Ләззат Ибрагимова: Құжаттар тізімі тағы бір қағазбен толықты

9212

"Отбасы банк" басшысы басқа банктегі несиесін жабуға өтініш бергендерге маңызды мәлімет айтты. 

Ләззат Ибрагимова: Құжаттар тізімі тағы бір қағазбен толықты

"Отбасы банктен" басқа банктердегі ипотекасын жабуға өтінім берген азаматтарға қосымша құжат өткізу қажеттігі туындап отыр. Банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова осындай мәлімдеме жасады. 

"Журналистерден мына мәліметті барынша таратуды сұраймын. Бүгін таңертен біз өзге банктердегі ипотека қарызын жабушылардың жағдайына талдау жүргізіп бастағанбыз. Мынадай мәселеге тап келдік. О баста клиенттің жұмысын жеңілдету үшін қажет құжаттар тізімінен банк займының келісімшартын алып тастағанбыз. Тек қарыздың мөлшері туралы анықтама әкелсеңіздер болды дегенбіз. Өкінішке қарай, банктер берген анықтамалардың көбінде кредиттің мақсаты көрсетілмеген болып шықты. Тек сомасы ғана көрсетілген. Енді біз порталда сол мүмкіндікті қайтадан енгіздік. Адамдар өз банкіне екі рет бармас үшін кредит келісімшартын енгізетін етіп жасадық. Яғни, біздің ішкі тексеруімізге банк займының келісімшартын қосып берулеріңізді сұраймыз. Ол бізге келісімшарттан сіз жапқыңыз келетін несиенің бастапқы мақсатын көру үшін керек",  деді банкир.

Осы өзгеріске байланысты өзге банктегі ипотекасын біржолғы зейнетақы төлемі арқылы жапқысы келетін азаматтарға берген өтінімінің мәртебесін қайта тексеру болады. 

"Басқа банктермен осы мәселе бойынша сөйлестік. Көбі қарыз мөлшері туралы анықтамада несиенің мақсатын көрсетпейтіндерін айтты. Көп банктің жүйесі осылай автоматтандырылған екен. Сондықтан клиенттерге қолайлы болу үшін ол мүмкіндікті қайтардық. "Отбасы банктен" өзге банктердегі ипотекасын жабуға өтінім берген адамдардың барлығынан түстен кейін жеке кабинеттеріне кіріп, мәртебелерін тексеруді сұраймын. Егер өтінім қосымша пысықтауға жіберілді деп тұрса, банктен алған анықтамаңызда несиеңіздің мақсаты көрсетілмеген деген сөз. Сондықтан банк займының келісімшартын жүктеп өткізу керек болады",  – деді ол.

Есжан Ботақара
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу