместігіне" таң

Жазатайым оқиғалардың қайта тіркеле бастауы көрсеткендей, билік аттракциондардың іске кірісуіне рұқсат еткенімен, олардың қауіпсіздігі мен жалпы жағдайын тексермегенге ұқсайды.

Балалардың жазғы демалысының қауіпсіздігіне Мәжіліс депутаттары да алаңдаушылық білдірген. Олар биылғы 12 мамырда аттракциондардың қаншалықты қауіпсіз екенін сұрап, Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады. Олар демалыс парктерінің қызметін бақылау, аттракциондардың техникалық жағдайын тексеру бойынша шұғыл әрі жүйел шаралар қабылдауды сұрады. Дегенмен, Үкімет жақтан жауап жарияланбады.

Депутат Артур Платоновтың айтуынша, осы ойын-сауық парктерінде балалар мен ересектердің қауіпсіздігі еш қамтамасыз етілмеген.

Мысалы, екі жыл бұрын Қарағандыда батут ұшып кетіп, бір бала қаза болды. Сондай-ақ ол батут жел екпінімен құлап бара жатып, қасындағы Mix аттракционының металдан жасалған кассасын қиратқан. Ол дүңгіршек 14 жасар басқа жасөспірімді басып қалған.

"Жазатайым оқиғаларға тергеу жүргізу кезінде ондай нысандарды орнату және эксплуатациялау ережелері өрескел бұзылғаны әшкереленеді. Бұл ретте жергілікті билік пен парктердің әкімшілігі апатқа ұшыраған аттракционды қоюға рұқсат бермегендерін мәлімдеп, жалтарып шыға келеді. Шынында, рұқсатнама құжаттары жоқ. Онда қалай парктен орын алған? Балалардың өліміне және мертігуіне кім жауапкершілік арқалайды? Аттракцион қожайындары көбіне өз айыптарын мойындамайды, бар кінәні зардап шеккендерге және олардың ата-аналарына жабады. Тіпті болған оқиғадан есі тана жаздап, есеңгіреп тұрған ата-аналарға парк пен оның арендаторына ешқандай шағымы жоқтығы туралы құжатты тықпалап, қол қойғызып алады", – деп таңғалады депутат А.Платонов.

Алайда қауіпсіздік техникасы бойынша маман Александр Савченко депутаттардың "ұмытшақтығына" қайран қалады.

"Негізі, осы салаға қатысты заңды жұмсартып, қадағалауды әлсіреткен сол депутаттардың өздері. Бұрындары балаларға қатысты кез келген мәселе мемлекеттің қатаң бақылауында болатын. Қазіргі кезде қадағалаушы органдар аттракциондарды не жоспарлы, не маусым ашылғанда жаппай тексере алмайды. Салдарынан, сала қатаң бақылаусыз қалды. Былтыр Парламент техникалық реттеу мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер енгізген жаңа заңды қабылдады. Сонда қоғам өкілдері де, сарапшылар да дәл осы саладағы бақылауды айтарлықтай қатайтуды ұсынды. Бірақ "Ақ жол" фракциясынан басқа депутаттар басым дауыспен ол ұсынысты қолдамай қойды. Нәтижесінде, аттракциондардың қауіпсіз пайдаланылуын бақылау мен қадағалау функциялары жергілікті әкімдіктерге түсірілді. Ал әкімдікте бұл істі сауатты жүргізетін маман аз. Мәселе шешілмеді", – дейді сарапшы.

Айтпақшы, 2017 жылы бір топ депутат нарықты бақылауды күшейтетін төл заң жобаларын жазған көрінеді. Бірақ Үкімет қырын қараған. Нәтижесінде, Парламент 2020 жылғы қарашада Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген балама әрі үстірт заңға дауыс берді. Үстірт болатыны, ол заң саладағы жүйелі проблемаларды кешенді шешпейді.   

Бүгінде Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одағының "Аттракциондар қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінің стандарттары қолданылады. Ресей заңнамасы негізінде әзірленгендіктен, ол қазақстандыққа қарағанда қатаң. Олай болса, Қытайдың ескірген техникалары қалай кіріп кетуде?

Себебі, оған қоса берілетін техникалық куәліктер тіркеуге алынбайды. Ал аттракциондардың қауіпсіз эксплуатациялануын қадағалайтын маманды аттракцион қожайынының өзі тағайындайтын көрінеді. Әкімдік соның есебіне сенеді. Шынында бұл парадокс: аттракцион иесі ол техникасын ақаулы деп танып, тоқтатып тастайтын, өзіне қарсы тұратын тұлғаны тағайындамасы белгілі. Өз айтқанымен жүретін жанды бекітеді. Тіпті елде орнатылған аттракциондардың жалпы саны да белгісіз.

Ендеше бүкіл өңірде әкімдіктер тарапынан аттракциондар тұрған барлық орында қауіпсіздікті қадағалайтын, балалардың амандығына, техниканың ақаусыздығына басымен жауап беретін нақты тұлға бекітілмей, іс оңбайды. Ата-аналар аттракционға отырғызу арқылы балаларының басын бәйгеге тіге беруі ықтимал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу