Макрон қазақ мектептерінде француз тілін оқытуды ұсынды

1072

Француз тілі Қазақстан мектептеріне оралатын болды.

Макрон қазақ мектептерінде француз тілін оқытуды ұсынды Фото: akorda.kz

Жыл басынан бері Қазақстан мен Франция арасындағы алыс-беріс 2,7 млрд долларға жеткен, деп жазады inbusiness.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бүгінгі кездесу екі ел арасындағы түрлі саладағы ынтымақтастықты жаңа белеске көтереді. 

"Франция – Қазақстанның Еуропадағы өте маңызды әрі сенімді серіктесі. Былтыр өзара тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 4 млрд долларға жетті. Биыл 8 ай ішінде екіжақты сауда-саттық көлемі былтырғымен салыстырғанда 21 пайызға артты. Яғни 2,7 млрд долларға жетті. Франция осыған дейін Қазақстанға 18,7 млрд долларға жуық инвестиция салды. Бірлескен жобалар энергетика, бейбіт атом, тау-кен, химия өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс заттарын өндіру, аэроғарыш, фармацевтика және басқа да салаларды қамтиды. Бұдан бөлек тағы да бірқатар маңызды жоба қолға алынбақ. Бұл жобалар бүгін өтетін қазақ-француз бизнес форумында жан-жақты талқыланады", - деді Президент.

Тоқаев екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары жандана түскенін баса айтты. 

"Макрон мырза, осының бәрі сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында жүзеге асып жатыр. Мен сіздің өзара қарым-қатынасты дамытуға қосып отырған өлшеусіз үлесіңізді жоғары бағалаймын. Сондай-ақ екі елдің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеру үшін бар күш-жігерімді салып, өзіңізбен бірге жұмыс істеуге дайын екенімді тағы да атап өткім келеді", - деп жалғастырды ол.

Бұдан бөлек кездесуде қазақ-француз мәдени байланысы да талқыланды.

"Біз Қазақстанда француз мәдениеті мен француз тілін ілгерілудің маңызы мен қажеттілігі туралы да сөйлестік. Біз өз тарамыпыздан бұл мәселеде бар күш-жішерімізді саламыз. Қазақстан халқына Франция туралы, сіздердің мәдениетіңіз туралы көбірек білу және француз тілін үйрену маңызды деп ойлаймын", - деп толықтырды Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты стратегиялық ынтымақтастық әрі қарай жалғасатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Эмманюэль Макрон екі елдің стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойғанына 15 жыл толғанын атап өтті. Француз делегациясының құрамында  60 жетекші компанияның өкілі бар. 

"Ауыл шаруашылығы, энергетика, жаңартылатын энергиядағы экономикалық қатынастардың маңыздылығын өте дұрыс атап өттіңіз. (...) Мәдени байланыстарға көбірек басымдық бергіміз келеді.  Біз қарым-қатынасымыздың осы қырын дамытуға, қазіргі жағдайға қарағанда әлдеқайда ілгерілегіміз келеді. Мәселен, француз тілінің оқыту қазақ мектептеріне қайта оралуы біз үшін өте маңызды. Біз жағдайды өзгерту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап қазақ-француз университеті өз жұмысын бастайды, студенттік ұтқырлық байланыстарымыздың ілгерілеуі және студенттер үшін шәкіртақылардың болуы да өте маңызды. Бұдан бөлек Қазақстанның мәдени мұрасына арналған көрме өткізу бастамасын да атап өткім келеді.  Сізді келесі жылы Париж бейбітшілік форумының серіктесі болуға шақырамын", - деді Франция басшысы.

Эмманюэль Макрон Қазақстанмен арадағы достықтық жоғары бағалайтынын атап өтті.

"Мен сізге (ред. – Қасым-Жомарт Тоқаев) түрлі факторлар тарапынан жасалуы мүмкін қысым туралы да айтпай кете алмаймын. Франция екі елдің достығын жоғары бағалайды, біз қарым-қатынасымызды нығайту үшін достық жолымен келеміз. Бұл кез-келген державаның вассалы болудан бас тартқан еліңіздің жолы. Еліңіз өз халқына қызмет ету жолында басқа елдермен теңдестірілген қарым-қатынасты сақтап отыр. Мұндай стратегия Францияға жақын. Біз дос таңдағанды жақсы көреміз, оларды ұзақ уақыт бойы құрметтейміз, қажет болған кезде олардың жағында болып, тәуелсіздігін құрметтейміз", - деді Франция басшысы

Айта кету керек, осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронды Ақордада қарсы алғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу