Лифтілері істемейтін Астана биікке көтеріле алмай отыр

1593

Қыс таяп, дүлей жел күш алғанда, елордада жеделсатыларға қатысты проблемалар да күшейеді.

Лифтілері істемейтін Астана биікке көтеріле алмай отыр

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 30 мыңнан астам лифт бар. Оның 5 мыңнан астамы ауыстыруды қажет етеді. "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020-2025 жылдар аралығында тек 2 554 лифтіні ауыстыру жоспарланған.

Елорданың өзінде 7 мыңнан астам жеделсаты тіркелген. Оның 5 мыңнан астамы тұрғын үйлерге қызмет етеді. Қалғаны әкімшілік ғимараттарда орналасқан.

Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының президенті Ержан Игібаевтың айтуынша, Алматы мен Астанада лифтілерге қызмет көрсететін 80-ге жуық компания бар. Бірақ олардың бәрі бірдей аттестациядан өтпеген. Оның түсіндіруінше, бұл ұйымдардың ҚР СТ 3305-2018 ("Лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көтергіштер. Жеткізуге, монтаждауға және пайдалануға қойылатын талаптар") ұлттық стандартына сәйкестігі туралы куәлігі болуға тиіс.

Бірақ құрылыс компаниялары, ПИК-тер мен МИБ-тер келісім бекіткенде ол куәлігін талап ете бермейді. Салдарынан, көптеген жеделсатыларда апат болған жағдайда диспетчерді шақыру мүмкін болмайды. Адамдар амалсыз айғай көтеріп, даңғырлатып, шулатып, түн іші болса да, айналаны азан-қазан етуге мәжбүр. Тіпті лифт ішіндегі панельде диспетчер бастырмасы қарастырылмаған үйлер де бар көрінеді.

Жалпы бас қаланың өзінде лифттерге қызмет көрсетуші компанияларға және көліктің осы түріне қатысты шағым өте көп. Мысалы, елордадағы "Времена года Лето" тұрғын үй кешенінің (ТК) тұрғындары өз проблемаларын жеткізу үшін біраздан қалалық шенеуніктерді "шабуылдап" жүр.

"Пәтерлерді бізге сатқанда, BI Group ТК-де Оңтүстік Кореяда жасалған заманауи лифтілер қойылады деп сендірді. 2020 жылдың соңына қарай кілтті қолға алғанымызда үйде қытайлық лифтілер тұрғанын білдік. Олар іске қосылғаннан күні бүгінге дейін ақаумен жұмыс істеп келеді, жиі істен шығады. Соңғы уақытта оның ішінде адамдар жиі қамалып қалатынды шығарды. Соның ішінде балалар да жабылып, психологиялық азап шекті. Аталған лифтілерде операторларды шақыру бастырмалары істемейді. Салдарынан, проблеманы жедел шешу, ішіндегі адамдарды тез құтқару мүмкін болмайды. Лифтілер өте қатты шулайтыны сонша, оның шуылы мен сықырын қасындағы пәтерлердің тұрғындары түні бойы тыңдауға мәжбүр", – деді үй тұрғыны Айдос Құсайынов.

Ол мұның арты қайғылы оқиғаға соқтыруы ықтимал деп қорқатындарын айтады. Мұндай қасірет Қазақстанда талай рет тіркелді. Тұрғындар проблеманы көтеріп, оны жоюды сұрап, құрылыс компаниясына қаншама рет жүгінген. Алайда компания сырғытпа жауаптармен жалтарыпты. Тіпті клиенттері сұратқан жобалау-сметалық құжаттамалардың көшірмесін бермей қойған.

"Capital Park Flowers" тұрғын үй кешенінің тұрғындары да ұқсас проблемадан әбден қажыған көрінеді. Олар салушыдан көмек болмаған соң, оның бірнеше үйлеріндегі жүк және жолаушылар лифтілерн ауыстыруды сұрап, әкімдікті жағалап жүр.

"Жүк және жолаушылар таситын жеделсатылардың ақаулы болуы жазатайым оқиғалардың туындау қатерін жоғарылата түсті. Адамдар жазым бола ма деп үрейленеміз. Лифтілердің ішінде бірнеше рет адамдар, қонақтар қамалып қалды. Лифтілер апталап жөндеуге жабылады. Лифтілердің істен шыққаны туралы барлық деректер BI Service-ке жолданған өтініштерде тіркелген. Үйдің чатында да жарияланып тұрады. Пәтер сатып алғанымызда, BI Group менеджерлері "Fuji" фирмасының озық лифтілерімен жабдықталатынын айтқан. Іс жүзінде басқа фирма өндірген өнімдер орнатылды", – дейді тұрғын Жанна Елшібай.

Тұрғындардың шағымдануынша, лифтілер өте шабан жүреді. Құрылғы қозғалардың алдында селк етіп, сілкінеді екен. Қозғалыс кезінде қатты шулайды. Ішіндегі адамдар жол бойы сықырлаған, шиқылдаған, дүңкілдеген, тоқылдаған түрлі дауысты естіп, селкілдеп, зәресі ұшады. 

Лифтті қойған компания кепілдік бойынша оны ауыстырудан бас тартқан. Жеделсатылар тексеруден өткенін, толық жұмысқа қабілетті екенін, сондықтан оларды ауыстыруға негіз жоқтығын мәлімдеді.

Сондай-ақ ондағы ақаулар тұрғындардың дұрыс пайдаланбауынан туындаған деп өздерін кінәлапты. Лифтілердің күн сайын бұзылатынына мән бермеген. 

Салдарынан, тұрғындарға 14-16 қабаттық үйлерге жиі жаяу шығуға тура келеді. Қарт, мүмкіндігі шектеулі адамдар сыртқа шыға алмай қалады. Баспананы жөндеу үшін құрылыс материкалдарын, зілбатпан қапшықтарды туу биікке арқалап таситын құрылысшы балаларға да обал. Лифтілер жұмыс істегеннің өзінде әр қабатқа тоқтап, көздеген жеріне жедел жеткісі келетін жұрттың жүйкесін жұқартады.

Бұл тұрғын үй кешені салтанатты болмағанымен, "Комфорт" сыныбына жатқызылған. Тұрғындардың әңгімелеуінше, мысалы, "Нова Ситидің" тұрғындары қонаққа келгенде, бұл масқараға бет шымшып, мазақ етіп, әжуалайды екен, себебі арзанқол "Эконом" сыныбына жататын ол үйдің өзінде әлдеқайда сапалы лифтілер тұр.

Тұрғындар көтерген дау әкімнің де құлағын шулатса керек, таяуда елорда әкімі Алтай Көлгінов оларға жауап қатты.

"Сөз болып отырған "Capital Park Flowers" ТК-да лифтілер тиісті актілерге сәйкес эксплуатацияға қабылдап алынды, Астана қаласының Баспана және тұрғын үй инспекциясы басқармасы тарапынан тіркелді. Қазіргі кезде барлық лифтілер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы барлық нормалар сақталған. Лифтілерге қызмет көрсететін "Капитал лифт" ЖШС ақпараты бойынша ол жеделсатылардағы техникалық бұзылулар тұрғындардың жөндеу және құрылыс жұмыстарымен байланысты", – деді әкім.

Астанада бұл салада өзге де мәселелер жетерлік. Мысалы, салалық қауымдастық басшысы Ержан Игібаевтың мәліметінше, негізінен, қытайлық, корейлік жеделсатылар қолданылады. Ресей мен Беларустің арзандау баламалары да орнатылады. Қымбат үйлерде неміс лифтілері пайдаланылады. Дегенмен бұл жаппай қабылданған қағида емес.

Елордадағы ең қымбат кешеннің бірі саналатын "Esil Riverside" тұрғын үйіне барған адамдар бір күлкілі жайтқа куә болады. Ондағы лифтілер қытайша "сөйлейді". Тұрғындар бір жылдан бері құрылыс компаниясының өкілдеріне өтініш айтып келеді, бірақ нәтиже шығара алмапты.

Қаптаған проблема тағы бір сән-салтанатты тұрғын үйдің қадірін түсіріп-ақ тұр. "Esil Tower" ТК заңғар ғимаратына қызмет көрсететін 4 лифтінің біреуін құрылыс компаниясы алып қойды.

"Үйді салған "Riverside Tower" ЖШС әу баста 25-ші техникалық қабатта кітапхана, тренажер залы, демалыс орынжайлары орналасады деп уәде еткен. Енді техқабатты компанияның өзі кеңсе ретінде пайдаланатыны анықталып отыр. Бұған қоса, 25 қабатты үйде 4 лифті ғана бар. Оның бірін құрылыс компаниясы өз меншігіне алды. Бұл заңды ма, оны білмейміз", – дейді үй тұрғыны Еркін.

Астана қаласы әкімдігінің түсіндіруінше, бұл заңсыз. Себебі "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңының 2-бабына сәйкес, лифтілер де, техникалық қабаттар да – кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі болып табылады.

Сонымен қатар әкімдік бұл мәселе жергілікті атқарушы орган тарапынан реттелмейтінін хабарлады. Бірақ тұрғындар кезектен тыс тексеру жүргізілуі үшін Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына шағымданулары керек. Өтініште объектінің орналасқан жерін, субъектінің атауын, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіретін, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін нақты бұзушылықтар мен фактілерді көрсетуі қажет.

Негізі, бас қалаға да, елге де лифтілерге арналған жеке бағдарлама керек.

Сарапшылардың мәліметінше, жел жылдамдығы секундына 19 метрден асса, бұл да лифтінің тоқтауына соқтыруы мүмкін. Ал Астанада күзде дүлей жел соғады, қыста ақтүтек боран өршиді. Бәлкім, лифтілер мәселесін әкімдік шеше алмаса, өркениет талаптарын орындауға қауқары жетпесе, онда жұртқа қауіп төнбеуі үшін солтүстік астанамызда бес қабаттан биік үйлер салуға тыйым салған жөн шығар?

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу