Қызыл кітапқа енген дуадақ – араб ақшасының құрбаны

12016

Өткен аптада әлеуметтік желіде ел үкіметінің араб шейхтарына дуадақ аулауға рұқсат берген шешімі сынға ұшырады. 

Қызыл кітапқа енген дуадақ – араб ақшасының құрбаны

Халықаралық Қызыл кітапқа енген құсты Қазақстан үкіметінің араб байларына қып-қызыл ақшаға сатып келгені аныққа шықты. Үкімет арнайы қаулысымен рұқсат берген соң, араб шейхтары аянып қалсын ба, дуадаққа қырғидай тиіп жатыр.

Соған байланысты аталған құсты аулауға рұқсат берген үкіметтің іс-әрекеті дұрыс па? - деген заңды сұрақ туады. Оның үстіне арабтардың Қызыл кітапқа енген құсты аулауына шариғат қалай қарайды?

Әлеуметтік желілерде дуадаққа қатысты даудың өршігені соншалықты, ауыл шаруашылық министрлігі арнайы мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. Вице-министр Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, арабтарға дуадақты аулауға рұқсат беру арқылы Қазақ елі тек пайда тапқан көрінеді.

Мысалы, 2003 жылдан бері жануарлар дүниесін пайдалау үшін мемлекетік бюджетке 272 миллион теңге түскен.

"Араб мемлекеттері келісім-шарт бойынша дуадақты қорғап, оны дамытуға 26 миллион АҚШ долларын жұмсады. 2007 жылдан бастап тек дуадақтың жалпы санын өсіру мақсатында табиғатқа 7 555 бас дуадақ жіберілген. Ал 2003 жылдан бері араб шейхтарының аулаған дуадағының саны небәрі 588 болып отыр.

Екіншіден, 2007 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан облысында дуадақ өсіру орталығы салынып жатыр. Аталған орталық жылына 5 мың дуадақ өсіріп, табиғатқа жібере алады. Оған араб елдері тарапынан 4 млрд 500 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, араб елдері алдағы уақытта дуадақтың санын өсіруге арналған арнайы жоспар құрып отыр. Оның жалпы құны 57 млрд теңге болып отыр. Осындай қыруар ақша құюының арқасында дуадақты 15 мыңға жеткіземіз", – дейді Ерлан Нысанбаев.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан арабтардан ақша алу арқылы дуадақ тұқымын сақтап, оның санын өсіріп жатыр екен. Бұл, әрине, құптарлық дүние шығар. Өйткені, құрып кетудің алдында тұрған жабайы құстың өсіп-өнуіне мүмкіндік беру керек те болар.

Бірақ, араб шейхтарының Қызыл кітапқа енген құсқа қырғидай тиісуі ислам құндылықтарына қаншалықты сәйкеседі? Бұл сұрақты белгілі дінтанушы Досай Кенжетайұлына қойған болатынбыз. Оның айтуынша, араб жұрты ежелден саясатшылыққа құмар халық.

"Мәселенің барлығын шариғат бойынша шеше алмаймыз. Өйткені, кейбір мәселе дүниеауи нәрсе болып саналады. Айталық, дуадақ бір адамның қызығы болса, біздің үкімет үшін кәсіпкерлік болып отыр.

Сондықтанда мұның дінге қатысы жоқ. Бірақ дуадақ Қызыл кітапқа кіргеннен кейін, ол біздің байлығымыз болып саналатынын ұмытпаған жөн. Исламда бүкіл ағаш пен су, орман мен жан-жануарлардың барлығының тепе-теңдігі сақталуы керектігі қарастырылған.

Сондай-ақ шариғатта аң-құстардың белгілі бір мөлшермен аулауға мүмкіндік берілген. Өйткені, 18 мың ғалам адам үшін қызмет етіп жатыр. Алайда, шектен шығып шамадан тыс ашкөздікке салыну исламда харам болып саналады", – дейді Досай Кенжетайұлы.

Ал вице-министр баспасөз-мәслихатында арабтардың 2008 жылдан бері "небәрі" 588 дуадақ аулағанын қайталаумен болды. Есесіне олар табиғатқа 7 555 дана дуадақты жіберген көрінеді.

Алайда, қазақтың кең даласында араб шейхтарының қанша дуадақ аулағанын кім бақылап отыр?

Серік Жолдасбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу