Қытаймен жер бөлісу, Қаңтар оқиғасы, екінші әйел. Бұрынғы Президент қандай құпияларымен бөлісті?

3332

Нұрсұлтан Назарбаевтың командасы Қазақстанның алғашқы басшысының "Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа" атты мемуарын шығару арқылы бұрынғы "Тұңғыш Президент күнін" атап өткенге ұқсайды. Бұл мемлекеттік мереке былтыр жойылған болатын.

Қытаймен жер бөлісу, Қаңтар оқиғасы, екінші әйел. Бұрынғы Президент қандай құпияларымен бөлісті? Фото: nazarbayev.kz

Inbusiness.kz бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа" атты естелік кітабы жарық көргенін хабарлады. Енді оның егжей-тегжейіне тоқталсақ.

Кітап аса көлемді, 700 беттен құралған, 7 500 данамен қазақ және орыс тілдерінде қатар шықты. Бұл туынды "оқырманды тәуелсіз Қазақстанның тарихына жаңа қырынан үңілуге жетелейді" деп насихатталды. Шынында, ол негізінен бұрыннан белгілі, Нұрсұлтан Назарбаевтың өз аузынан талай шыққан әңгімелерден тұрады. Ел өміріндегі аса маңызды саяси оқиғалар, ауқымды экономикалық жаңғырулар, күрделі халықаралық келіссөздер, ел басқарған кезде қабылдаған стратегиялық шешімдер туралы баяндайды.

Әрине, тың деректер де жетерлік. Мысалы, Тұңғыш Президент жеке сырын жазып, ұлсыз еместігін, ұрпағы үзілмегенін алғаш рет мойындады.

Естелік кітап "Меломан" және "Алматы Кітап" дүкендер желісінде сатыла бастады. Бағасы – шамамен 6 мың теңгедей. Бұрынғы Президенттің ресми сайтында хабарланғандай, бұл кітап оқырманды тәуелсіз Қазақстанның тарихына жаңа қырынан үңілуге, азаттықтың алғашқы жылдарында ел тізгінін ұстаған тұлғаның көзімен қарауға жетелейді.

"Автор тікелей бел ортасында болған тарихи оқиғалар көрініс тапқан туындыда Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өмір жолымен қатар, еліміздің қалыптасуы және даму кезеңдері туралы естеліктерімен бөлісті. Аса маңызды саяси оқиғалар, ауқымды экономикалық жаңғырулар, күрделі халықаралық  келіссөздер, ел басқарған кезде қабылдаған стратегиялық шешімдер туралы баяндады. Жеке сырын ағынан жарылып айтуы, қаңтар оқиғасына қатысты пайымдауларын ортаға салуы тұңғыш Президенттің бұл кітабының салмағын арттыра түседі", – деп сендіреді автордың командасы. 

Қанды қаңтар – ауыр сынақ

Қазақстанның бұрынғы президенті қанды қаңтар оқиғалары туралы ой бөлісті. Оның пікірінше, бүлікті қашқын оппозиционер Мұхтар Әблязов Украинада жүріп басқаруға тырысты. Жалпы Нұрсұлтан Назарбаев "Қасіретті қаңтар оқиғасына" тұтас тарау арнады. Ол 2022 жылдың қаңтардағы бейберекетсіздіктер мен тәртіпсіздіктерді Тәуелсіздіктің отыз жылдық тарихында ел басына түскен ең ауыр сынақ деп бағалады.

"Қаңтарда ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террорлық шабуыл жасады. Соның салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шекті. Лаңкестер елдігіміз бен егемендігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін қашырды. Сұйытылған газ бағасының оқыс көтерілуіне байланысты туындаған жұртшылық наразылығын бетке тұтып алып, жаппай бағынбаушылыққа шақырды. Экстремистер тәртіпсіздіктер ұйымдастырды, өрт қойды, вандализмге жол берді. Бірқатар облыс орталықтарында әкімшілік ғимараттарын, Алматы әуежайын, қару сататын дүкендерді басып алды, қалыпты тіршілік ету нысандарына шабуыл жасады, қала тұрғындарын, құқық қорғау органдары қызметкерлерін ұрып-соқты, сабады. Мысалы, Алматыда жүгенсіз кеткен тобыр Президент резиденциясын, қалалық әкімдік ғимаратын өртеп жіберді. Полицейлер, әскери қызметшілер, бейбіт тұрғындар өлді", – делінген кітапта.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл ретте ресми мәліметке жүгініп отыр. Себебі, биліктен алыстап, зейнетте жүргендіктен сол оқиғалардың бәрін тек сырттан бақылауға тура келгенін ескертті.

"Радикалды оппозицияның шынайы бет-бейнесі 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде түпкілікті ашылды. Наразылық акциясы басталысымен-ақ Мұхтар Әблязов қарсылық білдіруге шыққан адамдарға ұран салып, "іс-әрекетті үйлестіруге" шақырған. Оның Facebook арқылы демонстранттарға жолдаған үндеуінде украиналық операторлардың коды көрсетілді. Кейіннен Әблязовтің алдын ала құрған штабы Киевте орналасқаны анықталды. Ол өзінің қантөгіске қатысы барын ашық айтты. Мақтаныш етіп айтады. Айызы қанып айтады. Адамдардың қасіретін саясаттағы жеңісіндей көріп сөйлейді. Неткен сұмдық", деді автор.

Нұрсұлтан Назарбаев өз кітабында Қаңтар оқиғасына байланысты ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің де атын атауды жөн санапты.

"2023 жылғы 24 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарлары Ә.Садықұловқа, Д.Ерғожинге, М.Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. К.Мәсімов пен Ә.Садықұлов мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, Д.Ерғожин билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, М.Осипов билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бойынша айыпты деп табылды. Мәсімов 18 жылға сотталды. Басқалар да тиісті жазасын алды",  деді ол.

Кітап авторы Қаңтар оқиғасы барысында "мемлекеттік төңкеріс" жасауға талпыныс жасалды деген Бас прокурор Берік Асыловтың сөзіне толық қосылатынын білдірді.

"Мемлекеттік төңкеріске дайындық 2021 жылдың өң бойында жүргізілгені анықталды. Бас прокурор биылғы қаңтарда депутаттар алдында сөйлеген сөзінде "2021 жыл бойы жасырын түрде радикалды шара қолдану үшін орындаушыларды дайындау жүргізілгенін ғана айта аламын. Орындаушылардың қатарында ұйымдасқан қылмыстық топтар болған. Олар адамдарды жинап, қаруландырған, рация және көлік сатып алған. Тергеу анықтағандай, осы бүлдіргі әрекеттердің басында күш құрылымдарының жекелеген өкілдері тұрған" деп те айтты. Мұның даусыз дәлелі – 5 қаңтарда ҰҚК басшылығынан қағаз жүзінде түскен тапсырма бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жеке құрамының Алматы қалалық, Алматы облыстық, Қызылорда облыстық департаменттері ғимараттарын тастап шыққаны", – деп нұсқады бұрынғы Президент өз мемуарында.

Бірінші Президент былтыр Қазақстан өз тарихындағы ең ауыр кезеңнің бірін бастан өткергенін атап өтті.

"Сол бір сынды күндерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдерден көмек сұрады. Осылайша, Қазақстан ең ауыр сынақтардың бірінен сүрінбей өтті", – деп түйді ол.

Қытаймен арадағы шекара қалай бекітілді?

Бірінші Президент тұсында біраз тарихи оқиға болды. Соның ішінде кейбір адамды сүйсінтетіні, кейбір адамды керісінше, күйінтетіні – Қытаймен арадағы шекараның бекітілуі болды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жазуынша, Қазақстан мен Қытай арасында Мемлекеттік шекараны белгілеу туралы келіссөздер 1992 жылы басталды. Ал 1994 жылы шекарадан өту туралы келісімге қол қойылды. Бірақ ол кезде қос көрші ортақ шекарадағы екі даулы аумақ бойынша келісімге келе алмапты.

Дегенмен, 1998 жылы шекараны делимитациялау туралы басты келіссөздер бітіп, 2002 жылы демаркациялау толығымен аяқталды.

Назарбаевтың байламынша, шекараға қатысты келіссөздерді қиындатқан да дәл сол даулы учаскелер болды.

"Бірақ қоңсылас қонған екі елдің арасындағы мемлекеттік шекараны айқындау кезінде біз мүлде ұтылмадық. Десек те бұл айтуға ғана оңай. Қытайда да келіспеушіліктер негізінен әскери ортада болған. Сонымен қатар, келісімді Гонконг пен Тайвань да сынға алған көрінеді. Екі жақтағы сыншыларға мынаны айту керек. Даулы делінген аумақтар шынымен де даулы. Оны біздікі деп айтуға келмейді, бірақ басқа біреудің иелігіне өтіп жатқан кезде өкініп, сену мүмкін емес. Мұны тарихи әділеттілікті қалпына келтіру деп санау керек", – делінген кітапта.

Нұрсұлтан Назарбаев Қытай жер бөліс мәселесі бойынша келіссөз жүргізген Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған келіссөзшілер тобының стратегиясы мен тактикасын жоғары бағалады.

"Қазақстанның жас дипломатиясының деңгейі биікке көтерілгенін ерекше атап өткім келеді. Бұл мәселеде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби қытайтанушы болғаны да үлкен рөл атқарды. Қазақстан мен Қытай келіссөздерін жүргізуде бұл маңызды еді", – деді бұрынғы Президент.

Ұрпақты ұл ұластырар

Кітаптың оқырманды селт еткізген тұсы – бірінші Президенттің Сара Назарбаевадан басқа әйелі бары, ұрпағы екі ұлымен жалғасатыны туралы жан сыры болды. Бұрынғы Елбасы өз кітабында алғаш рет өз шежіресінің жалғасын да жариялады.

Нұрсұлтан Назарбаев екінші әйелі Әсел Исабаевамен қалай танысқаны, бұл жаңалықты оның бірінші әйелі Сара Алпысқызы қалай қабылдағаны туралы баян етті.

Қысқаша мазмұнына тоқталсақ, бұрынғы Президент еске түсіргендей, Талдықорғанға сапарында ол өзін ұшақ баспалдағынан гүл шоқтарымен қарсы алған қызға көзі түседі. Сұлу, талдырмаш, ұзын бойлы сұңғақ қыз көзіне оттай басылып, ерекше әсер қалдырады. Ұзақ уақыт есінен шықпайды.

"Бір жолы Талдықорғанға бардым. Өңірлерге ондай сапарларда Мемлекет басшысы траптан түскенде гүл шоғымен қарсы алатын. Ондай рәсімге сол өңірдің көз тартар көрікті бойжеткендерін тандайтыны белгілі ғой. Көзіміз де, көңіліміз де үйренген. Көз суарып, көңіл бітеумен тынасың. Әйтсе де сол жолғы әсерім бөлекше. Әуежайда гүл шоғын ұсынған бойжеткен аса әдемі еді. Оттай жанған жанары да, аппақ жүзі де, талшыбықтай мүсіні де көпке дейін көз алдымнан кетпей жүрді. Сондайда ақын Қадырдың сөзімен айтқанда, "жүректі жетпісте де қартайтпаған, сезімді сексенде де ортайтпаған" сері Ғабеңді және мұндай жағдайды басынан кешкен басқа белгілі тұлғаларды қалай еске алмассың? Ұлы Гете жетпістің екеуіне келгенде он сегіз жастағы Ульрикаға ғашық болған жоқ па еді? Ульрика ақынның сол уыз сезімін өмір бойы (ол өзі 96 жас жасапты) жүрегінің терең түкпірінде аялап, тек сол адамды сүюмен, сағынумен өткен жоқ па еді? Адамзатқа Гетенің ақырғы махаббатынан туған ғажайып ғазалдар қалды. Мұндай мысалдар жеткілікті. Өмірде де, өнерде де. Өзгелерде де, өзімізде де", – деп жазады Назарбаев кітабында.

Бір күні бикешті табудың реті түскен екен. Бір газетте бойжеткеннің "Қазақстан аруы" сұлулық байқауының жеңімпазы атанғаны жазылып, суреті басылады. Енді оны табу қиын болмады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, таныстық өзара жарастыққа, жақындыққа ұласты. Бірте-бірте кездесе бастады. Ол Әселдің бойынан, ақыл-ойынан өзі іздеген көптеген қасиеттерді тапты. Бұрынғы Мемлекет басшысы осыдан кейін жылдар бойы жалғасып, жанын кеміріп келе жатқан жалғыздықтан құтылғанын айтады.

"Әңгімені ұзарта беріп қайтейін. Мұсылман жолымен некемізді қидырдық. Әсел маған екі перзент – алтын асықтай екі ұл сыйлады. 2005 жылы Тауман, 2008 жылы Бәйкен дүниеге келді. Жасым алпыстың бел ортасына келгенде әке болу қуанышы, перзент сүю бақыты басыма қайта қонды. Балаларымның тәй-тәй басқаны, тілі шыққаны мен ойнағаны, екеуінің былдырлап сөйлегені, ойыншықтарымен алып, көтеріп жүретінім, мектепке барғанын, әріптерді танығанын қызықтағанымыз, жұмыстан келгенімде алдымнан жүгіре шығатындары... Мұның бәрі жаңа астана салудың қиын-қыстау кезеңін жеңілдеткендей еді. Осыларды ойласам, ет жүрегім елжіреп сала береді", – деді ол.

Тауман туғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға келіп, Сарадан кешірім сұрап, барлығын баяндап беріпті.

"Тегінде, адам баласына ең басты бақытты, ең баянды бақытты бала ғана, перзент қана бере алатын болса керек. Үш перзентімді, үкілеген үш қызымды – Дариғаны, Динараны, Әлияны дүниеге әкелген, жас шағымнан жаныма жалау болған, небір сын сағатта қасымнан табылған Сараға бар ғұмырымда ризамын және қамқоршымын. Сол қилы кезеңде де мені түсінгенін, кешіргенін мына өмірдегі бір жұбанышым көремін. Тауман туғанда Алматыға, алдына барып, бар жайды ақтарып, айыбымды айтқанымда тектілігін тағы да танытып еді айтулы әулеттің перзенті", – деп әңгімелеген Нұрсұлтан Әбішұлы Сара Алпысқызының атасы да екінші әйел алғанын еске салды.

"Бала – періште. Бала бақытты болып өссін" деді сонда Сара. Қыздарым да мені дұрыс ұқты. Сара Алпысқызының қай әйел үшін де қиын сынақта танытқан кеңдігінің бір себебін іштей сезетін сияқтымын. Атасы Арқадағы атақты Қонақай бай екенін жаздым ғой. Сол кісіде ұл болмапты. Ақыры алпыстан асқан жасында бәйбішесі өзі айттырып, жас қызға үйлендірген екен. Ойлағанындай ұл туып, атын Алпыс қойыпты. Кім біледі, бабадан тамыр тартқан сол дәстүр есіне түсіп, болған іске кеңшілік көрсетті ме екен? Әйтеуір, онсыз да қиналған жанымды қажай берген жоқ, сағымды сындырмады. Мен өзім баланы ұл деп, қыз деп бөлетіндерден емеспін. Үш қызымды да жанымдай жақсы көремін. Олардан туған немерелерді де жиен деп жатпаймын. Ұл бала – шаңырақты ұстайтын ие, әулет жалғастырар кие... Бұл да дәтке қуат. Ұрпағыңның үзілмегені – үмітіңнің үзілмегені. Қазір екі ұлым да ержетіп қалды. Көзқуанышымыз болып, жақсы өсіп келе жатыр. Адам балаларына айналу арқылы өз өмірін жалғайды. Міне, солай, ағайын. Жан сырымды жайып салдым алдыңызға. Қалай десеңіз де, өзіңіз білесіз. Бұл – өмір. Бір анық нәрсе бар. Жүрекке әмір жүрмейді", – деді тұңғыш Президент.

Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдеуінше, бүгінде оның шежіресі былай жалғасады: Қарасай – Көшек – Айдар – Мырзатай – Кенбаба – Еділ – Сапақбай – Назарбай – Әбіш – Нұрсұлтан – Тауман, Бәйкен және әрі қарай.

Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа" атты көлемді кітабы 80 жылдық кезеңді қамтиды. Еңбекте Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмысшы-металлургтен Қазақстанның тұңғыш Президентіне, әлемдік саясатқа дейінгі бүкіл өмір жолы баяндалады. Онда 2011 жылғы Жаңаөзендегі оқиғаларға, 2019 жылғы билік транзитіне, қанды Қаңтарға арналған жеке тараулар бар.

Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпин, Қасым-Жомарт Тоқаев, Маргарет Тэтчер, үлкен Джордж Буш, кіші Джордж Буш, Жак Ширак, Тургут Озал, Режеп Тайып Ердоған, Сильвио Берлускони, Герхард Шредер, Ангела Меркель, Михаил Горбачев, Борис Ельцин, Владимир Путин және басқаларымен жеке, достық қарым-қатынасын сипаттады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу