Латын әліпбиіне көшу 2027 жылға қалдырылмақ

5401

Бұрынғы билік бұл жап-жақсы, ұлт үшін маңызды бастаманы өзі қасақана абыройдан айырып, дискредитациялағанға ұқсайды.

Латын әліпбиіне көшу 2027 жылға қалдырылмақ Фото: alash24.kz

Латыншаға көшудің маңызы неде? Біріншіден, қазақ тілі кириллицадан бас тарту арқылы орыс тілінен тәуелсіздік алады. Екіншіден, латынграфикалы әліпби негізінде қазақ тілі жаңғыртылады. Үшіншіден, мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейтуге серпін беріледі. Төртіншіден, Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамытуға ықпал етеді.

Бесіншіден, латын әліпбиіндегі қазақша құжаттарды кез келген бағдарлама әлемнің кез келген тұсында оқи алады, аша алады. Сонымен бірге, кириллицадағы сөздер ауыр болып келеді, көп орын алады. Мысалы, кириллицадағы 1 символ 2 байтпен кодталады. Ал латын қарпінің салмағы 1 байт қана. Сол себепті төтенше жағдай қызметтерінің өзі орысша ескертпені смста латын қарпімен теріп жүр.

Сондықтан қазақ тілі биылдан бастап, орыстың кириллицасын тәрк етіп, дамыған елдердің басым көпшілігі қолданатын латын қарпіне көше бастауға тиіс еді. Нәтижесінде, латынграфикалы әліпбиді пайдаланатын азаматтардың үлесі 2023 жылы – 20%, 2024 жылы – 30% болуы, ал 2025 жылы – тең жартысы (50%) қазақ тілінде латын графикасымен жазын үйренуі керек еді.

Н.Назарбаев қол қойған 2017 жылғы 26 қазандағы "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" №569 жарлығында Үкіметке біріншіден, Қазақ тілі əліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құру жүктелді. Екіншіден, қазақ тілі əліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз ету тапсырылды.

Комиссия құрылды, бірақ елде транзит болып, билік басына жаңа Президент келгелі оның жұмысы тоқырап, тоқтапты. Сонымен бірге, Қ.Тоқаев "қазақ тілі 2025 жылы латынша әліпбиге көшеді" деген нақты межені жойды. Жаңа межені атамады. Тек дембіл-дембіл өзіне латынша "Ү" әрпі ұнамайтынын қайталаумен келеді. Қай әріп ұнайтынын да ашып айтпайды.

Латыншаның енгізілуіне қатысты дата Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті әзірлеген "Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдасы" жобасында жария етіліп отыр.

Осы салаға жауап беретін комитет Президент Қ.Тоқаев латынша әліпбиді жетілдіру және жаңа орфографиялық сөздіктегі сөздердің жазылуын қайта қарау туралы 2022 жылғы 15 тамызда тапсырмалар бергенін хабарлады: бірақ оған 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесінің қолдау таппауына байланысты бұл жұмыс доғарылыпты. Яғни, халыққа жария түрде қолдау көрсетеді, бірақ іс жүзінде қаржыландырмайды.

Жалпы, ғалымдардың айтуынша, бұрынғы билік те латыншаға көшуде көзбояушылыққа бейім тұрды. Осы істің басы-қасында жүрген мамандардың бірі, "Қазақ тілі" халықаралық академиясының президенті, филология ғылымдарының докторы Ерден Қажыбек ерік-жігер болса, латыншаға бірнеше айда көшуге болады деген пікірде.

"Ресми мәлімет бойынша ғалымдар, тіл мамандары бас қосып, сол комиссия аясында бірнеше нұсқаны талқылады, соның арасынан тәуірін таңдады деп айтылады. Бірақ шынында мен басқарған комиссияның таңдап алған алғашқы әліпби нұсқасын жұртшылық көрген жоқ. Ғалымдар оңды деп таныған әліпби жобасын шенеуніктер тартпаларына тастай салды. Ал бірінші Президенттің қарауына ұсынылған және жарлығымен бекітілген әліпби нұсқасы жоғарыдан түсірілді. Ол нұсқаларды кім жасағанын біз білмейміз. Біз, ғалымдар, олардың шикі екенін дәлелдеп шықтық. Соларды түзетуге кірістік, бірақ ақырына жеткізе алмадық. Даулы 2-3 әріп қана қалған еді. Үлгермедік", – деді Ерден Қажыбек.

Осы салада айтылып жүрген пікірлерді тыңдасақ, латыншаға көшуге саяси ерік-жігер бар да, бар бәле тіл мамандарына тіреледі. Олардың арасында ауызбіршілік жоқ, алауыздық өршіген, әрқайсысы өз әліпбиін тықпалап, жан-жаққа тартады. Латын графикасы негізінде қазақ тілін жаңғырту мәселесінде ортақ тоқтамға келе алатын емес. Сөйтіп, кері тартуда. Профессор бұл сөзді жоққа шығарды.

"Ғалымдарда бұл мәселеде бірлік жоқ дегені өтірік. Латыншаға қатысты ғалымдардың пікірі ортақ әрі мығым. Артығын айтайын: тіл мамандары 30 жылдан бері қазақ тілінің латын әліпбиінің бір ғана нұсқасын ұсынып келеді. Ол 28 қаріптен тұрады және қазақ тілінің төл дыбыстарының бәрін қамтиды. Қазақтың әрбір дыбысы 1 әріпке ие. Қазақтың жаңа әліпбиі Түркі мемлекеттерінің институты ұсынған жалпытүркілік алфавитке сәйкес келуге тиіс. Өкінішке қарай, әліпбиді соның негізінде түпкілікті тұжырып үлгермедік. Бірақ оны ысырып тастай берді. Біз, ғалымдар, Президент әкімшілігіне де хат жаздық. Қ.Тоқаев ғалымдарды қолдайтынын айтып отыр. Енді Ұлттық ғылым академиясына тапсырма берді. Солардан үміттенеміз", – деді ғалым.

Тіл саясаты комитетінің түсіндіруінше, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу өте маңызды. Себебі, ол қазақ тілінің төл табиғатына сай жаңа жазу ережелерін, орфографиялық нормаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осындай лингвистикалық қажеттілікпен бірге қазақ тілінің қазіргі заманғы технологияларға  бейімделуі, халықаралық танымалдылығы артады. Сонымен бірге түркітілдес халықтармен интеграциялану мейлінше жеңілдейді. 

Ведомствоның мәліметінше, осы уақытқа дейін қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық жұмыс тобының отырыстарында лингвистерден, жалпы ғалымдардан, азаматтардан келіп түскен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің 40-тан астам нұсқасы қаралды және ғылыми-сараптамалық жұмыстар жүргізіліпті.

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары жалғасады. Оның барысында қазақ тілінің емле ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Латын графикасына негізделген қазақ емлесінің негізгі ережелерінің жобасын әзірлеуде бұған дейінгі ережелер, сондай-ақ қазақ жазуының қолданыстағы тұрақталған нормалары ескерілуге тиіс.

"Лингвист ғалымдар қазақ жазу дәстүрінде қалыптасқан "1 дыбыс – 1 таңба" принципіне негізделген әліпби жобасын әзірледі. Бұл әліпби жобасы 1991 жылы түркі тілдеріне арналған біріздендірілген әліпбиді әзірлеу жөніндегі Ыстамбұл Халықаралық симпозиумы ұсынған Ортақ түркі әліпбиінің принциптеріне сәйкес келеді. Жаңа әліпби негізіндегі Емле анықтағышының және Емле сөздігінің жобалары әзірленді. Емле сөздігі қазіргі қазақ тіліндегі 114 мың сөз, сөзформа және сөз тіркесінің орфограммалануын көрсететін кирилл және латын әліпбилеріндегі параллель сөздік түрінде дайындалды. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары қазақ әліпбиі мен емле ережесі тиісті нормативтік құжаттармен бекітілгеннен кейін кезең-кезеңімен іске асырылатын болады", – делінген жаңа Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасының жобасында.

Тіл комитетінің ұстанымынша, Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде мынадай проблемалар бар:

  • қазақ әліпбиі мен емле ережелері тиісті нормативтік құжаттармен бекітілмей тұр;
  • бірқатар ғалым, қоғам мүшелері әліпби құрамындағы кейбір таңбаларға қатысты сын айтып жүр;
  • қоғамның тілдік әркелкілігіне, яғни орыстілділердің қарасының да басым болуына байланысты латын әліпбиін енгізу ұзақ мерзімге созылуы мүмкін; 
  • латын әліпбиін енгізу төңірегінде БАҚ-та оны қабылдаудың жағымсыз тұстары жөнінде субьективті пікірлер көп.

Негізі, мұның бәрі де дәйектемеге тартпайды. Орыстілділер қарсы деген кедергі емес, себебі, орыс тілі көшпейді, кириллицасында қалады. Ал қоғам қатты сынап жатыр деген билікті қашан тоқтатыпты. Егер қоғамдық пікірге қатты маңыз беретін болса, лас өткен Мәжіліс сайлауын қайта өткізер еді.

Жалпы, Тіл комитетінің дерегінше, әлемдік әліпби кеңістігінде латын әліпбиінің үлесі 36%, қытай жазуының үлесі 19%, араб жазуының үлесі 11%, кирил әліпбиінің үлесі бар-жоғы 4%. Қазақ осы азшылықтан арыла алмай жүр.

Түркі тілдес одақтас республикалардың тәуелсіздік алуы нәтижесінде 1991 жылдан әзербайжан, ғағауыз, өзбек, 1993 жылдан түрікмен тілдері латын графикасына негізделген әліпбиді қабылдады. Қазірде түркі тілдерінің 56% латын әліпбиінде, 25% араб жазуында, 17% кирилл әліпбиінде.

Латын әліпбиі – халықаралық ақпарат алмасудың, байланыстың әліпбиі. Ғылымдағы терминдер, атаулар, формулалар осы әліпбиде жарық көреді. Физикадағы және метрикадағы бірліктердің SI жүйесі, математикадағы формулалар, химия мен биологиядағы және барлық ғылымдардағы таңбалар  жүйесі латын таңбаларымен белгіленеді.

Интернет домендер, символдар мен кодтар латын әліпбиінде. Халықаралық банк, логистика, байланыс жүйелелері де латын әліпбиінде. Интернет кеңістігіндегі латын әліпбиінің басымдығы зор.

Ендеше оған көшпей, орыс жазуында қалу қазақ тілін деградация шыңырауына итерумен тең.

Тұжырымдама жобасында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 5 жылдан кем емес уақытта кезең-кезеңмен ауыстыру ұсынылған. Қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшірудің және кирилл әрпін бірте-бірте қолданыстан шығарудың жол картасы әзірленбек. Білім беру ұйымдарын кезең-кезеңмен латын графикасына көшірудің кестесі жасалады.

Құжатта латын алфавитіне ауысудың нақты датасы көрсетілмеген. Оны Мемлекет басшысы анықтайды. Бірақ латынграфикалы әліпбиді пайдаланатын жазба коммуникацияға қатысушылардың үлесі 2027 жылы – 5%, 2028 жылы – 10%, 2029 жылы – 15% болуы керек деген меже белгіленіпті. Олай болса, Мәскеуге қарайлаған билік жаңа әліпбиге көшуді ғасыр ортасына дейін созатын сияқты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу