Ресми мәліметке сәйкес, банктің бұл шешіміне инфляцияның баяулауы әсер еткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өткен айда жылдық инфляция 11%-ға дейін төмендеген. Ақпанда бұл көрсеткіш 11,7% болған. Ұлттық банк инфляцияның баяулауына бірнеше фактор ықпал еткенін атап өтті.
– Наурыз айында жылдық инфляция 11%-ға дейін баяулаған, айлық инфляция 1,1%-дан 0,6%-ға түскен, азық-түлік инфляциясы 11,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,3%, сервистік инфляция 10% болған. Сонымен қатар, инфляция деңгейі әлі де 5 пайыздық нысанадан едәуір жоғары екені, сыртқы нарықтағы ахуал бағаға қысым жасап отырғаны, халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері 14,6% деңгейінде қалыптасқаны, ал биылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстан экономикасы 3% өсім көрсеткен, – делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар, Ұлттық банк қазіргі инфляция қарқыны бәсеңдегенімен, оның деңгейі әлі де 5% нысанаға жету үшін қажет межеден жоғары екенін мәлімдеді. Яғни, экономикадағы инфляциялық қысым толық жойылған жоқ.
Ұлттық банк мәліметінше, биылғы жылғы қаңтар-наурыз айларында экономиканың өсімі жылдық мәнде 3% болған. Әсіресе, құрылыс, көлік, өңдеу өнеркәсібі және сауда салаларында жоғары өсім байқалған.
Сондай-ақ, ресми хабарламада базалық мөлшерлемені төмендету мәселесі бірден шешіле салмайтынын байқаймыз.
Ұлттық банк қазіргі үрдістер сақталып, күтпеген жағдайлар болмаса, алдағы шешімдерде мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.