Латифундистер "бірыңғай аграрлық салықты" бұғаттап тастады

2210

Ұлан-байтақ далаға, шетсіз-шексіз шалғынға, телегей теңіз егістік жерге ие Қазақстан әлемдегі азық-түлік дағдарысын ел табысын арттыруға, адамзатты аштықтан құтқаруға пайдалана алмады. Оның орнына өзі ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортына тәуелді.

Латифундистер "бірыңғай аграрлық салықты" бұғаттап тастады

Агроөнеркәсіптік кешендегі жағдайдың күрделі екенін сарапшылар мен ғалымдар кейінгі он жылдан бері жағы талмай айтып-ақ келеді. Бастапқыда АШМ басшылары олармен салғыласты, ауыр-ауыр сөзге барды, көз қылып бағдарламалар қабылдап, көзбояушы тірлікпен айналысты. Мысалы, министрлік ауыл шаруашылығының әр саласын дамытудың жеке-жеке жол картасын әзірледі, оны барлық алаңдарда дәріптеді. Одан нәтиже шықпағанын өмір көрсетіп отыр.

Ал егіннің шығымдылығы қоғамды қуантпады.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің мәліметінше, Қазақстан 2022 жылы 13,5 млн тонна бидай жинауды жоспарлап отыр. Бұл ретте былтыр республика 11,8 млн тонна ғана бидайды қамбаға құя алды. Бұл тіпті пандемиялы 2020 жылдағының өзінен 17%-ға кем.

Ғалымдар климаттың өзгеруі, Жердің шектен тыс жылынуы кесірінен жыл өткен сайын әлемнің көптеген елінде қуаңшылық үстемдік ете бастайтынын болжауда. Ал Қазақстан аумағының 70 пайыздан астамы шөл және шөлейтті жерлерге жататыны белгілі. Ендеше мемлекет салаға қатысты саясатын жетілдірмесе, егіннің шығымдылығы құлдырай беруі мүмкін.  

Ақмола облысының жетекші агробизнсмендерінің бірі, "Ен-Дала" ЖШС директоры Тимур Пішенов бірыңғай аграрлық салықты (БАС) енгізу уақытылы әрі тиімді шара болатынын айтады.

"Әйтпесе бухгалтерлерді ұстап тұру, олардың әрқайсысының жалақы қорына жыл сайын орта есеппен 4 миллион теңге шығындау ұтымсыз. Өйткені аграршылар еліміз бойынша жалпы саны шамамен 4-5 мың бухгалтерге тұрақты шығындалуға мәжбүр, ал олар ештеңе өндірмейді, тек мемлекетке есеп тапсырумен айналысады. Біз талдап көрдік, бухгалтерлердің осы армиясы отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жыл сайын шамамен 20 миллиард теңгеге түседі екен. Егер аграрлық ортақ бір салық қана болса, оның есеп-қисабын аграршылардың өзі жүргізіп, үнемделген қаржыны техника сатып алуға, өндіріске жұмсар еді", – дейді Тимур Пішенов.

Бірақ агросектор ойыншыларының салмақ-үлесі, қызмет түрі, табыстылығы, қаржы айналымы әралуан болса, оларға ортақ салықты қалай есептеуге болады?

Сарапшылар БАС-ты айналымнан, түскен табысының пайызынан есептеуді ұсынады. Бір жағынан, бұл әділетті. Көп ақшасы бары көп салық төлейді. Дегенмен оның соңы табысты жасыруға итермелейді.   

Мұны екі мысалда қарастыруға болады. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын екі ЖШС бар делік, екеуінің де иелігіндегі егістігі бірдей 20 мың гектардан. Жерінің сапасы, бонитеті ұқсас. Алайда басқарушыларының біліктілігі және жұмысшыларының тәжірибелілігі арқасында бірінші ЖШС-нің ісі өрге басқан, әр гектардан 120 мың теңгеден табыс табады, жыл сайынғы айналымы – 2,4 миллиард теңге. Бұл әрине, орташа шаруа ғана, себебі, Қазақстанда әр гектардан 9,5 миллион теңгеден кіріс түсіретін мықты агрофирмалар бар, олар жеміс, бақша, майлы және басқа дақылдарды егеді. Дегенмен 120 мың теңге табыстылықтың өзі ауыл шаруашылығы техникасын ұдайы жаңғыртуға, тұрғындарға және жұмысшыларына әлеуметтік қолдау көрсетуге, бизнесті әртараптандырып, басқа кәсіп түрлерін қоса алып жүруге жетеді.   

Ал екінші ЖШС басшыларының қырсыздығы, жұмысшыларының енжарлығы кесірінен қалт-құлт тірлік кешеді, әр гектардан орта есеппен 50 мың теңгеден кіріс көреді, жерінің молдығы арқасында жылдық айналымы 1 млрд теңге болады. Бірақ техникасы көнерген, өндірісі инвестиция салуды талап етеді, мал шаруашылығын қоса дамытпай, егінмен шектеледі. Ешқандай әлеуметтік міндеттемелерді, әлеуметтік жауапкершілікті мойнына алмайды.  

Бұлардың қайсысы мемлекетке ең көп салық төлейді? Жақсы жұмыс істейтіні. Парадоксы сол, мемлекет екеуінің пайдалануына де бірдей жер телімін береді.

"Мұның соңы неге соқтырады? Сауда салығын да жақсы жұмыс істейтіні анағұрлым көп төлейді. Бұл аграршыларды көлеңкеге кетуге, өнімінің бір бөлігін электронды түрде емес, қолма-қол ақшаға сатуға құштарландырады. Ауыл кәсіпкері сатқан тауарының құнын төмендетіп көрсетуі мүмкін. Жалтарудың нұсқалары көп. Сондықтан ортақ салықты ауыл шаруашылығы өндірушісіне берілген егістік не жайылымның әр гектарына қарай есептеген орынды. Сонда латифундистер босқа салық төлеп, шығындалмау үшін ондаған мың гектар пайдаланылмай жатқан жерлерін мемлекетке өздері қайтарып береді", – дейді агробизнесмен.

Әйтпесе, ол қазіргі кезде ауыл шаруашылығы жерлерінің өте көп бөлігі арамза пайдаланушылар қолында шоғырланғанына назар аудартты. Олар өндіріске қаржы салғысы келмейді, ауыл шаруашылығы жерлерін банктерге кепілге қойып, қаржыға айналдырады.

Ал егер БАС жер көлемімен байланыстырылса, жерді пайдаланушыларға бос жатқан жерлерді ұстап тұру, пайдаланылатын жерлерде нашар жұмыс істеу тиімсіз болып қалады.

Жалпы ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылмауымен күресу үшін Үкімет жаңа тетікті енгізген. Бүгінде ондай жер телімдеріне 10 есе жоғарылатылған салық салынады. Бірақ бұл тетік тиімділік әкелмеді, латифундистер шенеуніктер айтқандай, пайдаланылмайтын жерлерін жаппай тапсырмады. Неге? Бұл норма коррупцияға жол ашты. Қолын майлап, көңілін жайландырса, жауапты тұлғалар қажетке жаратылмай жатқан жерлерге көз жұма қарайды.

Тимур Пішеновтың пайымдауынша, егер жерді ұстау мен өңдеудің сапасына қарамай, барлық жер теліміне бірыңғай аграрлық салық енгізсе, барлығына бірдей төлеуге тура келеді. Бармақ басты, көз қысты жолмен мәселені реттей салуға өріс қалмайды. Қолыңда қанша гектар жер бар, соның бәріне аграрлық салық төлейсің. Бұл даму мен өндіріске инвестиция салғысы келмейтін немесе толық қуатында жұмыс істеуге құлқы жоқ жосықсыз стейкхолдерлердің нарықтан кетуіне серпін береді.

Олардан босаған шамамен 1-2 млн гектар егістікті ауыл шаруашылығымен шындап айналысқысы келетін инвесторларға беруге болады. Қазір олар көп, бірақ суармалы жерлер жетпейді.

Т.Пішенов дәл осы тәсілді жайылымға қатысты қолдануды ұсынады. Бүгінде қалалықтардың өзі GPS тағып, жайлауда жылқы өсірумен айналысуға ынтық, оған бос жайылым жоқ. Себебі мысалға, 20 мың гектар жайлауға ие, бірақ бір де бір бас малы жоқтар бар немесе қулыққа басады. Есеп үшін бірнеше бас жылқы не сиыр ұстайды, болмаса, жақын фермамен келісіп, тексеріс кезінде оның малын өз малындай етіп көрсете салады. Егер жайылымның әр гектарына аграрлық салық енгізілсе, ол жерде мың бас мал ұстайтындарға БАС төлеу қиын болмайды. Ал малы жоқты 2 миллион теңге салық төлеу біраз ойлантады, тіпті жерден бас тартуына итермелеуі мүмкін.

Маманның есебінше, қазіргі кезде бюджетке аграрлық сектордан 60 млрд теңге салық түседі. Егер бірыңғай аграрлық салық енгізілсе, бұл сома шамамен 200 миллиард теңгеден асады. Сарапшы БАС-қа қатысты есеп-қисаптарын АШМ-ге жолдады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, бұл мәселе Қазақстан фермерлер қауымдастығы, агробизнес өкілдерімен бірге талқыланыпты. Талқылау Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Салық саясатын және әкімшілендіруді жетілдіру мәселелері жөніндегі жұмыс тобы аясында жүрген.

"Оның қорытындысында агробизнес өкілдері бірыңғай аграрлық салықты енгізуге дайын емес екендерін мәлімдеді. Бұл ретте БАС ставкаларын пысықтау үшін бірнеше облыс мысалында тиісті есеп-қисаптар жүргізілді. Сонда анықталғандай, республиканың барлық өңірінде салықтың орташа мөлшерлемесі әр гектарға 394 теңгеден келеді. Оны жергілікті әкімдіктер 50%-ға көтере не төмендете алады. Осы есептемелерге сәйкес, "Атамекен" палатасы мен Қазақстан фермерлері қауымдастығы шаруа және фермерлік шаруашылықтарға (ШФШ) салық салуға талдау жүргізді. Талдау мал және өсімдік шаруашылықтарындағы бірқатар ШФШ-ларға салықтық жүктеме 10 және одан көп есе артып шыға келетінін көрсетті", – деп мәлім етті Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Соның ішінде тіпті жергілікті атқарушы органдар 50% жеңілдікті қолданғанның өзінде, салықтық жүктеме 1,5-2,5 есеге өседі екен. Шаруалар бұдан шошынған.

Жалпы идеяның орындылығы да жоқ емес. Қазір шаруа және фермерлік шаруашылықтар 6 түрлі салық пен төлемді төлейді. Оның бәрін БАС немесе бірыңғай жер салығы ауыстыра алатын еді. Сөйтіп салықты әкімшілендіру жеңілдейді. Сонымен бірге жері тым көп ықпалды аграршылардың салығы он есеге дейін артады. Олар бұған жол бермесі анық. Олардың ықпалы көп жер алуға ғана емес, Үкіметте жаңа салық саясатын бұғаттауға да жететіні байқалып отыр.

АШМ мәлімдеуінше, аталған жұмыс тобы талқылау қорытындысында "ауыл шаруашылығындағы қолданыстағы салық салу режимдерін қолдану қолайлы" деген тоқтамға келді.

Жанат Ардақ

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу