Қытайға қарсы теріс көзқарас неге өршіп кетті?

4764

Саясаттанушы 3 себепті алға тартты. 

Қытайға қарсы теріс көзқарас неге өршіп кетті?

Еліміздің бірнеше қаласында қытай зауыттарының салынуына қарсылық білдірген адамдар митингке шыққан еді. Осы толқудың себебін білу үшін inbusiness.kz тілшісі саясаттанушы Досым Сәтпаевқа хабарласты. Саясаттанушының сөзінше, халық Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобаларынан бейхабар. Қарсылық осының салдарынан туып отыр.

"Үкімет басындағылар үнемі Қазақстанның Қытаймен экономикалық қарым-қатынасы күшейгенін, түрлі келісімшарттар жасалып жатқанын айтады. Бірақ халыққа ештеңе түсіндірмейді. Қытаймен бірлескен жобалардың мақсаты не, ел үшін пайдасы қандай деген сұрақтар жауапсыз қалады. Ал халық мұны білгісі келеді. Қоғамда Қытай бизнесінен Қазақстанға төнер қауіп бар ма, жоқ па деген көкейкесті сұрақ бар. Бірлескен кәсіпорындарға Қытайдан жұмыс күші келе ме? Қытайда салуға рұқсат етілмеген зауыттар Қазақстанда салына ма? Билік осы сұрақтарға жауап берсе, халық тынышталады. Себебі оның көкейіндегі күмән мен күдік сейіледі. Өкінішке қарай, жоғарыдағы сұрақтарға күні бүгінге дейін ресми жауап берілген жоқ", – деді Досым Сәтпаев.

Оның айтуынша, Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда, Қазақстанда антиқытайлық көңіл-күйдің басым болуына тарихи негіз бар.

"Қазақ тарихының үлкен бір кезеңі жоңғарлармен болған соғыстан тұрады. Ғасырлардан қалған ең ұзақ, қанды қырғындардың бірі жоңғарлармен болғанын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Жоңғарлардың артында Қытай тұрды, олар жоңғарларға қолдау көрсетті. Сол себепті біздің елде Қытай десе ең әуелі көз алдымызға қауіп елестейді. Бұл кейбір адамдар айтып жүргендей  WhatsApp желісімен тараған хабарламаларға қатысты қарапайым нәрсе емес", – деді саясаттанушы.

Қытайда "қайта тәрбиелеу лагерьлерінің" ашылуы да қазақстандықтардың қарсылығын туғызып отыр екен. Бұл туралы Досым Сәтпаев: "Қытай үкіметі Шыңжаң ұйғыр автономиялық округінде "қайта тәрбиелеу лагерлері" деп аталатын орындарға басқа этникалық топтармен қатар жергілікті қазақтарды да кіргізіп, халық арасындағы Қытайға деген теріс көзқарасты өршітіп алды. Осы мәселелердің барлығы қордаланып, бірінің үстіне бірі жамалып жатыр", – деді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу