Қуатты да қаһарлы ұйым әлем халқының бестен бір бөлігі тұратын елді 75 жыл бойы басқарып келеді. Осылайша, оның өміршеңдігі Ресейдегі 74 жылдық кеңестік дәуірден асып түсті.
Бұл партия 1949 жылы құрылғаннан бері талай дүрбелеңдер мен күйзелістерден аман қалды. 1978 жылы ол өзінің негізгі бағытына түзету енгізіп, елді экономика жағынан АҚШ-тан кейінгі екінші индустриялық алпауытқа айналдырды.
Партия жетекшілері коммунистік биліктің жүз жылдығына дейін, яғни, 2049 жылға қарай, ұлтты "жасартып", қазіргіден де күшті Қытайды құрудан үмітті.
Дегенмен, коммунистердің билікте ұзақ отыруына баяу өсім мен АҚШ тарапынан күшейген бәсекелестік үлкен сын болып тұр. Қытайда коммунистік биліктің алғашқы 25 жылы онша болған жоқ.
Революцияға жетекшілік еткен Мао Цзэдун 1949 жылы 1 қазанда Қытай Халық Республикасының құрылғанын жариялағаннан кейін, үлкейіп келе жатқан елді басқаруда шебер еместігін дәлелдеді.
Ол зиялыларды 1956 жылы "Жүз гүл" науқанында партия билігін сынауға шақырды. Бірақ сол оқымыстылар үкіметке наразылық күшейгенде, ауылдық жерлерге жер аударылды немесе түрмеге жабылды.
Қытайда индустрияландыруды жеделдету мақсатында 1958 жылы басталған "Ұлы секіріс" ондаған миллион адамның өмірін қиған жойқын ашаршылыққа әкеп соқты.
Содан кейін "Мәдени революция" басталды. Мао 1966 жылы жас қытайларды капиталистік элементтерге қарсы көтеріліске шақырды. Бұл үндеу зиялылар мен мұғалімдерді ұрып-соғып, көпшілік алдында қорлап, ауылға жұмысқа айдауға ұласып, қатыгез хаосқа себепші болды. Осынау науқан нәтижесінде, кейбіреулері өлтірілді немесе өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүр болды.
1976 жылы Мао қайтыс болғаннан кейін ғана Қытай өзінің экономикалық әлеуетін ашып, жаңа жолға түсіп, миллиондаған адамды кедейшіліктен алып шықты.
Қытайдың дамуы ескі форманы бұзды
"Қырғи-қабақ" соғыс кезінде коммунизмді жоспарлы экономикамен, ал демократияны еркін нарықпен елестетуге ғана болатын.
Қытай коммунистік партиясы бұл форманы бұзды. Ол нарықтық күштерді ішінара босатып жіберіп, сөйте тұра, билікті ұстап тұруға кедергі келтіретін кез келген демократиялық қозғалысты тежеп бақты.
Батыстың Қытай Азияның экономикалық өркендеуге қол жеткізген басқа да мемлекеттері тәрізді сөзсіз демократияға ауысады деген үміті бос қиялға айналды.
1989 жылы Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңын басып алған студенттердің наразылық шерулері бетбұрыстай көрінді. Бірақ Дэн Сяопин басқарған партия басшылығы ішкі пікірталастардан кейін, бұл демонстрацияны күшпен басып, қантөгіспен аяқтады.
Сигнал анық берілді: экономикалық либерализацияға рұқсат, бірақ Коммунистік партияның ұстанымына қауіп төндіретін саяси еркіндікке жол жоқ. Коммунистік партия Си Цзиньпин тұсында марксизмді қайтарып жатыр.
Партия Қытайдың бүгіні мен болашағы үшін өзінің маңыздылығын күшейтіп жатыр, өйткені экономикалық өрлеу жылдары қалыпты өсу кезеңіне ауыса бастады.
Компартия өзінің және Президент Си Цзиньпиннің барлық мәселелердегі орталық рөліне қайта баса назар аударып, амбициясы жоғары технологиялық алпауыттарды тізгіндей отырып, экономикаға бақылауды күшейтті.
Бұл өзгеріс кейбір жұмысшылар, бизнес иелері және шетелдік инвесторлар арасында партия нарықтық күштерді (экономика өзі қалпына келу үшін осы күштерге мұқтаж болып отырған шақта) тежеп жатыр деген қорқыныш туындатып отыр.
Гонконг университетінің саяси теория бойынша сарапшысы Дэниел Беллдің сөзінше, Қытайдың траекториясы коммунизмге көшкенге дейін экономиканы дамыту мақсатында капиталистік кезеңнен өту керек деген марксистік оймен сәйкес келеді.
"Білесіз бе, Қытай капитализмге көшкеннен кейін коммунизмнен бас тартады деген көзқарас болды. Бірақ олай болмай шықты", – деп жазды Белл 2023 жылы жарық көрген "Шандонгтың деканы" атты кітабында.
Партия жетекшілері бұрынғы Кеңес Одағының күйреуін зерттеп, Қытайда мұндай нәтижеге жол бермеуге бел байлап отыр.
Бірақ коммунистік лидерлер алдағы ширек ғасырда жаңа қиындықтарға тап болуы ғажап емес. Себебі Қытай халқы қартайып барады, ал оның басшыларының геосаяси, экономикалық амбициялары елді өзінің кейбір көршілерімен және әлемдік супердержава АҚШ-пен қақтығыстыру әлеуетіне ие.