Латын әліпбиін оқытуда қандай мәселе туындауы мүмкін

3423

Еліміздегі тілдерді оқыту орталықтарында оқытушылардың орташа жалақысы – 40-84 мың теңге. 

Латын әліпбиін оқытуда қандай мәселе туындауы мүмкін

Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін оқытуды бастаған кезде оқытушыларды таппай қиналуымыз мүмкін. Себебі олардың жалақысы өте төмен. Бұл туралы Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, латын әліпбиіне көшуді тиімді әрі жүйелі жүргізудің негізгі индикаторы – білікті оқытушы. 

"Алайда мәртебесі анықталмаған тілдерді оқыту орталықтарында мамандарды тұрақты ұстап тұру және тағы басқа шешілмеген мәселе бар. 2020 жылдан бастап еліміздегі педагог мамандардың жыл сайынғы лауазымдық жалақысын 25%-ға, мәдениет қызметкерлерінің жалақысын 35%-ға көбейту туралы тапсырма берілді. Бірақ тілдерді оқыту орталықтарының қызметкерлері назардан тыс қалды", – деді комитет төрағасы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығында өткен онлайн алқа отырысында.

Әділбек Қаба еліміздегі тілдерді оқыту орталықтарында небәрі 454 оқытушы жұмыс істейтінін айтады. Алайда олардың жалақысы өте төмен.

"Ондағы оқытушылардың жалақысы орта есеппен Алматы облысында 41 мың теңге, Қарағанды облысында 64 мың теңге, Түркістан облысында 65 мың теңге, Қостанай облысында 68 мың теңге болса, Шымкентте 70 мың теңге, Ақтөбе облысында 84 мың теңге. Ал Қызылорда облысында оқытушылар экологиялық коэффициентті қосып есептегенде 93 мың теңге алады. Қазір 40 мың теңгеге оқытушыларды ұстап тұру өте қиын",– деді ол.

Тіл саясаты комитетінің төрағасы бұл мәселе алдағы уақытта шешілмесе, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін оқыту кезінде проблема туындауы ықтимал екенін ашық айтты.

"Ертең латын әліпбиін оқытуды басталған кезде оқытушылар таппай қиналуымыз мүмкін", – деп түйіндеді сөзін Әділбек Қаба.

Дәурен Ерболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу