Локдаун бизнеске қалай әсер етіп жатыр?

10830

Кәсіпкерлер мемлекет ұсынған несиені алуға қорқып отыр.  

Локдаун бизнеске қалай әсер етіп жатыр? Фото: Максим Морозов

Төтенше жағдай режимінен әупірімдеп шыққан мейрамхана, туризм, қызмет көрсету, қонақүй бизнесінің өкілдері локдаунға төтеп бере алмаймыз деп отыр.  ATAMEKEN BUSINESS арнасының тікелей эфирінде өткен телемарафонда осындай мәселе көтерілді. Кәсіпкерлер мемлекет бізді банкроттан шынымен құтқарғысы келсе, несиелер ұсынғанша нақты өтемақылар түрінде қолдау көрсетсін деген талап қойды. Ал 6-8 %-дық несие көп кәсіпкердің қолы жетпейтін жеңілдікке айналған.

Түркістандық кәсіпкер Қыдырәлі Рысбеков мейрамханасындағы жұмысшыларды сақтап қалу күн сайын қиындап бара жатқанын айтады. 

"Жеңілдетілген несие жолға қойылса жақсы болар еді. 16 % деген тым жоғары. 6-8 %-бен беріледі деген еді, оған қолымыз жетпей жатыр. Қазір қарамағымдағы 15 адамға кәсіп тоқтағандықтан, айлық бере алмай отырмын. Иелігімдегі мүлкімді кепілге қойсам, мемлекет сол 15 қызметкердің айлығын пайызсыз төлеп берсе жақсы болар еді. Мен бизнес қалпына келгенде ол ақшаны мемлекетке қайтаруға дайынмын. Одан кейін СЭС тексерген кезде минималды айыппұлдар көбейіп кетті. Жеңілдету керек деп есептеймін. Індет халықтың психолоиясын өзгертті. Баяғыдай 400-500 адамдық тойлар енді болмайды. Тойханама реконструкция жасап, бағытын өзгертсем деп отырмын. Осындай кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие берсе деген ұсыныс бар", – дейді тойхана иесі.

"Атамекен" ҰКП кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау департаментінің директорының орынбасары Арман Қайдаров локдаун ережесін бұзғандарға салынатын айыппұлдың ақылға қонымсыз екенін айтады. 

"Мемлекет кәсіпкерлерді қолдағысы келсе, 42 500 теңгені қайтару керек деп ойлаймын. Қазір қолдаудан гөрі жазалау жағы басым болып тұр. Мысалы карантин шарттарын бұзса, жеке тұлғалар 83 мың, шағын бизнес нысандары 638 мың, орта бизнес өкілдері 861 мың, ірі бизнес 4,4 млн теңге төлеуі керек. Оны төлеу мұндай қиын кезеңде мүмкін емес. Сондықтан бірден жазаламай, ескерту жағына көп мән берсе екен", дейді "Атамекен" ҰКП өкілі.

Ал елордалық кәсіпкер Дәулет Дастан  мемлекет ұсынып отырған несие проблеманы шешпейді деген ой айтты.  

"Мейрамхана бизнесі локдаун мерзімі созылса, қысымға төтеп бере алмайды. Әсіресе, коммуналдық төлемді өтеу қиын боп жатыр. Қазірдің өзінде 3 айлық қарызымыз бар. Тексеру көп келіп жатыр және қатаң жазалап жатыр. Үкімет саланы қолдау үшін несие ретінде 1 трлн теңге бөлдік деген болатын. Ал ол кредитті алғымыз келмейді. Өйткені ертеңгі күн не болатыны белгісіз. Онсыз да қарыз бастан асады. Қарыздың үстіне қарыз жамағаннан мәселе өзгермейді. 15 қызметкерім бар еді. Қазір жетеуі ғана қалды.  Мемлекет тым болмаса коммуналдық төлем шығындарын өтеп берсе екен. Санитарлық норма қайта-қайта өзгеріп жатыр. Сол бойынша тексеру көп. Санитарлық қорғаныш заттары қымбаттап жатыр. Ол да қалтаға салмақ. Базардың бәрі, дүкендер жабық. Осыны пайдаланып, санаулы сатушылар бізге қажет өнімді қымбаттатып жіберді",, – дейді ол. 

Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов локдаун кезінде несие төлемдерін шегермей, тоқтатса деген ұсыныс айтты.

"Қызылордалық кәсіпкерлер банктерге төленетін несиені шегеру аздық етеді деп отыр. Шегергенше, уақытша тоқтатса, пайыз өспес еді. Бізге түскен ұсыныс бойынша, қонақүй, мейрамхана, турзим, ойын-сауық, сауда бизнесінің өкілдері несиені қайта қаржыландыру керек деп отыр. Кезінде олар несиені 16-17 %-бен алған болса, соны 6 %-бен қайта қаржыландырсын дейді.  Несие шегерілгенімен6 оның пайыздық үстемесі тоқтамайды. Яғни банктер ерте ме, кеш пе бәрі бір тиесілі ақшаны алады. Ал карантин кесірінен табыссыз қалған кәсіпкерлер өлсе де, тірілсе де несиені тиынына дейін төлеу керек. Сонда банк зардап шекпегенде біз зардап шегуіміз керек пе?  Кәсіпкерлер қазір осындай уәж айтуда", деді "Атамекен" өкілі.

Оның айтуынша, локдаун әсіресе ірі тойханалар мен мейрамхана иелеріне, қонақүй желісі бар кәсіпкерлерге ауыр тиіп жатқан көрінеді. 

"Локдауннан бізде шағын бизнеске қарағанда6 ірі бизнес нысандары қатты зардап шегіп жатыр. Өйткені несиесі үлкен. Жұмысшылар саны өте көп. Олардың бәрін сақтап қалу мүмкін болмай жатыр. 500 адамдық мейрамхана иелері аспазшы мен даяшыны оқытуға жұмсаған көпжылдық шығындары желге ұшып жатқанын айтады. Өйткені даяшылардың көбі қазір курьерлік жұмысқа ауысып жатыр",  деді Пірмұхаммед Сыздықов.

 

Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу