Қызылорда экологиясы ластанған қалалар қатарына жатпайды

МЖӘ аясында құны 1 млрд 200 млн теңге тұратын тұрмыстық қалдықты сұрыптау кешені салынуда.

Қызылорда экологиясы ластанған қалалар қатарына жатпайды

Экология тақырыбы қашанда өзекті. 5 маусым – Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні. Осыған орай тұмса табиғаттың бүгінгі сапасына, қоқыс проблемасы мен қолқаны бітейтін иіс және өзге де өңірдің өзекті мәселелеріне орай облыстың бас экологы, облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаевтан сұхбат алған едік.

Карантин кезінде көліктер азайып, кәсіпорындар тоқтап экологияда біраз оң өзгерістер орын алды. Мәселен, облыс орталығының өндіріс алаңында азоттың қос тотығы төтенше жағдай кезеңінде 24 есе кеміді.

Жалпы Қызылорда экологиясы ластанған қалалар қатарына жатпайды. Өңірде 100 мыңдай үй, 140 өндірістік және 2 мың коммуналдық нысан газға қосылған. Ауа ластаушы автокөліктер де көгілдір отынға көшуде. Осы уақытқа дейін ауаға таралған зиянды заттар 50,39 мың тоннаға азайды. 1600-ден астам қоғамдық көліктің 660-ы газбен жүреді. Облыста 80 газ құю бекеті 18 мың көлікке қызмет етеді.

Ал, Қызылордадағы қоқыс мәселесі қаншалықты қордаланғаны жайында эколог былайша жауап берді.

Бізде жылына 80 мың тоннаға жуық қалдық жиналады. Былтыр қатты қалдықтың 14% өңделді. Биыл 18% жеткізбекпіз. Қалдықтарды кәдеге жаратумен "Ыбырайхан и К" ЖШС айналысуда. Олар қалдықтың 10 түрін сұрыптап, пайдаға жаратып жатыр. Сонымен қатар, "Smart Rubber" ЖШС көлік шиналарынан бақшаға қажет суару түтіктерін, резеңке ұнтақтарын шығарып жатыр.

Қалдықты пайдаға, тауарға айналдырып жатқандар бар ма?

Бұл бұрыннан бар әлемдік тәжірибе. Мәселен, біздің аймақта, Қызылорда ЖЭО-дан қалған миллион тонна көмірдің қалдығы бар. Осыларды Шиелідегі "Гежуба Цемент" зауыты цемент құрамына қосу үшін пайдалануда. Сондай-ақ, жыл сайын күріш алқаптарында 80 мың тоннаға жуық күріш қауыздары да өртеліп келді. Аймақта 70-ке жуық күріш ақтау зауыты бар болса олардан қалатын күріш қалдықтары қаншама екені белгісіз. Жуырда облыстың кәсіпкерлері шетелдерде болып келді. Олар сол елдермен келісім-шарт бойынша 20 мың тоннадай қалдық өткізді. Алдағы уақытта сұраныс бұдан да артпақшы. Олар күріш қауызындағы кремнийді астық шығымдылығына, құрылыс материалдарына және тыңайтқыш ретінде пайдаланбақшы.

Байқоңырда қолданысқа жарамайтын ғимараттарды бұзу кезінде "Инфракос" кәсіпорны 30 мың тонна бетон қиыршық тас шығарған. Оны да кәсіпкерлер жол салуға жаратып жатыр. Тағы бір айта кететін жайт, қала шетінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында құны 1 млрд 200 миллион теңге тұратын тұрмыстық қалдықты сұрыптау кешені салынуда. Нысанда 8 түрлі конвейерлер 60 мың тонна қалдықты сұрыптайтын болады.

Қызылорда қаласындағы биостанция қайта жаңғыртудан өте ме?

Биостанцияда су биологиялық тазартудан өту керек болса, бүгінде ол механикалық тазартудан ғана өтеді. Расын айтсақ, өндірістік жүйелер тозған. Кешен тәулігіне негізіне 70 мың куб су қабылдауы керек, бірақ осы уақытқа дейін 35-40 мың кубтан асқан емес. Модернизациядан өткен соң биостанция толық қуатында істейтін болады. Содан кейін қолқаны қабатын иістен де құтылатын боламыз.

Сырдариядағы судың сапасы жайындағы ойыңыз?

Сырдария өзенінің суы ластанғанға жатпайды. Келестен бастап бізге жеткенше жолындағы түрлі қалдықты шайып келетіні рас. Суға түсетіндер үшін бұл қауіпті емес. Ал өндіріс қалдықтарынан дарияға тасталғандары жоқ.

Мұнай өндірушілердің табиғатқа тигізіп жатқан залалдары бар ма?

Бұрындары мұнайшылар 11 миллион тоннадан астам мұнай өндіретін. Бүгіндері бұл көрсеткіш 5 миллион тоннаға дейін кеміді. Сәйкесінше табиғатты ластау көрсеткіші де 3 есеге төмендеді.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу