Нұра ауданына қарасты Кәрім Мыңбаев ауылында да бір жарым аптадан бері сиырлар сеспей қатып жатыр. Ал жергілікті билік пен ветеринарлар мәселенің ақ-қарасын анықтауға 1 маусымда ғана кірісті.
"Сиырларымыз үш төрт күн бойы ауыздарынан ақ көбік ағып тұр, не су ішпейді не шөп жемейді. Ветеринарлар келіп антибиотик салып кетеді. Сиырлардың қандай аурумен ауырып тұрғанын ешкім білмейді. Жасыратыны жоқ, қорадағы малымыздың ветеринарлық тексеруден өтпегеніне 3 жылға жуық уақыт болды. Жағдайымыздың не болатынын білмей отырмыз. Бағып отырған сиырларымыздың сүтін ішеміз, етін жейміз. Дәл қазір қорада 3 сиырым ауырып тұр,біреуі кеше өліп қалды", – деп қынжылды ауыл тұрғыны Марал Жүсіпова.
Жергілікті жердегілердің ветеринар мамандарға өкпесі қара қазандай. Олар мамандардың малдарға екпе салмайтынына, жыл сайын қан сынамасын алмайтынына шағымданып отыр.
Ауылдағылардың айтуынша, осы уақытқа дейін 30- дан астам мал өлген. Мұндағылар малды екі жайылымға бөліп бағады екен. Әу баста малдың ауруы көшенің арғы жағындағы жайылымда жүрген сиырлардан шығыпты. Кейін басқа сиырларға жұққан.
"Дәрігерлерден қандай ауру деп сұрасақ, нақты жауап бермейді. Біздің сиырларға таңертең екпе салды да, өріске қосуға рұқсат берді. Түс ауа өрістегі малға топалаң тиді. Сиырлар жайылымда жүріп, жан тапсыра бастады. Ауылда жұмыс жоқ, бәріміз малға қарап отырмыз, алда не болатын білмейміз, бәрімізге қиын болып тұр, – деді Азамат Байталақов есімді азамат.
Бар жиған малынан айырылып қалудан қорқып отырған халық: "қандай екпе салып жатқаны белгісіз, барлық малға бір ине қолданып жатыр", – деп шулауда.
Ал ветеринарлық инспекция мамандары басқа пікір білдіріп отыр. Олардың сөзінше, ауырып тұрған малға дәрі талапқа сай егілген. Бүгінге дейін 30-дан астам емес, 20 мал өлген. Ал дерт жұқтырған сиырлардың саны - 25.
Өлген малдан сынама алынып, ол облыстағы және Астанадағы зертханаға жіберілген. Оның қорытындысы осы аптада дайын болады. Әзірше ветеринарлар сиырларды сеспей қатырып жатқан ауру пастереллез болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.
"Тұрғындар сиырлар аусылға шалдыққан шығар деп дүрлігіп жатыр. Бірден айтайық, бұл аусыл емес. Егер аусыл болса сиырлар жаппай қырылатын еді. Сиырлардың аузынан көбік ағып, шөп жемей, су ішпей іші өтіп тұрғанына қарағанда бұл – пастереллез. Нақты диагнозды зерттеу қорытындысы қолға тимей қоюға болмайды. Тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі де зерттеу нәтижесінен соң шешіледі", – деп мәлімдеді облыстық ветеринарлық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Мұхтаров .
Ветеринарлардың сөзінше, көктем мен күзде жоспарлы түрде малдарға сібір жарасына, қарасанға құтыру ауруларына қарсы екпе егіледі. Алдағы уақытта Кәрім Мыңбаев ауылының сиырларына екпе егілді ме, жоқ па деген сұраққа нақты жауап беріледі. Әзірге зерттеу қорытындысы шықпағандықтан, ауылда карантин жарияланған жоқ. Тек халыққа ет пен сүт өнімдерін сыртқа шығаруға тыйым салынды. Бұған қоса ауылға кірген-шыққан көліктер дизинфекцияланып жатыр.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, сиырлар тап болған кесел шошқа мен ешкіге де жұғып жатыр.
Арайлым Еркебаева