Қызылорда қалай цифрландырылып жатыр?

3457

Облыс орталығындағы ІТ-паркке 9 резидент тіркелген. 

Қызылорда қалай цифрландырылып жатыр? Фото: baq.kz

Қазір цифрландыруға баса назар аударылып отырғаны белгілі. Бұл ретте Қызылорда өңірін цифрландыру жұмыстары "Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс" ұлттық жобасы мен "Ақылды" қалалардың эталондық стандарты аясында жүзеге асырылып жатыр. Біз бүгін облыста нақты қандай жұмыстар атқарылғанын саралап көрмекпіз.

Интернеттің игілігі

Облыстағы мемлекеттік мектептердің барлығы (295 мектеп) байланыс операторларының арналары арқылы интернетке қосылып, жұмыс істеп жатыр. Олардың бәрі "Күнделік" электронды журналы ақпараттық жүйесіне тіркелген. Бұған қоса, ата-аналарға балалардың сабаққа қатысуын бақылауға мүмкіндік беру, сабаққа келмеу сағаттарын және сабақтан қалуды азайту үшін "Күнделік.Трекер" қосымшасы іске қосылған.

Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында "Қауіпсіз мектеп" жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында былтыр 35 аудандық және 23 қалалық мектепке 1 856 камера орнатылып, Жедел басқару орталығымен ықпалдастырылған. Биыл 35 мектеп пен 28 балабақшаға 2 016 камера орнату жоспарланған.

Қазіргі таңда облыс бойынша 295 мемлекеттік мектептің барлығы бейнебақылау камераларымен қамтылған. 97,6 пайызы немесе 288 мектептің камералары жедел басқару орталығына қосылған.

Цифрлық медицина

Бүгінде таңда аудандық деңгейге дейінгі және аудандық деңгейден төмен барлық медициналық ұйым компьютермен толықтай және кемінде 4 мегабит/сек интернетпен 93,2 пайызға қамтылған.

Барлық медициналық ұйым "Дамумед" кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен жұмыс істейді. Бүгінде аймақ тұрғындарының электронды денсаулық паспорты 100 пайыз толтырылған. Қазіргі күні дәрігерге тіркелуге, дәрігердің тағайындауын электронды түрде жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар.

Облыстың 15 медициналық ұйымында телемедицина құралдарының кешендері орнатылған. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша телемедициналық кеңестер саны 271-ді құраған. Зерттеу нәтижелерін жоғалту жағдайларының алдын алу, сондай-ақ қайталама зерттеулер жүргізу мақсатында медициналық құжаттар ұзақ және тұрақты сақтауды талап ететіні белгілі. Осыған байланысты "DICOM бейнелерін жіберу және мұрағаттау үшін PACS жүйесін енгізу" жобасы іске асырылған. Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты және меншік түріне қарамастан медициналық ұйымдардың ішінде PACS жүйесі енгізілуге тиісті 29 медициналық ұйымның барлығында PACS жүйесі ойдағыдай жұмыс істеп тұрған көрінеді.

"Қазіргі уақытта денсаулық сақтауды цифрландыру саласындағы негізгі міндет – Денсаулық сақтау министрлігінің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының ақпараттық жүйелерін біріктіру. Осы мәселені шешу үшін бүгінгі таңда e-Health электронды денсаулық сақтаудың жаңа цифрлық архитектурасына көшу жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында азаматтар денсаулығының ұлттық электрондық паспортын қалыптастыру, микросервистік архитектураны пайдалануға көшу және эталонды деректер базасын құруды қамтамасыз ету жоспарланып отыр", – деп нақтылады Қызылорда облыстық әкімдігінің өкілдері.

Қауіпсіздік сақшысы

Бейне мониторингтің бірыңғай жүйесін құру шеңберінде Қызылорда қаласында, көшелер мен қоғамдық орындарда қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстық іс-әрекеттерді азайтуға арналған бейнебақылау жүйесін кеңейту мақсатында 500 қалалық камера, 10 жол қиылысына зияткерлік, 35 стационарлық жылдамдық өлшегіш құралдарын орнату жоспарланған.

Бүгінде Қызылорда қаласы бойынша білім беру ұйымдарында 3 824 камера орналасқан. Оның 2 835 камерасы жедел басқару орталығына қосылған. Денсаулық сақтау ұйымдарында 1 688 камера бар. Көппәтерлі тұрғын үйлердің 998 камерасы жедел басқару орталығымен ықпалдастырылған.

Онлайн төлем

Әкімдіктің хабарлауынша, "Қызылорда қаласының қоғамдық көліктеріне электронды билет жүйесін орнату" жобасын жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны "AlemPay" ЖШС жеке инвестиция арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асыруда.

"Қазіргі таңда жалпы 360 қалаішілік қоғамдық көліктің 285-інде электронды билет жүйесінің стационарлық валидаторлары мен терминалдары орнатылған. Бүгінде жолаушылар Kaspi.kz, Halyk bank қосымшалары, Activ және Kcell (кэшбэк – 25 теңге), Beeline (кэшбэк – 10 теңге) ұялы байланыс операторларының қосымшалары, сондай-ақ көлік карталары мен SMS арқылы онлайн төлем жасайды. 2023 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша валидатор орнатылған автобустарда сатылған билеттің жалпы санының 80 пайызы қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесіне тиесілі", – деп нақтылады әкімдік мамандары.

I-Orda-ның артықшылықтары

2020 жылы Қызылорда облысында "Өңірлік геоақпараттық жүйе" жобасын енгізу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда геопортал сайтында қолжетімді.

Айталық, Қызылорда облысының табиғи монополия субъектілері ("Қызылорда су жүйесі", "Қызылорда тазалығы", "Энергосервис", "Кызылорда электр тарату тораптары компаниясы", "Қызылорда жылу электр орталығы") арқылы көрсетілетін қызметтерін цифрландыру мақсатында "I-Orda" порталы құрылып, 74-ке жуық қызметтің бизнес-процестері автоматтандырылып, тестілеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар табиғи монополия субъектілерінің қызметкерлері оқытылып, электронды қолтаңба алу жұмыстары жүргізілуде. Портал https://iorda.kz сайтында қолжетімді.

Қала тұрғындары мен қонақтарының онлайн сервистер мен қызметтерді алу ыңғайлылығы үшін 2019 жылы бірыңғай интеграцияланған "Smart Qyzylorda" мобильді қосымшасы іске қосылды. Мобильді қосымша Google Play және App Store платформаларында жұмыс істейді. Онда облыс тұрғындары мен қонақтары үшін 79 сервис қолжетімді. Ол бірнеше бағыттар тұрады: қалалық қызметтер, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, коммерциялық қызметтер, ойын-сауық, белсенді тұрғын, жаңалықтар, туризм, менің төлемдерім, қауіпсіздік, "Cyber City хикаялары", облыс бойынша жыл сайын өткізілетін ауқымды шаралар туралы барлық ақпаратты мобильді қосымшадан көруге болады.

Өңірлік IT-парк

Қазіргі уақытта Қызылорда қаласының IT-паркінде 9 резидент тіркелген. Олар – "Grand master" бағдарламалау мектебі, "ART Software", "Meta школа", "Keyhorse", "Oxford world Language centre", "Kazrobotics", "RedOrda", "FlyOrda", "Kyzylorda Business Hub" серіктестікері.

2023 жылдың қаңтар айынан бастап "Grand master" бағдарламалау мектебі, "Meta школа", "ART Software" резиденттері 10-17 жас аралығындағы оқушылар үшін тегін бағдарламалау курстарын (бейнемонтаж, анимация және мультипликация, компьютерлік графика) өткізеді. Қазіргі уақытта курста оқитындар саны –100 адам.

Сондай-ақ IT-паркте 130-ға жуық студентті қамти отырып, жоғары және орта арнайы білім беретін оқу орындарымен дуалды оқыту жүйесі бойынша практикалық сабақтар өткізіледі.

Сонымен қатар "Астана Hub" IT-стартаптар халықаралық технопаркінің ұйымдастыруымен IT-саласында адами капиталды дамытуға бағытталған "Tech Orda" бағдарламасына Қызылорда облысынан "Grand master" бағдарламалау мектебі қатысуда. Бүгінгі таңда 5 бағыт бойынша 60-қа жуық адам (3D ойындарын әзірлеу, Python әзірлеушісі, WEB әзірлеушісі, C++ әзірлеушісі, Java әзірлеушісі) бағдарламалау курстарынан өтіп жатыр. Жоба 2023 жылдың мамыр айына дейін жалғасатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу