Малдарына сырға тақпаған ауылдықтар шығынға отыруы мүмкін

3410

Үкімет фермерлер үшін ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру құралдарын ақылы етпек. 

Малдарына сырға тақпаған ауылдықтар шығынға отыруы мүмкін

Мемлекет топан суға қарық болып өлген төрт түлік малдың барлық иелеріне өтемақы төлеуге шешім қабылдады. Осы мақсатта Су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штабтың хаттамасымен, өлген ауыл шаруашылығы жануарларының құнын өтеу алгоритмі бекітілді.

Алайда мұнда бір "гәп" бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, мал өлекселерінің меншік иесін анықтау үшін әрбір жануардың бірдейлендіру нөмірі – құлағындағы сырға-биркасы, денесіндегі таңбасы және тағы басқасы "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорымен" салыстырылады. Мал сонда тіркелсе, өтемақы да төленеді.

Бұл ретте еліміздегі малдардың бәрінде бірдей идентификациялау құралдары жоқ. Сол үшін шенділер мал иелерін үнемі жазалайды.

Мысалы, тек ресми мәліметке жүгінсек, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 406-бабы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын уақытылы сәйкестендіру жүргізілмегені үшін 2023 жылы мал иелерінің үстінен 354 хаттама толтырылып, оларға жалпы сомасы 6 116 125 теңге айыппұл салыныпты. Хаттама толтырмай, парамен "жауырды жаба тоқи" салған оқиғалар қаншама?

Сондай-ақ жауапты лауазымды тұлғаларға жалпы сомасы 6 136 425 теңгеге 147 хаттама толтырылды.

Бұл жерде қасақана тіркеуден жасырып қалмаса, мал иелерінің кінәсі жоқ. Бұған жергілікті атқарушы биліктің мал сырғаларын уақытында сатып алмауы айыпты.

Өйткені биылғы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру (сәйкестендіру деп те айтылады) құралдарына мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру әкімдіктердің құзыретіне берілді.

2024 жылғы сәуір аяқталуға таяды. Алайда 3 сәуірдегі жағдай бойынша тек Жетісу облысы – 203 994, Ұлытау облысы – 79 253, Шымкент қаласы – 26 400, Алматы қаласы – 1050 дана ірі қара малға арналған сәйкестендіру құралдарына мемлекеттік сатып алу өткізіпті. Бүгінде оларды жеткізу жұмыстары жүргізілуде.

Қалған 15 облыс пен Астана қаласының жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік сатып алуды өткізбеген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, бұл өз кезегінде малдың уақытылы есепке қойылмауына әкеліп соқты.

Биыл еліміздің 11 облысын топан су басты, малдарға сәйкестендіру құралдарын уақытылы сатып алып тақпаған да дәл осы өңірлер екен. Салдарынан, қорасында мал ұстаған бұқара халық, алдындағы төрт түліктен нәпақасын айырып келген ауыл кәсіпкері өзіне тиесілі өтемақыдан жаппай қағылайын деп тұр.

Өңірлерде "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру бойынша іс-шараларды жүргізу" бюджеттік бағдарламасы аясында бөлінген қаржының толығымен игерілмеу қаупі туындаған.

Мал дәрігерлері бұл проблеманың елге төндірген тағы бір қаупін атады: өмірлік қажетті вакциналар тек тіркелген малға салынатыны мәлім. Әкімдіктердің сәйкестендіру құралдарын сатып алуды кешіктіруі салдарынан есепке алынбаған малдарға және олардың төлдеріне көктемгі ветеринариялық-профилактикалық шаралар жасалмауда. Салдарынан олар ауруға душар болып, қырылып жатады.

Қолданыстағы "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидалары" бойынша малдың төліне келесі жасқа жеткен күнінен бастап 14 жұмыс күнінен кешіктірілмей идентификация жүргізіледі:

• бұзау, қозы, лақ, боталар – туғаннан бастап 7 күн өткен соң;

• құлындар – 4 айлық жастан бастап;

• торайлар – үш айлық жасынан бастап.

"Алайда аспалы құлақ сырғаларының өңірлерге уақтылы жеткізілмеуі кесірінен ауыл шаруашылығы жануарлары дер кезінде есепке алынбайды, бірдейлендіру жұмыстары жүргізілмейді. Сырға тапшылығынан бірдейлендірілмеген малға жоспарланған ветеринариялық, профилактикалық іс-шаралар жүргізілмейді. Республика аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік қамтамасыз етілмейді. Бұл жануарлардың орнын ауыстыру, тасымалдау, сату, сою және басқасы кезінде ветеринариялық құжаттарды рәсімдеуге де кері әсерін тигізеді", – деп ескертті Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті.

Өкінішке қарай, шенеуніктердің бұл салғырттығы адам өліміне соқтырды. 2023 жылғы 24 қазанда Қарағанды облысының Абай ауданындағы Топар ауылында 8 айлық бұзаудан "Сібір жарасы" (күйдіргі) індеті тіркелді. Тексеріс барысында мал иесінің қорасында 4 бұзаудың 2-уіне сәйкестендіру жүргізілмегені әшкереленді. Салдарынан, бұл сиыр төлдеріне сібір жарасына қарсы жоспарлы вакцинация жұмыстары жүргізілмепті. Сырғаланбаған бұзаулар дәл сол індетке шалдығып, ары қарай оны иесіне жұқтырған. Соның кесірінен ол адам қайтыс болды.

Осылайша, "жануарларды бірдейлендірудің" уақытылы жүргізілмеуінің адам өліміне соқтырған оқиғасы тіркеліп отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекет тарапынан бөлінетін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге арналған аспалы құлақ сырғаларымен уақтылы қамтамасыз етпеу Қазақстанда жыл сайын қайталанатынына назар аудартты.

"Себебі, бұл процесс ұзақ мерзімге созылатын орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуға тәуелді. Рәсімнің өзі біраз уақыт алатыны аз болғандай, әкімдіктер де түрлі себеппен аспалы құлақ сырғаларын сатып алу рәсімдерін өткізуді созып жібереді. Бұған әлеуетті өнім жеткізушілер Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне шағымданып жатады. Олардың бірқатары осы үшін меморгандармен соттасуда. Мал жыл бойы төлдейді. Оның үстіне қолданыстағы сырғалар малдар қасынған, сүзіскен кезде түсіп қалады. Олардың бәрін ауыстыру керек", – деп проблемаларды атап көрсетті АШМ Ветеринариялық бақылау комитетінің мамандары.

Егер жауапты шенеуніктер өз міндеттерін лайықты орындамай, халықты шығынға отырғызса, тіпті өлтіріп жатса, онда жауапкершілігін қатайтып, жаппай жазалап, қатаң тәртіпке келтіру керек емес пе?

Бірақ депутаттар басқа жолды таңдады: олар мал сырғаларын ақылы етпек.

Бұл бастаманы Парламент депутаттары өздері бастамашылық жасаған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасына енгізді.

Депутаттардың жаңалығының мәнісі неде? Ауыл шаруашылығы сарапшыларының түсіндіруінше, қатардағы ауылдықтар үшін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге арналған аспалы құлақ сырғалары ары қарай да мемлекет тарапынан сатып алынып, таратыла беруге тиіс.

Ал ұйымдастырылған шаруашылықтар – шаруа қожалықтары, фермерлер, кооперативтер, ЖШС, басқалары мал сырғаларын немесе чиптерді өз қаржысына және өз бетінше сатып алуға міндеттеледі.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биылғы қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда малдың жартысындайы ұйымдастырылған шаруашылықтарда шоғырланған. Мәселен, ірі қара малдың 52%-ы, қойдың – 57,8%-ы, ешкінің – 36,8%-ы, жылқының – 60%-ы, шошқаның – 43,8%-ы – кәсіпкерлер меншігінде.

Билік осы арқылы ауыл кәсіпкері есебінен бюджет қаражатын үнемдеуге де ниетті.

АШМ хабарлауынша, заң жобасы арқылы ұйымдастырылған шаруашылықтарға – ШҚ, ФҚ, ЖШС және басқасына құлақ сырғалары, радиожиілік сырғалары немесе тері астындағы чиптерді өз қаражаты есебінен сатып алып, қолындағы ауыл шаруашылығы жануарларын жылдамырақ сәйкестендіруге құқық беріледі.

"Бұл оларға сәйкестендіруді және ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды уақтылы жүргізуге мүмкіндік береді. "Республикалық эпизоотияға қарсы отряд" РММ мәліметінше, соңғы 4 жылда аспалы құлақ сырғаларын сатып алуға 3 миллиард 661,2 миллион теңге шығындалған. Бұдан бөлек, соңғы 4 жылда осы аспалы құлақ сырғаларын өңірлерге тасымалдау шығыны – 19 миллион 381 мың теңгені құрады. Сәйкестендіру-бірдейлендіру құралдарын ұйымдастырылған шаруашылықтар өз қаражатына сатып алған жағдайда мемлекеттік бюджеттің 178 млн 733 мың теңге қаржысы үнемделеді", – деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Ведомство депутаттар арқылы ілгерілетіп жатқан бұл ақылы тетігі енгізілсе, онда елдегі төрт түлік малды уақытылы идентификациялау көрсеткіші 2024 жылы – 80%, 2025 жылы – 90%, 2026 жылы – 100%-ға жетеді деп сендіріп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу