Майнерлер өндірген криптовалютасының жартысын "Астана" қаржы орталығында сатуға тиіс

5162

1 миллиондай қазақстандық битокойн және басқа криптовалюта сатып алумен айналысады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Майнерлер өндірген криптовалютасының жартысын "Астана" қаржы орталығында сатуға тиіс Фото: google.com

Бүгінде 1 биткойн бағасы шамамен 11 миллион теңге (29 қаңтарда 10,8 млн теңге) тұрады. Осылайша, жыл басынан, 2023 жылғы 1 қаңтардан бері ол 3,1 миллион теңгеге қымбаттады. Демек, жыл басында бір биткойн алғандар осынша табыс тапты.

Бірақ бұл бір жағынан көзбояу кіріс болуы мүмкін. Себебі қазақстандықтарға криптовалюта сатумен ресейлік, шетелдік фирмалар айналысады. Көбіне олар не алдап соғады, не олардың платформасынан ақшаны шешіп алу күрделендірілген.

Бұған қоса, криптовалюта күрт құбылуға бейім. Мысалы, жинағын  салғандар бір жылға толар-толмас қана уақыт ішінде табыс табу орнына, 12 млн 393 мың теңге жоғалтты, шығынға батты. Өйткені 2022 жылдың 27 наурызында бір биткойн 23,17 миллион теңге тұрған. Қазіргі құны 10,8 миллион ғана.

2021 жылғы 12 қарашада 1 биткойн 64,4 мың долларға дейін шарықтаған болатын. Ал бүгінде ол 23,4 мың доллар тұрады, осыдан-ақ бұл аралықта соның иелерінің қанша долларға ұтылғанын бағамдауға болады. Алда оның құны өсуі де, құлдырауы да мүмкін. 2024 жылғы сәуірде кезекті халвинг күтіліп отыр, бірқатар сарапшы сонда биткойн бағасы күрт өседі десе, енді бірқатары содан соң биткойн "өледі" деп санайды.

Қалай болғанда, Қазақстан бұл нарықты реттеуге мықтап кірісті. Биыл ел Парламенті "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" жаңа заңды және оған ілеспе заңдарды, жалпы саны 4 заңды қабылдайды. Құжаттарды Сенат таяуда бірінші оқылымда мақұлдағанымен, бірнеше өзгерістерге келіспей, Мәжіліске қайтарды. Оны енді 19 наурыздағы сайлауда жаңадан қалыптастырылатын Мәжіліс қарайтын болады. Айтпақшы, жаңа Мәжілістің заң жобаларындағы кез келген өзгеріске сенаторлардың келісімін алмай-ақ, оны өз бетінше қабылдауға құзыреті болады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, "Ақпараттандыру туралы" заңның 33-1-бабына сәйкес, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің, соның ішінде криптовалюталардың Қазақстан аумағындағы шығарылымына және айналымына тыйым салынған. Бірақ бұл талап "Астана" халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) қолданылмайды, оның биржасында биткойн және басқасын сатуға рұқсат етілген.

"Алайда Қазақстан аумағында ресми жұмыс істейтін криптобиржалар әзірге жоқ. АХҚО-ның лицензиясын алды делінген Binance криптобиржасы әлі күнге тіркеу кезеңдерінен өтуде, сондықтан қазіргі кезде толық көлемде жұмыс істеп тұрған жоқ. Осы себепті қазақстандықтар көбіне криптовалютаны шетелдік криптобиржалық алаңдарда сатып алып, айырбастайды. Яғни, қазақстандықтар қатысатын криптовалютаның айналымы да Қазақстаннан тыс жүруде", – деп мәлім етті Мемкірістер комитеті.

Жалпы, криптовалюта нарығы көлеңкелі болғандықтан оны адамдар жасырын сатып алады. Мысалы, бір елорда тұрғыны былтыр еліміздегі ресейлік банктердің бірінің қызметкері оған биткойнды банкте емес, оның автотұрағында сатқанын әңгімеледі.

Астыртын сатып алатындықтан, қазақстандықтар ол үшін салық та төлемейді. Салықшылар мұны жөн көрмейді.

"Салық кодексінің 320-бабына сәйкес, салық төлеушілердің бұл табысына да 10% ставкасымен салық салынады. Егер азамат оны шетелдік криптобиржада сатса, онда өткізілген криптовалютаның бүкіл құны табыс болып есептеледі. Азамат одан он пайыздық жеке табыс салығын өз бетінше есептеп, өз бетінше төлеуге тиіс. Жеке табыс салығы бойынша 240.00 формасындағы декларация есепті жылдан кейінгі, келесі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей, ұсынылуы шарт. Егер азамат криптовалюта сатып алса және сатпаса, онда салық төлемейді", – деп түсініктеме берді Мемкірістер комитеті.

Жалпы, Парламент қарап жатқан "Цифрлық активтер туралы" және оған ілеспе заңдар топтамасы қабылданған жағдайда ол салаға көптеген өзгеріс әкелмек. Атап айтқанда, біріншіден, Қазақстанда криптовалюта майнингі қиындатылады. Азаматтарға, криптофермаларға қалалық желіге қосылған үйде, кеңседе оны өндіруге тыйым салынады. Оларға электр тоғын тікелей станциядан, жылу электр орталықтарынан тартуға, немесе күннен, желден қуат жиятын жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға тура келеді. Осылайша, жаңа заң жобалары майнерлерді өз генерациясын пайдалануға міндеттейді, цифрлық майнинг үшін қажетті қуатты жалпы электр жүйесінен тікелей тұтынуға жол бермейді. Немесе олар "тоқ қуатын жалпы энергетикалық жүйеде профицит болған жағдайда ғана және тек қана электр энергиясы мен қуат нарығының қазақстандық операторынан биржа арқылы сатып ала алады".

Екіншіден, қазіргі кезде майнерлер жұмсаған энергиясы үшін және соған орай әр киловатт үшін шағын алым ғана төлейді. Алда олар салық төлей бастауға міндеттелмек. Бұл үшін лицензиялау енгізіледі.

"Майнинг саласы және оның өнімі еліміздің экономикасына пайдасын әкелуі қажет. Осы мақсатта цифрлық майнерлер қызметінің екі түрін лицензиялау енгізіледі: біріншісі – тиісті инфрақұрылымға, яғни деректерді өңдеу орталықтарына (ДӨО) иелік ететін цифрлық майнерлер қызметі, ал екіншісі – деректер орталықтарында ұяшықтарды жалға алатын және энергия квотасын талап етпейтін жабдық иелері болып табылатын цифрлық майнерлер қызметі. Сонымен қатар барлық майнерлер аккредиттелген қазақстандық майнингтік пулдар арқылы жұмыс істеуі керек. Нәтижесінде, бұрын өзге сервистерде жұмыс істеген және Қазақстан экономикасына ешқандай пайдасы болмаған цифрлық майнерлер енді біздің резиденттеріміз бен салық төлеушілерімізге айналады", – деді сенатор Бекболат Орынбеков.

Үшіншіден, оларға салынатын салықтар түрі нақтыланды. Заң жобасында келесі салықтар ұсынылып отыр:

цифрлық майнерлердің корпоративтік табыс салығы: ол өнімнің сыйақы ретінде алынған кездегі құнын ескере отырып есептеледі;
көрсеткен қызметтері үшін алынған комиссиядан майнинг пулдың корпоративтік табыс салығы;
криптовалютамен операцияларды жүзеге асыру кезінде жеке тұлғалар үшін қосылған құн салығы;
кәсіпкерлік субъектілері ретінде криптобиржалардан алынатын корпоративтік табыс салығы.

"Астана" қаржы орталығы әкімшілігінің басқарма төрағасының орынбасары Ернұр Рысмағамбетов Сенаттың таяудағы отырысында АХҚО экожүйесінде қазіргі кезде 8 криптобиржа тіркелгенін мәлімдеді.

"Одан бөлек он тоғыз криптобиржа біздің экожүйемізге тіркелуге ниет білдірген. Қазақстанда қанша криптоактив айналымда жүргені туралы ресми статистика жоқ. Бірақ бірқатар бағалаулар бойынша елімізде криптовалюталарды пайдаланушылар саны 100 мыңнан 1 миллион адамға дейін барады. Сомасына қатысты айтатын болсақ, онда да бағалаулар әртүрлі. Бірнеше миллиардтан ондаған миллиардқа дейін барады. Пысықталып жатқан заң жобасы осының бәрін, соның ішінде криптовалюталардың жұмысын реттейді. Барлығын бақылап, мониторинг жүргізіп отыруға мүмкіндік туады", – деді Ернұр Рысмағамбетов.

Сенатор Сергей Карплюк жаңа заң жобаларының топтамасы бұл нарықты күнгейге шығаруға серпін береді деген сенімде.

"Бүгінде криптовалютамен байланысты барлық дерлік операциялар көлеңкеде, Қазақстанның құқықтық өрісінен тыс жатыр. Сондықтан криптовалюталар нарығының қауіпсіздігі мен мөлдірлігін қамтамасыз ету үшін заң жобасымен криптовалюталарды сату және сатып алу мәмілелерін АХҚО алаңында жасау үшін құқықтық шарттар жасалады. Цифрлық майнинг табыстылығы жоғары кәсіп болып отыр. Бірақ уәкілетті органдар майнерлердің шынында қанша табыс табатынын білмейді. Өйткені қазақстандық майнерлер өз қуаттылықтарын шетелдік пулдарда біріктіреді. Заңнама аясында Қазақстанда цифрлық майнингті тек елімізде аккредиттелген майнингтік пулдарда ғана жүзеге асыру мүмкін болады. Осының арқасында аккредиттелген майнингтік пулдар қазақстандық майнерлердің шынайы табысын толыққанды анықтауға және тиісті салық салуға мүмкіндік береді", – деді сенатор.

Жаңа заң өмірге жолдама алса, онда қазақстандық майнерлер 2024 жылдан бастап, өздері өндірген табыстарының 50 пайызын "Астана" қаржы орталығы аумағында тіркелген биржаларда сатуға міндеттеледі. 2025 жылдан бастап, бұл көлем 75 пайызға дейін артпақ. Бұл норма – АХҚО биржаларының мүддесін ілгерілетуді қарастырады.

Қалай болғанда, жаңа заңдар жыл соңына қарай толыққанды күшіне енеді деп күтіліп отырғанын ескерсек, келесі 2024 жылдан бастап қана қазақстандық криптонарық заңмен реттеліп, алаяқтық пен қылмыс әлемінен біршама арылып, қауіпсіз бола түсуі ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу