Лингвист: Жаңа қазақ әліпбиі әлі шикі

2536

2017 жылы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бастамасы көтерілді. Содан бері, латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің төрт нұсқасы таныстырылды. Бірақ әлі күнге бірде-бір нұсқасы бекітілмей келеді. 

Лингвист: Жаңа қазақ әліпбиі әлі шикі

Жаңа әліпби жоспар бойынша 2023 жылы қолданысқа енгізілуі тиіс еді. Алайда Президент бұл шаруада асығыстық жасамау керектігін айтқан болатын. Осы тақырыпқа қатысты лингвист, "АВСnet әліппесінің" авторы Жанат Аймағановты әңгіме тарттық.

Жанат аға, аман-есенсіз бе? Латын әліпбиін енгізу туралы елбасы тапсырма бергенде, қызу талқылаулар өтіп, түрлі мамандар іске кірісті. Бірақ қазір бұл қарқын басылып қалғандай көрінеді. Бұған не себеп?

Шүкір, рахмет! Иә, қарқын басылды. Себебі үш әліпби бірінен кейін бірі шығып, нәтиже бермеген соң, тіл мамандары айтуға, өз ұсынысымызды жеткізуге мүмкіндік бермеді деп шулады. Бір қызығы, жаңа нұсқа таныстырылған сайын, осы дұрыс болды деп сүйіншілей жазады. Бірақ уақыт өте оның да кемшін тұстары байқалады. Президент тапсырма бергесін, тағы бір нұсқа әзірленді. Оның да әттеген-ай дейтін тұстары бар. Қазір бұл шаруа тіптен тоқтап тұрғандай. Ал бекітілмеген нұсқаларды халық, тіпті мемлекеттік органдар қолданып, маңдайшаларындағы атауларын білгенінше жазып жатыр. Бұл енді артық шығын. Тағы өзгерсе, бәрін қайта өзгерту керек.

Бірнеше нұсқа талқылауға шығарылды, бірақ әлі дөп басып бекітілгені жоқ. Себебі не?

Кемшіліктер болады. Себебі тәжірибе керек. Өкінішке қарай, еш тәжірибесіз бұл іске кірісіп кеттік. Менің ойымша бұл үлкен қателік. Мұны 10-20 тіл маманы жиналып алып шешетін шаруа емес. Әліпбидің жасақталуына көптеген білім ордалары ат салысуы тиіс. Зерттеу арқылы бір ортақ қорытынды шығар еді. Елордада үлкен бір жиын өтіп, неміс ғалымдары қатысты. Мен сол кезде "70-80-ші жылдары сіздерде де, неміс тілімен мәселе болыпты, соны қалай шештіңіздер?" деп сұрадым. Ол кісілер маған қазақ тілін латын графикасына көшіру үшін, компьютер, ІТ саласына бейімдей отыра әзірлеу керектігін айтты. Тек қана осы жол, өміршең қылады дегені есте. Кітап басамыз, анау-мынау деген далбаса. Қазір негізгі құрал-сайман ІТ саласында. Соны қолдану керек.

Латын графикасындағы қазақ әліпбиін компьютерде, смартфонда қолданғанда ыңғайлы болуы маңызды ма?

Өзіңіз ойлаңызшы, қазір қазақ клавиатурасын кім қолданып жатыр? Мысалы, мен біраз уақыт бұрын Каспи банкіне бірнеше рет хат жазып, қаржылық ұйым қашан қазақша сөйлейді деп сұрадым. Олар мобильді қосымшасына мемлекеттік тілді енгізіп қойды. Бірақ оны кім қолданып жатыр?! Адамдар жақсыға, ыңғайлы дүниеге тез үйренеді. Қазір халық қазақша сөздің өзін "руский" деген пернетақтамен қате-қате жазады. Жығылғанға жұдырық дегендей, енді біздің мамандар латын әліпбиін күрделендіруде. Ол одан сайын халықты сауатсыздандырып жібере ме деп қорқамын. Өмірді күрделендірмеу керек, өмірді жеңілдетуге ұмтылу қажет.

"АВСnet" әліппесінің авторысыз және осыны қолдануды айтып жүрсіз. Сіздің құралдың бір топ ғалымдар ұсынып жатқан нұсқадан артықшылығы неде?

Менің нұсқам, International keyboard US пернетақтасына бейімделген. Орнату жеңіл және қолдану өте қолайлы.  деген қазақ әріптері сақталған. Қалған төл таңбаларымыз қайда деп үрке қараудың қажеті жоқ. Оларды латын графикасымен жазуға болады.

Мысалы, "Ғ" – "GH" деп жазылады, "Қ" – "Q" дегендей. Мынаны басты назарда ұстау керек. Латын әліппесіне көшкенде, қазақ латын әліппесі қосымша тіл болып қосылмай, english, орыс тілдеріндей пернетақтаның төрінде тұруы тиіс. Себебі english тілі – жүйенің тілі, оны біз алып тастай алмаймыз. Бізге не керек? QZ домені, сосын Windows-та латын пакеті. Соған қазақ тілін кіргізу керекпіз. Латын әліпбиімен жазып жатқанда, бұл қазақ тілі деп компьютер түсінуі қажет. Грамматика автономды түрде шешілуі тиіс. Яғни жүйе барлығын тануы керек. Бұл әлемдік стандарт. Соған сай болмасақ, көштен қалып кетеміз. Біз жаңа нәрсені ойлап таппай, әлемге бейімделу керекпіз.

Яғни латын графикасындағы әліпби заманауи технологияларға бейімделмесе, қандай мәселелермен бетпе-бет келеміз?

Қазір бәрі орысша болып кетті. Әсіресе смартфонда сол пернетақтаны қолданамыз. Осының кесірінен интернетте елдер қазақ тілінде өте сауатсыз жазады. Сауат тіптен жоқ! Мен университетте балаларға "АВСnet" әліппесін ұсынып, телефондарында ағылшын тілін қолдана отырып жазуды үйреттім. Бірақ бір қиыны деректер банкі жоқ. Ол дегеніңіз, сөздер қоры ғой. Смартфонда бір сөз жазсаң, екіншісі автоматты түрде шыға келеді ғой. Сол жағы кемшін. Сосын біразы қайтадан кириллша жазуға қайтып кетті. Біз қабылдайтын латын әліпбиінде осы автоматты конвертор болмаса, бейімделмесе қиын болады.   

Латын әліпбиіне көшсек, көп адам оны үйрене алмай қалады, оған ілесе алмайды деген пікір айтылады. Мұндай проблема болуы мүмкін бе?

Бір жағдайды ескеру керек. Ауыл мен қаланы, үлкен мен кішіні бөліп қараудың қажеті жоқ. Қазір интернет барлығымызға бірдей мүмкіндік беріп отыр. "Ойбай, ауыл халқы ағылшын тілін білмейді, оларға бөлек, қаладағыларға бөлек" деп байбалам салудың қажеті шамалы. Талап пен мақсат үлкен болу керек те, соған ұмтылу қажет. Қазір интернеттің арқасында ағылшын тілі бізге жақын, қолжетімді бола түсті.

Әліппенің, әріптің, сөздің бәрі толып тұр. Елдің көзі үйреніп келеді. Біздің халық осал, қараңғы деп баспау керек. Керісінше, стандартқа, биікке ұмтылуына жағдай жасау маңызды.

Жаңа әліпбиді тек қазақтар ғана қолданады деген де пікір бар. Орыс тілінде сөйлетін жұрт кирилл жазуын қолданып жүре береді дегенді де естіп жүрміз. Бір мемлекетте қос әліпби қатар қолданылса, елдің есі шықпай ма? 

Тәуелсіз Қазақстандағы мемлекеттік тіл қандай? Қазақ тілі! Әлде бір нәрсе өзгеріп кетті ме? Жоқ! Бар нәрсе талапқа келіп тіреледі. Біз санамызда өзімізге ғана тән, сондай бір шектеу қойып алған сияқтымыз. Қазақ тілі әдеби, сол тұрмыстық деңгейге жарайды, сол да жетеді. Ал бухгалтерия, электронды үкімет, банктер бәрі-бәрі сол орыс тілінде, кирилл әрпімен істей береді деген жаңсақ пікір. Жоқ! Бірінші бәрі қазақ тілінде болуы керек. Ал орыс тілі көмекші құрал ретінде қажеттіліген қарай қосымша қолданылуы тиіс. Жаңа әліпби қалай болған да, заман талабына сай, техника тіліне жатық, оңай болса, онда сұрақ жоқ. Ал егер осыны дұрыстап шешіп, реттей алмасақ, бұл үлкен проблемаға айналатыны анық.

Уақыт тауып, пікір білдіргеніңізге рахмет!

Айбек Айдархан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу