Латын Америкасы – пандемияның жаңа эпицентрі

5662

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемнің әлі вирустық эпидемияның бірінші толқынының бел ортасында екенін ескертіп, пандемияның жаңа ошақтарын атады.

Латын Америкасы – пандемияның жаңа эпицентрі

Бразилия мен Үндістан өршіген коронавирус эпидемиясын тоқтата алмай жатқанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемнің әлі пандемияның бел ортасында екенін ескертіп, ғаламдық экономиканы тезірек қалпына келтіруге және халықаралық сапарларды қайта жандандыруға деген үмітті су сепкендей басты.

"Дәл қазір біз екінші толқында емеспіз. Біз бірінші толқынның бел ортасындамыз",  – дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының атқарушы директоры Майк Райан.

Cонымен қатар, ол Оңтүстік Америкада, Оңтүстік Азияда және планетаның өзге де бөліктерінде коронавирус жұқтыру оқиғаларының жиілеп келе жатқанын мәлімдеді.

Мәселен, 1,3 миллиардтан астам халқы бар Үндістанда Covid-19 инфекциясын жұқтыру оқиғалары жеті күн қатарынан көбейіп, рекорд көрсетіп отыр. Сейсенбі күні мұнда қауіпті вирус 6535 адамнан табылып, жұқтырғандардың жалпы саны 145 мыңнан асып, құрбандар саны 4200-ге жетті.

Үндістанда коронавирус эпидемиясы негізінен кедей әрі халық көп шоғырланған аудандарды шарпып жатыр. Жұқтырғандардың көбі елдің батысындағы Махараштра штатында, Мумбайда, Гуджаратта. Сонымен қатар, Үндістанның шығысында да инфекция өрши түскен. Бұл аймақта карантинге байланысты жұмысшы-мигранттар ірі қалалардан ауылдарына жаппай оралып, эпидемиялық жағдайды тіпті нашарлатады деген қауіп бар.  

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сейсенбі күні мәлімдегендей, Латын Америкасы коронавирус пандемиясының жаңа эпицентріне айналды. Бұл аймақта 2,4 миллионнан астам адамнан Covid-19 анықталып, 143 мыңы қайтыс болған. Латын Америкасы қатерлі инфекцияны тәулігіне жұқтыру көрсеткіші бойынша АҚШ пен Еуропаны артқа тастап отыр.

Эпидемия, әсіресе, Перу, Сальвадор, Гватемала, Чили, Никарагуада өршіп барады. Ал, Бразилия президенті Жаир Болсонару штаттар мен аудандардың басшыларын елді үйде шықпауға мәжбүрледі деп айыптап отыр. Дегенмен, қозғалысты шектемеске амал жоқ. Бұл мемлекетте коронавирус жұқтырғандар саны 375 мыңға жетіп, 23 мыңнан астамы қайтыс болды. Яғни, Бразилия коронавирус жұқтырудан әлемде Ресейді басып озып, АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шықты.

Осыған қарамастан, Сан-Паулу губернаторлығы штатта толық карантин енгізуден бас тартып, экономиканы қайта ашу мақсатында 1 маусымнан бастап шектеу шараларын алып тастауға кіріспек. Дегенмен, Құрама Штаттар 26 мамырда Бразилиядан келетін шетелдіктерді өз аумағына кіргізуді тоқтатты.

Еуропаға ойыссақ, Ресей президенті Владимир Путин Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парад 24 маусымда өтетінін жариялады.

Ресейде сейсенбі күні коронавирустан 174 адам қайтыс болды. Бұл да – рекордтық көрсеткіш. Жалпы алғанда, РФ-да "коронавирустан" 3800-ден астам адам о дүниеге аттанып, жұқтырғандар саны 360 мыңға жетіп отыр. Ресей бұл жағынан әлемде АҚШ пен Бразилиядан кейінгі үшінші орында тұр. Бірақ  жақында Путин мәлімдегендей, оның елі эпидемияның өршу шегінен өтті.

Ресейде коронавирус құрбандарының саны өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Сарапшылар бұған күмән келтіріп отыр. Алайда Мәскеу цифрларды бұрмалады деген айыптауларды үнемі жоққа шығарып келеді.

Испания сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Еуропа одағы елдері ұжымдасып, шекараларды ашып, осы одаққа кірмейтін қай мемлекетке сапарлау қауіпсіз деген мәселені анықтап алуы керек.

Саяхатшыларды тарту мақсатында Грекия үкіметі маусымның 1-нен бастап материктен аралдарға теңізбен сапарлағысы келетіндер үшін арзан билет жүйесін енгізді.

Чех Республикасы, Венгрия, Словакия болса, сәрсенбіден бастап өз азаматтары үшін өзара шекараларын 48 сағатқа ашу туралы келісім жасасты.

Индонезия халқының саны жағынан әлемде төртінші орында тұр. Ол маусымның 4-інде сауда орталықтары мен кәсіпорындарын қайта ашады. Карантиннен кейінгі денсаулық сақтау ережелерінің орындалуын қадағалау мақсатында 25 қалаға қауіпсіздік күштерінің 340 мың қызметкері жіберіледі.

Оңтүстік Корея азаматтардан қоғамдық көлік пен таксиде маска тағуды талап ете бастады. Бұл мемлекетте жақында түнгі клубтар мен өзге мекемелерде ондаған адам инфекция жұқтырған. Ал, бүгін 2,4 миллион оқушы мектептерге оралады. Олар үшін ден сақтық шаралары күшейтіліп жатыр.

Елдің денсаулық сақтау министрлігі дәмханалардан, түнгі клубтардан, спортзалдар мен караоке-барлардан және концерт-холлдардан келушілерді тіркеу үшін  QR код қолдануды талап етіп отыр. Себебі вирус жұқтырғандар болса, оларды мұндай технологиямен тез табуға үміт бар.

Ал, АҚШ-тың, Еуропаның, Канаданың, Жапонияның, Австралияның жеті ірі қоғамдық медиа ұйымы "әсіресе, әлеуметтік желілерде COVID-19 туралы жалған ақпарат таратқандарға" тойтарыс беру науқанын бастайтынын жариялады. Олардың қатарында France Médias Monde, Deutsche Welle, BBC-дің әлемдік қызметі, NHK World, CBC Radio-Canada, ABC Australia және АҚШ-тың Ғаламдық медиа агенттігі бар.  Соңғысының құрамына "Америка дауысы", "Азат Азия" радиолары кіреді.

Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, жер-жаһанда коронавирусты 5,5 миллион адам жұқтырып, 350 мыңдайы қайтыс болған. Еуропада дауасы жоқ жаңа дерттен 170 мыңдай, АҚШ-та 100 мыңға жуығы жан тәсілім етті. Сарапшылардың болжамынша, әлемде Covid-19-дан қайтыс болғандардың саны шын мәнінде әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу