Қыз-келіншектер бағындырған белес көп

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3220

"Бизнестегі арулар" бағдарламасының соңғы 9 айдағы нәтижесі жарияланды. 

Қыз-келіншектер бағындырған белес көп

ЕҚДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің менеджері Бақытжан Мұхамедиялының айтуынша, бағдарламаны қаржыландыруға ел үкіметі 8,2 млн доллар бөлген.

"Бүгінге дейін ЕҚДБ 88 кеңес беру жобасын жүзеге асырды. 2015 жылы 8, 2016 жылы 45, 2017 жылы 35 жоба ақиқатқа айналды", – деді abctv.kz-ке Бақытжан Мұхамедияұлы.

Оның айтуынша, бағдарламада 100 үміткер бақ сынаған. Солардың арасынан 14 кәсіпкер топ жарып шыққан. "Жеңімпаздарға бизнес элитадағы 14 танымал кәсіпкер тәлімгер ретінде бекітілді", – деді Бақытжан Мұхамедиялы.

Менеджердің мәлімдеуінше, үкімет пен ЕҚДБ жүзеге асырып отырған жоба еліміздегі кәсіпкер әйелдердің бір-бірімен жақын араласуына және тәжірибе алмасуына жағдай жасайды.

Басқосу барысында Қазақстан бойынша ЕҚДБ директоры Агрис Прейманис бұл бағдарлама кәсіпкер әйелдердің біліктілігін арттыруға басымдық беретінін баяндап: "Үкімет пен бизнес экономиканы ерлер мен әйелдердің таланты мен әлеуетін толық пайдаланбай алға жылжыту мүмкін емес екенін жақсы біледі", – дегенді айтса, ЕҚДБ менеджері Евгений Цой осы уақытқа дейін бизнестің теориясы мен менеджменті ішкі нарықтың қозғаушы күші ретінде қарастырылмағанын тілге тиек етіп: "Мұндай кездесулер жиі ұйымдастырылып тұруы тиіс. Себебі оның берері көп", – деді.  

Қазақстанның бизнес әлемінде "Қағанат  ханшайымы" атанған Шынар Бөгембаева туралы мәлімет ғаламторда өте аз, тіпті жоқтың қасы.

Шынар ханымның жұмыс кестесі екі апта бұрын алдын-ала әзірленеді екен. Оның әрбір сағаты 1500 АҚШ долларына бағаланатын көрінеді. Бұл кәсіпкердің 1 сағатын мақсатсыз пайдаланған адам оның бизнесінен 1500 АҚШ долларын ұрлап алғанмен бірдей деген сөз.  

Сырт көзге жұмбақ болып көрінетін Шынар ханым өзі туралы: "Табиғатымнан жұмсақ адаммын. Бизнес мені қатайта алмады. Сондықтан қаржылық капиталымыз көбейіп, дәмханалардың желілік жүйесіне көшкен кезде шешім қабылдау барысында "жоқ"  деп айта алатын, қаталдау адамды өзіме орынбасар етіп тағайындадым. Қазір кәсібімізді де жүргізіп, қайырымдылықпен де айналысып отырмыз", – деді.

Шынар Бөгембаеваның компаниясындағы дәмханалар желісі тек Алматы, Астана қалаларында ғана емес, еліміздің барлық аймағында танымал бола бастағаны белгілі. Осы турасында ол: "Астана немесе басқа қалалардағы адамдардың талғамы алматылықтардан ерекшеленбейді. Сол себепті біз ас мәзірі немесе технологиялық жабдықтарды өзгерту туралы ойлаған жоқпыз.  Дегенмен кейде адам аздау келетін нүктелерді көрген кезде жинақталып, басқа алаңға ауысқымыз келеді. Біз жылдың барлық уақытында тұрақты жұмыс істейміз. Мен менеджерлерге өз тәжірибелерің мен қателіктеріңнен сабақ алуды үйреніңдер деп жиі айтамын", – деді.

Сөз арасында ол бизнестегі әріптестерінің басым көпшілігінде  "А"  жоспарымен қоса "Б" жоспары болатынын баяндады.

"Менде жаңа жобаны бастаған кезде алға жүруден басқа ой болмайды. Дұрыс шешім қабылдағанымды іштей сеземін. Қазір Алматыда - 21, Астанада - 3, Қарағандыда - 1 "Қағанат" бар.  "Қағанаттың" "McDonalds"  бренді сияқты әлемге танылғанын қалаймын", – деді кәсіпкер.

Бизнес гендерлік саясатқа тәуелді ме деген сұраққа Шынар ханымның жауабы төмендегідей болды: "Ер кісілер бизнесте бірден нәтиже көргілері келеді. Ер адамдар "А"  нүктесінен "Б" нүктесіне дейінгі аралықты бір қадаммен  бағындыруды мақсат тұтады. Өйткені олардың әлемі отбасылық проблемаларға тәуелді емес. Ал әйелдер бір сәтте 150 түрлі ойдың басын шалып үлгереді. Ол - бала, жолдасының көңіл-күйі және тағысын тағы. Сондықтан кез келген әйел кәсіпкер өзінің бойында ер адамға тән қасиетті дамытуы тиіс. Мұндай қасиет бизнес жүргізуге оң ықпалын тигізеді".

Шымкенттен келген жас кәсіпкерге тәлімгер болған "First Business Community" компаниясының басқарма төрағасы Азамат Әзілхан қандай да бір кәсіп тығырыққа тірелген кезде оны жабу туралы асығыс шешім қабылдауға болмайтынын, кейде жағдайды нарықтың өзі реттейтінін айтты.

"Кәсіпкерді түйсігі алдамайды. Егер түйсігіңіз басқа салаға ауыс та, біраздан соң бұрынғы салаға қайта орал дейтін болса, осыны жасау керек", – деді басқарма төрағасы.

Бизнес сәттілікке бағына ма деген сауалға Азамат Әзімхан бұл сұрақтың 100 түрлі жауабы бар екенін, алайда оның барлығы ақылға сия бермейтінін айтты.

"Бес-алты жыл бұрын біздің бизнес қиындыққа тап болды. Үміт артқан нысандар емес, жабамыз деп отырған нысандар кенеттен пайда әкеле бастады. Жалпы, қай бизнеске болсын төзім мен сабыр қажет. Осы екеуі және еңбек қана алға жетелеп, табысқа кенелтеді", – деді кәсіпкер.

Оның пікірінше, кез келген бренд-тауарға нарықта шамамен екі жыл өте үлкен сұраныс болады. Сондықтан алғашқы қалыпты сақтай отырып, өнімді  жаңғыртып, жаңартып отыру керек", – деді "First Business Community"  компаниясының жетекшісі.

Бизнеске мотивация керек. Ол БАҚ тарапынан болуы тиіс. Мотивация кәсіпкерге емес, қоғамға қажет. "Zibroo" компаниясының негізін қалаған кәсіпкер Елена Свечникова осылай дейді.

Жылдық айналымы 2-7 млн доллардан асып кететін компания 1990 жылы дүниеге келіпті. Ал "КазСПО-N" және "Zibroo-Design" сынды еншілес компаниялары 2000 жылдардың бас кезінде құрылыпты.

"Келісімшарт та, тендер де компания тұрақтылығының кепілі емес. Кез келген кәсіпкер бизнесіне қосымша дем беріп отыратын кіріс көзін іздейді. Ең әуелі біз тау шаңғысына лайықталған балалар киімін тіктік.

Ол тез тарап кетті. Тіпті кейбір спорт мектептерінен қосымша тапсырыс алдым.  "Zibroo" бренді осылай пайда болды. 2011 жылы  Қысқы Азияда ойындарына, 2012 жылы Лондон олимпиадасына киім тіктік. Осы уақытта біз тәуекелге бардық, несие алдық. Нәтижесі жаман болған жоқ. Бүгінгі бизнесмендердің тәжірибесі кейінгі  толқынға мотивация беруі керек. Мотивация бізге емес, оларға қажет", – деп түйді сөзін Елена Свечникова.

Бизнесіңіздің аяққа тұрғанын, енді алаңдаудың қажеті жоқ екенін қай уақытта сезіндіңіз, қай  уақыттан бастап балаларыңызбен бірге демалатын болдыңыз деген сауалға кәсіпкер: "2010  жылдан соң алаңсыз екі немесе үш апта демалатын болдым. Оған дейінгі жылдардың барлығы тар жол, тайғақ кешумен бірдей болды. Қазір менде демалатын уақыт жоқ. Шетел немесе ТМД елдеріндегі әріпестеріммен келісімшарт жасайтын уақытты демалыс деп білемін", – деп жауап берді.

Ақтөбеден келген жас кәсіпкер, "Азая" ЖШС директоры Айнұр Бақтыбаева кездесудің қалыптан тыс өткен форматына көңілі толғанын айтты.

"Бұрын Елена Свечникованы, Шынар Бөгембаеваны сырттай ғана білетінбіз. Енді олармен жақын араласып, тәжірибе алмасып отырмыз", – деді.

Айнұр Ақтөбедегі іскер  әйелдер қауымдастығының президенті және қалалық мәслихатының депутаты екен. Ол әу баста бизнесті жеке тапсырыс қабылдаудан бастапты.

"Ісіміз алға ілгерілей бастағанда қызметке алты тігінші алдық Уақыт өте келе олардың саны 50 адамға жетті. Жақында тігіншілерді Германия мен Түркиядағы  компанияларға тәжірибедан өтуге жібердік. Олардың кәсіби шеберлігін шыңдап келетініне және тігін сапасын артыратынына сенім артып отырмыз", – деді Айнұр Бақтыбаева.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу