Лагерьге баратын бала ПТР тапсыруға тиіс

2576

Демалуға баратын жас жеткіншектердің қолында 72 сағат ішінде жасалған ПТР тестің коронавирусқа теріс нәтиже көрсеткен қорытындысы болуы керек.   

Лагерьге баратын бала ПТР тапсыруға тиіс

Жамбыл облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл талап 2021 жылы 3 мамырда күшіне енген Бас санитар дәрігердің №20 қаулысында жазылған екен. Қала сыртындағы лагерьлер жұмысының алгоритмі де осы құжатта көрсетіліпті, деп жазады inbusiness.kz.

"Қаулыға сәйкес биыл қала сыртындағы лагерьлерге демалуға барған баланың денсаулығы туралы құжаты (086/у формасы) және инфекциялармен, соның ішінде Covid-19 жұқтырғандармен байланыста болмағаны туралы анықтамасы, лагерьге келгенге дейін 72 сағат ішінде жасалған ПТР тестілеудің теріс қорытындысы бар құжаты болуы керек. Бұл талап сауықтыру орталықтарының қызметкерлеріне де ортақ. Қазір Жамбыл облысы, Тараз қаласын қоса алғанда "жасыл" аймақта. Сондықтан балалардың сауықтыру демалыс орталықтарының жұмыс істеуіне тыйым салынбаған", – дейді департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Гаухар Макуетова.

Жамбыл облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, маусымдық кезеңде өңірдегі қала сыртындағы 11 сауықтыру лагерьлерінің 9-ы жұмысын бастаған. Балалар демалысын ұйымдастырушы мердігер компаниялармен келісімшарттар жасалыпты. Ендігі мәселе – сауықтыру шараларына тартылатын оқушыларды ПТР тестілеуден өткізуге ғана тіреліп тұр.

"Балалар ПТР тестілеуден өткеннен кейін 14-15 маусымда қала сыртындағы лагерьлер жұмысын бастауы тиіс. Қордай ауданындағы "Балауса", Меркі ауданындағы "Жұлдыз", Т.Рысқұлов ауданындағы Ә.Молдағұлова атындағы сауықтыру лагерлері – мемлекеттік демалыс орталығы. Осы 3-еуінен басқа аудандар мен Тараз қаласының оқушыларына жекеменшік лагерьлер де тегін демалыс ұйымдастырылған. Биыл жалпы қала сыртындағы демалыс орындарына 76 80 бала қамтылмақ. Оның ішінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін санаттағы балғындар, облыстағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері бар. Сол себептен бұл жеткіншектер коронавирусқа қарсы сынаманы тегін тапсыру тетігі қарастырылуы тиіс", – аталған басқарманың бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева.

Шындығында, ұл-қызының лагерьге барып демалуы үшін ПТР тест тапсыратыны – көптеген ата-анаға қолбайлау болып отыр. Себебі баласын 10 күнге демалыс орталығына жіберудің өзі олардың отбасылық бюджетіне біршама салмақ салады. Киім-кешегі мен керек-жарағын жабдықтап беруге ең кемі 20-30 мың теңге шамасында қаржы қажет. Ал оған коронавирусқа қарсы алынатын сынаманың ақысын қоссаңыз, едәуір шығын. Сондықтан кейбір отбасылар демалыстан бас тартуға мәжбүр.

"Үш қызым мектепте оқиды. Ең болмаса біреуі лагерьде демалуға мүмкіндік алса қуанар едім. Бірақ ПТР тест тапсырады дегені қиын соғып тұр. Ұлға қарағанда, қыз баланы киіндіруге, керегін әперуге көп қаржы кетеді. Оған қоса сынаманы ақылы тапсырса, едәуір салмақ болады. Сол үшін қыздарыма биыл да демалыс дегенді ұмыта тұрыңдар деп отырмын", – дейді тараздық көпбалалы ана Перзент Маратқызы.

Ал кейбір ата-аналар баласын демалысқа жіберуге әлі де қорқақтап отыр. Жазғы сауықтыру шараларынан шет қалмасын деп жүріп, ауру жұқтырып алмасына кім кепіл дейді олар. Алайда оқушылар демалысына жауапты мамандардың бұл уәжге де айтар жауабы дайын. Мамандардың айтуынша, лагерьдегі әрбір қызметкерден ПТР тест алынып, бәрінің демалыс ауысымы кезінде сыртқы ортамен байланысы шектеледі екен. Бұрынғыдай, әр отбасына балаларын іздеп барып, жағдайын көріп қайтуға рұқсат берілмейтін көрінеді. Тек коронавирус инфекциясы емес, басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу үшін орталық аумағында санитарлық-дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, арнайы департамент мамандарының рұқсаты алынуы тиіс.

Әсел Мұратбекқызы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу