Қызметкерлеріне қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін компаниялар жеңіледі

3850

Білікті мамандар қашықтан жұмыс істеуге рұқсат етпейтін компаниялардан кетіп жатыр. 

Қызметкерлеріне қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін компаниялар жеңіледі Фото: canva.com

Қазақстандық "цифрлы көшпенді" (digital nomad) Айбар Бахтиярұлы әйелі Айыммен бірге бір жылдан бері әлемді аралап жүр.

Бүгінде Румынияда тұрады, келесі айда Сербияға, қысқа қарай Мексикаға аттанбақ. Бұған дейін Түркия, Америка, Дубай, Черногория, Мысыр, Грузия және басқа елдерде тұрып, жұмыс істеген.

"Қазақстанда майнингті бастаған алғашқы адамның бірі мен болатынмын. Ол кезде бұл іс ұшантеңіз табыс әкелетін. 2020 жылдан кейін қытайлық компаниялар Қазақстанға ауып, артынша заң-жаза қатайтылып, бұл іс қиындады. Шетелдік компаниялардың тапсырыстарын қашықтан орындап жүрдім. Әйелім ол кезде "Самұрық-Қазына" тобына жұмыс істейтін. Содан зайыбымыз екеуіміз келісімге келіп, жылжитын, жылжымайтын мүлкімізді сатып, саяхатқа шықтық. Екеуіміз де тапсырысты қашықтан орындаймыз, қазақстандық көптеген компания осы прогрессивті жолға түсіп алды. Айлық табысымыз 12 мың долларға дейін барады. Жақсы өмір сүруге жетеді", – дейді Айбар.

ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығында кәсіби міндеттемелерін цифрлық телекоммуникациялық технологиялар көмегімен орындап, мобильді-көшпелі өмір салтын ұстанатын "цифрлық көшпенділердің" заманы туды. Мұны түсіне алмаған алпауыттар бармақ шайнауда.

Мысалы, пандемиядан кейін қызметкерлерін толық дерлік кеңседегі жұмысқа қайтарған америкалық Amazon "coffee badging" аталып кеткен құбылыспен күресіп әлек. Бастығының көзіне көріну үшін ұжымы кеңсеге бірер сағатқа келеді және ол уақытты белсенді жұмысқа емес, негізінен кофе ішіп, өзара шүйіркелуге шығындайды. Артынша тайып тұрып, негізгі жұмысты тыныштау жерде: дәмханада, коворкинг орталықтарда, қоғамдық кітапханаларда не үйлерінде орындайды.

Google корпорациясының бұрынғы CEO басшысы Эрик Шмидт бұл тақырыпта қызу пікірталас туғызды.

Оның пікірінше, қашықтан жұмыс істеуші мамандардың кесірінен Google жасанды зерде (AI) үшін күресте жеңілуде. Компания пандемиядан кейін гибридтік жұмыс кестесін енгізген болатын. Бірақ жасанды интеллект саласында әлемдік көшбасшы атанған OpenAI мен Anthropic те өз қызметкерлерінің бір бөлігін қашықтан жұмысқа ауыстырған.

OpenAI, Google мамандары Stanford университетінде "A Glimpse Into AI's Future" тақырыбымен дәріс оқыған Эрик Шмидттің студенттерге айтқан байламын сынға алды. Оның Гуглден кетуіне де керітартпа-консерваторлығы ықпал еткен көрінеді.

Шмидт прогрессивті компаниялар қызметкерлердің мүддесін, жайлылығын, work-life balance қажеттілігін мүлдем есепке алмайтынын жеткізді. Сол қаталдығы арқылы табысқа жетіп жатыр-мыс.

Дегенмен, таяуда Америка мен Еуропада жүргізілген ірі зерттеулер көрсеткендей, қазіргі заманда әсіресе, технологияны пайдалана алатын жұмыскерлер үшін "жұмыс – өмір балансы", яғни жұмыс пен жеке өмірі арасындағы шекара жойылған. Олар бұл екеуін де бөле-жармай, үйлесімді, қатар дамыта алады.

Гугл корпорациясын 2001-2015 жылдары басқарған Эрик Шмидт басқаша ойда: оның айтуынша, алпауыт компаниялар қызметкерлерін ескі замандағыдай кеңсеге тоғытып, қамап қойғаны жөн.

"Неге Google жасанды интеллект саласында бәсекелестеріне жол берді? Өйткені Google жұмыс пен жеке өмірдің арасын теңгерімге келтіру, жұмыстан ерте босату – жеңістен маңыздырақ деп шешті. Неге қазіргі кезде стартаптар ілгері озуда? Олар жұмыс орнында құлша жұмыс істейді", – деді Эрик Шмидт. Оның өзі де қызметкерлердің бір минут кешікпей, кеңседе болуын талап еткен қатал басшы болыпты.

"Кеңселік құлшылдықты" сынаушылардың дәйектемесін ұсынған Bloomberg Шмидт кеткелі, Гуглдің байығанын еске салды. Мысалы, Эрик Шмид бас директорлықтан кеткенде, Google холдингтік компаниясының (Alphabet) капитализациясы небары 468 млрд доллар болыпты. Содан кейін ол күрт байыды. Бүгінде капитализациясы 2 триллион доллардан асады. Ендеше Google-дің жасанды интеллект саласында кейін келе жатуының себебі басқа болса керек.

Шмидт кеткен соң, пандемиядан кейін Google жұмыстың жаңа гибридті моделін енгізді. Оған сәйкес, қызметкерлерден аптасына 3 күн ғана болу талап етіледі, қалған күндерін қайда өткізсе де еркі. Былтыр Google қашықтан жұмыс істеу "өнімділік үшін марапаттың бірі" болатынын мәлімдеді. Өнімсіз қызметкерлер кеңседе қалады.

Бұдан бұрын The Economist басылымына сұхбатында JPMorgan бас директоры Джейми Даймон қашықтан жұмыс моделі тек "басшылық позициядағы тұлғаларға және тағылымдамадан өтуші кіші қызметкерлерге ғана жарамайтынын" мәлімдеді.

Осы орайда айтишілер арасында танымал "Хабр" хаб-блогтар порталы негізінен ТМД елдерінің азаматтары саналатын оқырмандары арасында сұрау салды. Оның нәтижесінде респонденттердің 44,54%-ы, яғни басым көпшілігі "қашықтан жұмыс қызметкерді де, компанияны да табысқа жеткізеді" деп жауап берген. 35,63%-ы тек жауапты, білікті мамандарды қашықтан, онлайн жұмыс істеуге жіберуге болады деген пікірде. 14,7%-ы ғана өнімді жұмыс кеңседе жүреді деп сенеді.

Бүгінде бірден 9 стартапты ілгерілетуші команданың қатарына кіретін Айбар Бахтиярұлы аға ұрпақтың орнын "игрек" және "зумер" ұрпақ ауыстырған сайын компанияларға ұжымның үлкен бөлігін қашықтан жұмысқа шығарудан басқа амал қалмайды деп санайды.

"Қазіргі жастар бір жұмыс орны түгіл, бір елге қатаң таңылмаған. Олар аз уақыт ішінде көбірек табыс тауып, тез баюға тырысады. Бір кеңседе қақиып отырса, ғұмыры зымырап, босқа өтеді. Мысалы, "Авито" да амалсыз, қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге шығарды. Одан ұтылмады, ісі өркендеп, тасы өрге домалауда. Мықты маманға еркіндік беріп, қашықтан жұмыс істеуіне рұқсат етудің өзі ол үшін салмақты мотивация. Одан қос тарап та ұтады: компания байланыс-коммуникацияға, кеңсе жабдықтары мен құралдарына, кеңселік орынжайға, кешкі таратып-жеткізуге және басқасына кететін шығынын оңтайландырады. Тындырымды іс пен жетістіктерге бонуспен, басқасымен жетуге болады. Ал, жас қызметкерлерді үйрету үшін кеңседе ұстауға болады", – деді Айбар.

Қашықтан жұмысқа қарсы бірқатар сарапшылар "үйде, курортта қызметкердің назарын басқа жаққа алаңдатушы факторлардың көбірек, ал, бақылаудың азырақ болатынын" алға тартады. Шынында, жұмыс істегісі келмейтін, ынтасыз, керенау қызметкер офисте отырып та, белсенділікті босқа имитациялап, көзбояушылықпен айналыса береді. Бұл енді, HR-бөлімдегілерге қатысты мәселе.

Жобаларды басқарумен айналысатын белгілі Engineering Manager Илья Немироның айтуынша, іске құнтсыз, өзін өзі ұйымдастыру деңгейі төмен қызметкерлердің кеңседе де сапалы жұмыс істеуі неғайбыл. Олардан айырмашылығы, ынталы мамандар кез келген жерде және кез келген жағдайда жобаны, жұмысын ұқыпты орындайды. Бірақ көп уақытын жұмыс орнында өткізетіндіктен, ондай қызметкерлер отбасы мүшелерінің жанында көп бола алмайтынына, балаларын ұзақ көрмейтініне қамығуы мүмкін. Оның соңы апатияға, депрессияға соқтырып жатады. Мұндай жағдайда қашықтан жұмыс – оның өміріне нұр құяды, жетістік жолындағы шетсіз-шексіз жарыс пен дедлайндарды анағұрлым жеңілірек еңсеруіне мүмкіндік береді.

Айтпақшы, биылғы шілде айының басында ШЫҰ саммитінің өтуіне байланысты Астанада мемлекеттік қызметкерлердің, жеке ұйымдар мен квазимемлекеттік компаниялар ұжымдарының 70%-ға дейінгісі үш күнге қашықтан жұмысқа көшірілді. Одан елорданың тыныс-тіршілігі тоқтап қалған жоқ. Алғашқы сынақ Қазақстанда табысты өткендей.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу