Билік Қазақстандағы қазақ тілінің мүшкіл халін анықтап, "баршаны жылатты"

2716

Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті тіпті оппозиция айта алмаған ащы шындықты айызды қандыра айтып салды.

Билік Қазақстандағы қазақ тілінің мүшкіл халін анықтап, "баршаны жылатты" Фото: Ашық дерек көздерінен

"Қазақстанда мемлекеттік бағдарлама аясында Славян жазбалары мен мәдениет күндері өткізіледі. Ал соңғы жылдары Түркі жазбалары мен мәдениеті күндерін атап өту доғарылған"...

"Қазақстанда мемлекеттік бағдарлама аясында жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейлерде жастардың орыс тілін меңгеруге деген ынтасын арттыру, орыс тілін еркін меңгерген дарынды жастарды анықтау және қолдау, сөйлесу мәдениетін көтеру мақсатында іс-шаралар мен олимпиадалар, Ресейдің ғылым мен мәдениет орталығымен бірге ісшаралар өткізіледі"...

"Іс жүзінде Қазақстандағы этнос өкілдерінің өзара сөйлесу тілі – орыс тілі. Осы ұлтаралық тіл функциясын мемлекеттік тіл атқаруға тиіс еді"...

"Мемлекеттік тіл меморгандардың нағыз жұмыс тіліне айнала алмады. Қазақстанда сот төрелігінде орыс тілі басымдықты түрде қолданылады".

Тіл саясаты комитеті әзірлеген "Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдасы" ұлтжанды азаматтардың кез келгенінің көкірегін қыжылдатар ащы запыранға толы.

Мемлекеттік органдарда орыс тіліне басымдық берілуде

"Тіл туралы" қолданыстағы заңның 4-бабында: "Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі" деп қадап айтылған. Бірақ Тіл комитетінің пайымдауынша, билік заңды орындамайды. Яғни, заң үстемдігі жоқ деуге болады.

"Заңда солай нақты жазылғанына қарамастан Қазақстанда қоғамдық қатынастар негізінен орыс тілінде жүргізіледі. Орталық және атқарушы меморгандардың құжаттары орыс тілінде әзірленіп, соңынан ғана қазақ тіліне аударылады. Яғни мемлекеттік тіл өзінің мәртебесіне сай негізгі тілдің функциясын атқармай, жай ғана аударма тіліне айналды. Елімізде заң шығарудың негізгі тілі де – орыс тілі. Атап айтсақ, ел Парламентінің VI және VII шақырылымдарында қабылданған 601 заңның алғашқы нұсқалары тегіс орыс тілінде әзірленген, артынша қазақ тіліне аударыла салынған. Бұл мемлекеттік тілдің барлық салада қолданылуына да, беделіне де кері әсер етеді. Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің ресми стилінің қалыптасуы мен дамуын тежеді", – деп мәлім етті Тіл комитеті.

Яғни Үкімет пен Парламент орыс әлеміне жақын екен. Ал биліктің үшінші тармағы ше?

"Сол сияқты сот жүргізу ісінде де орыс тілі басым тіл ретінде қолданылады. Қазақстан халқының басым көпшілігін қазақ ұлты құрайтындықтан, бұл азаматтардың жеке құқықтарының сақталуына, олардың өз ойларын еркін, объективті жеткізуіне нұқсан келтіреді. Бұған қоса іс-қағаздарын жүргізудің негізгі тілі де әлі күнге дейін – орыс тілі. Соған байланысты қазақ тілі тағы да аударма тіліне айналған. Бұл билікте мемлекеттік тілге деген немқұрайлы, салғырт көзқарасты қалыптастырады, қоғамның мемлекеттік тілге қажеттілігі мен сұранысына да кері ықпал етеді. Осы айтылған жайттардың бәрі "Тіл туралы" заңының ең маңызды бабының орындалмай жатқанын анық паш етті", – деп мәлім етті комитет.

Егер судья әділдік іздеп жүгінген немесе күш құрылымдары негізсіз айыптаған адамның не айтқанын жөнді немесе мүлдем түсінбесе, аудармашыға алаңдаумен болса, әділ сот төрелігі қайдан болады? Сонда Әділетті Қазақстан құратыны көзбояу болып шықпай ма?

"Жүре берсең көре бересің" деген, ары қарайғы әшкереленгендер де жаға ұстатады. "Тіл туралы" заңның 8-бабында: "Мемлекеттік тіл – Қазақстан Республикасы меморгандарының, ұйымдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс және іс-қағаздарын жүргізу тілі болып табылады" делінген.

Бірақ Тіл комитеті сарапшыларының тұжырымдауынша, қазақ тілі меморгандардың, билікті шын мәнінде жұмыс тіліне айналмады және айналатын түрі жоқ.

"Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, меморгандарда күнделікті жұмыс тіліне айналған тіл ғана көпшіліктің қажеттілігі мен сұранысына ие болады. Ал егер тіл жұмыс тіліне айнала алмаса, онда оның мәртебесі тек декларативті күйде қалады. Мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің мәртебесі көп жағдайда осындай декларативті сипатта. Мемлекеттік тілдің заңды функциясы жүзеге асырылмайды", – деп ашығын жазды тұжырымдама авторлары.

Тағы бір түйткіл: "Тіл туралы" заңның 9-бабында: "Меморгандардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп қабылданады, қажет болған жағдайда ғана, мүмкіндігінше, басқа тілдерге аударылуы қамтамасыз етіле отырып, оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін" делінген. Тіл комитеті анықтағандай, бұл заң талабы да жай сөз болып қалған. Саланы тағы да жаттың тілі жаулап алған.

Мемлекетік басқару деңгейлеріндегі көрші тілінің экспансиясына төтеп бере алмаған қазақ тілі бекініс-позицияларын бірінен соң бірін тастап, шегіне-шегіне шетке шығып қалыпты.

"Тіл туралы заңында: "Меморгандардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп қабылданады" деп талап қойылғанымен, меморгандардың актілерінің басым көпшілігі орыс тілінде әзірленеді. Соның кесірінен осы бап бойынша мемлекеттік тілге берілген басымдық өз деңгейінде жүзеге асырылмайды. Оның орнына екінші позициядағы: "орыс тілінде жүргізілуі мүмкін" деген сөз тіркесіне басымдық берілуде. Сол себепті бұл бап орындалмайды", – деп екпін түсірді Тіл комитеті.

Қынжылтатыны сол, тіл жанашырларын онсыз да күн сайын ашындырып жүрген ащы шындыққа батыл назар аудартқанымен, ары қарай қадам жасауға, мысалы, "орыс тілінде жүргізілуі мүмкін" деген кесірлі тіркесті жоюды ұсынуға ведомство басшылығының жүрегі дауаламапты. Яғни, кеселді байқаған, бірақ оны емдеудің жолын жасырған.

Демек, ол әзірлеген, 2029 жылға дейінгі уақытты қамтитын жаңа Тіл саясаты қазақ тілінің өркенін өсіріп, оны ұлтаралық қарым-қатынас тілі деңгейіне дейін көтереді деп күту әбестік болар. 

Мемлекеттік тіл "халтура тіліне" айналған ба?

Алда жағдай күрт жақсарып кетеді деп үміттену қиын. Мысалы, Inbusiness.kz Үкіметтің еліміздегі барлық қаржылық, өнеркәсіптік алпауыттармен, монополистермен алдағы он жылға "Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім" бекітіп, оларға салықтық жеңілдік жасайтынын жазды. Осы құжаттарда "тараптар орыс тілін қарым-қатынас тілі ретінде қолданады" деп бекітілмек. Осылайша, мемлекеттік тілді Жаңа Қазақстанның Үкіметі ең кемі онжылдық соңына дейін осы саладан шеттеткелі отыр. Келісімдер күшіне енген соң орындалуына қатысты барлық ақпарат тек қана орыс тілінде жасалады деп көрсетілген.

Егер Ресейдегі меморгандардың және бюджеттен қаржыландырылатын компаниялардың кез келгенінің сайтына кірсеңіз, ол қай тілде ашылады? Бұл сұрақты қойған адамның өзі ақымақ көрінуі мүмкін. Әрине, орыс тілінде. Ал егер Қазақстандағы меморгандардың сайтына кірсеңіз, беті қай тілде ашылады?

Мұны анықтау үшін Тіл саясаты комитеті мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың ресми интернет-ресурстарына мониторинг жүргізіп шықты. Бұл салада да қазақ тілінің жағдайы жыларман күйде екен. Сонымен, мемлекеттік тапсырысқа сәйкес 2022 жылы 105 мекеменің ресми сайтына мониторинг жүргізілді. Масқарасы сол, соның ішінде 100 мекеме ескерту алған.

Жалпы, оларға қарасты 594 интернет-ресурс талданыпты. Нәтижесінде 543-інде кемшіліктер табылып, олар қайта жетілдірілді. Қазақ тіліне теріс қараған 41 ресми сайттың, 1 мобильдік қосымшаның иелері тәубеге түсіріліп, олардың мемлекеттік тілдегі нұсқасы іске қосылды.

Күрес аяқталған жоқ. Комитет әлі де болса заң талаптарына қайшы келетін ресми интернет-ресурстар қалып тұрғанын хабарлады. Мониторинг нәтижесінде қаптаған былық ашылды. Біріншіден, біраз ұйымдардың ресми сайттарының негізгі беті бірден орыс тілінде ашылады. Екіншіден, меморгандар орыс тіліндегі сайтына басымдық береді. Салдарынан, "мемлекеттік тілде орналастырылған ақпараттың көлемі орыс тіліндегі ақпарат көлемімен сәйкес келмейді". Ақпарат алдымен орыс тілінде дайындалып, бекітілетіндіктен, қазақшаға аударуға уақыт жетпейді, не аудармашы ерінеді де, мемлекеттік тілдегі нұсқасы не жартылай аударылады, немесе онда қате өріп жүреді. 

Бұдан бөлек, мемлекеттік тілдегі ақпарат уақытында орналастырылмайды, көп кешігіп шығып жатады. Сондай-ақ "халтураға" жол беріледі: сайттың қазақ тіліндегі нұсқасына орыс тіліндегі материалдар орналастырыла салынатыны анықталды.

Латыншаға көшуге Ү кедергі ме?

Ғалымдар қазақ тілі латын графикасына көшпей, орыс тілінің тасасында қала береді деген тұжырым айтып жүр. Жалпы, бұрынғы биліктің жоспары бойынша Қазақстан дамыған елдер мен түркі тілдес мемлекеттердің басым көпшілігі қолданатын латын әліпбиіне биылдан көше бастауға тиіс еді. Нәтижесінде, латын графикалы әліпбиді пайдаланатындардың үлесі 2023 жылы – 20%, 2024 жылы – 30%, 2025 жылы – 50% болады деген жоспар белгіленді.

Бірақ жаңа билік оған уақытша тоқтау салды. Бұл үрдістің қашан басталатыны белгісіз. Ел басшылығы жаңа меже-датаны атамады.

Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге қатысты ойын ортаға салды. Бұдан білгеніміз, Президентке латиницадағы қазақы әріпке ұқсас "Y" ұнамайды екен.  

"Кириллицада көптеген сөзде "ы" деген әріп бар. Мысалы, "ырымшыл" деген сөзде үш "ы". Біз оны автоматты түрде "ү" деп жазатын болдық. Сонда "ырымшыл" деген сөзді латын әліпбиінде жазатын болсақ, үш игрек болады: Yrymshyl. Бұл қазақ тілі ме? Оны кім оқи алады? Ақырында, тіліміз кирилл әліпбиімен де, тіпті, латын әліпбиімен де жағымсыз көрінетін болды. Осындай мысалдар аз емес", – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын, 2022 жылғы 16 маусымда өткен Ұлттық құрылтайдың I отырысында Қ.Тоқаев тағы да осы әріпті тілге тиек етіп еді.

"Мысалы, кириллица графикасындағы қазақ тілінің төл сөздерінде "Ы" әрпі жиі кездеседі. Осы әріпті механикалық түрде латын графикасына көшірсе, ағылшын тіліндегі "Ү" әрпі әрбір тиісті сөзде пайда болады. Бұл – дұрыс емес. Бізге "Ү" әрпі жиі кездесетін сөздерді оқу қиынға соғады. Мысалы, "тыныштық" ("tynyshtyq") деген сөзді алып қараңыздар, үш "Ү" әрпі пайда болды. Сөздің өзі көзге жағымсыз көрінеді. Осындай мысалдар өте көп. Міне, сол себепті, мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым", – деген болатын сонда Президент.

Тіл саясаты комитеті бұл саланың дағдарғанын жасырып жатпады. Қаражат жоқ.

"Латын графикалы әліпби бойынша кейбір міндеттер орындалмады. Мұның себептері: Мемлекет басшысының әліпбиді жетілдіру, жаңа орфографиялық сөздіктегі сөздердің жазылуын қайта қарау туралы 2022 жылғы 15 тамыздағы №22-32-29.295 тапсырмаларына сәйкес,  латын графикасына негізделген әліпби жобасының және қазақ тілінің емле ережесі жобасының тиісті нормативтік құқықтық актімен бекітілгеннен кейін қайта қаралуына, алайда 2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесінің қолдау таппауына байланысты", – делінген Тіл саясатының алдағы бес жылға арналған жаңа тұжырымдама жобасында.

Құжатта тағы бір көңілге кірбің түсіретін жайтқа назар аудартылады: азаттық алғанымызға отыз жылдан астам уақыт өтсе де, славян диаспоралары ішінде орыстардың 25,1%-і, украиндардың 23,7%-і, беларустердің 22,8%-і, поляктардың 22,1%-і ғана ауызекі қазақ тілін түсінеді. Аталған диаспораларда қазақша оқып, жаза білетіндер үлесі – небары 2,9%.

Ұлттық халық санағының қорытындысында 5 жастан ересек жастағы қазақстандықтардың 13 768 406-сы немесе 80%-ы мемлекеттік тілді меңгергенін белгілі болды. Бірақ соның ішінде 8 472 661 адам немесе 49,3%-ы ғана қазақ тілін күнделікті өмірде қолданады. Қалғаны аса қажеттілік туындамаса, қазақ тілін пайдаланбайтынын жеткізген. Билік болса, ондай қажеттілік тудырып отырған жоқ.

Тұжырымдамада жазылған сорақы факт: "Бүгінгі таңда Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Жетісу, Алматы облыстарында ғана дербес Тілдерді дамыту басқармалары қалды. Алайда алдағы уақытқа жоспарланған мемлекеттік басқару саласындағы оңтайландыру шаралары бұл басқармаларға да өзге құрылымдармен бірігу қаупін тудырады". Комитет өңірлердегі мемлекеттік тіл саясатын іске асыруды үйлестіруші және жауапты орган – Тілдерді дамыту басқармаларын дербес құрылым ретінде сақтап қалуды ұсынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу